– Александр Владимир, ойыннан қандай әсер алдыңыз?
– 0:2 есебінен кейін енді Еуропа лигасының топтық кезеңінен үміттену қиын. Жауапты матчты өз алаңымызда өткізсек те, екі доп айырмашылығын қайтару өте ауыр болмақ. Біз бүгін жаман ойнаған жоқпыз. Бірақ алаң иелері бізді қателесуге мәжбүрледі.
– БАТЭ-нің екі емес, бес гол жіберіп қою қаупі болды ғой...
– Келісемін. Алайда біздің де гол соғатын мүмкіндіктеріміз көп болды. Біз де қауіпті шабуылдар ұйымдастыра алдық.
– Екінші гол соғылар сәтте «Астананың» бір ойыншысы орнынан тұра алмай, алаңда жатты. Бірақ сіздің шәкірттеріңіз допты алаңның сыртына теуіп жіберудің орнына ойынды жалғастыра берді. Қалай ойлайсыз, сол үшін жазаларыңызды тартқан жоқсыздар ма?
– Бәлкім, солай да шығар. Алайда, алаңда төреші бар ғой. Ойынды тоқтатуға да, жалғастыруға да белгі беретін сол. Ысқырмаған екен, демек солай дұрыс деп ойлаған шығар. Дегенмен, келісемін, допты алаңнан шығарып жібере салу қажет еді.
– Жалпы, «Астананың» сапында қай ойыншы ұнады? Енді жауапты кездесуде кімнен қауіптенесіз?
– Қауіп «Астананың» әрбір ойыншысынан келуі мүмкін. «Астана» – қорғанысы мен шабуылы бір-біріне жарасқан, жарқын ойынымен ерекшеленетін команда екен. Арасынан біреуін таңдау қиын.
– Бірінші таймның ортасында алаңнан кеткен Александр Глебтің жарақаты қаншалықты ауыр?
– Меніңше, ойынның тағдырын шешкен осы сәт болған секілді. Глеб – біздің көшбасшымыз, бүкіл ойынымызды үйлестіретін де сол. Оған қарсы «Астана» ойыншысы өте дөрекі ойнады. Неліктен төрешінің үнсіз қалғанын түсіне алар емеспін. Ол жерде ескерту қағазын беруге де болар еді. Ал жарақат өте ауыр секілді. Жауапты матчқа қатыса ала ма, жоқ па, оны Борисовке барғанда көрерміз.
– Енді Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығу мүмкіндіктеріңіз қалай?
– Әлбетте, «Астананың» мүмкіндігі өте жоғары. Дегенмен, біз өз алаңымызда ойнаймыз. Жанкүйерлеріміздің қолдауының арқасында екі гол айырмашылығын қайтарамыз деп ойлаймын. Біздің үмітіміз әлі сөнген жоқ.
– Егер Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыға алмай қалсаңыздар, Беларусь үшін бұл қаншалықты трагедия болмақ?
– Үлкен трагедия. Топтық кезеңге қалайда шығуымыз керек. Әзірге кесіп-пішіп ештеңе айтпай-ақ қояйықшы. Алда әлі жауапты ойын бар ғой.
– БАТЭ үшінші ойын қатарынан қазақстандық команданың қақпасына гол соға алмай жатыр. Бұл не қырсықтық?
– Қырсықтық емес шығар. Қарағандының «Шахтері» де кезінде мықты болған. Ол текетіресті қазір еске алғым да келмейді. Бүгін «Астана» қақпасына гол соғатын мүмкіндіктеріміз болды. Бірақ, өзіміз қателіктерге бой алдырып жаттық.