Вернуться к списку статей

БАТЭ бас бапкері Александр Ермакович – "Астана" сапында ТОП жұлдыздар жоқ

Футбол
1K
БАТЭ ФК бас бапкері Александр Ермакович
«Астана» – БАТЭ кездесуінің қарсаңында борисовтіктердің бас бапкері Александр Ермакович қазақ журналистеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді.

– Александр Владимирович, командаңыз өт жас. Ертеңгі ойыннан не күтесіз?

– Мен біздің команданы жас деп айтпас едім. Бізде де тәжірибелі ойыншылар бар. Бірақ «Астананы» да мықты деп айтар едім. Әсіресе, былтырғы еуро маусымды тамаша өткізген. Біз сіздердің былтырғы ойындарыңызды үнемі қарап жүрдік.

– Негізі «Астана» да, БАТЭ де қазір Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде ойнауы тиіс еді. «Астананың» жағдайы түсінікті, «Селтиктен» жеңілді. Ал БАТЭ-ге не көрінді. Ирландияның «Дандолк» командасына қарағанда сіздер мықтырақ сияқты едіңіздер ғой...

– Себептер көп. Бірінші кездесуде өз алаңымызда 1:0 есебімен жеңіске жеткеннен кейін өзімізге тым сенімді болып кеткен секілдіміз. Құдды бір, Чемпиондар лигасының плей-офф сатысына шығып қойғандай, аспанда қалықтап жүрдік. Ирландиядағы матчта «Дандолк» үзіліске дейін бір гол соғып алды да, екінші таймда қарқындарын күшейтіп, қақпамызға тағы екі доп соқты. Ал біздің ойынымыз жүрмей, жиі қателесе бердік.

– Күтпеген жерден «Дандолктан» ауыр соққы алғаннан кейін сіздің футболшыларыңызға ертеңгі матч психологиялық тұрғыда қиын болады деп ойламайсыз ба?

– Одан бері біраз уақыт өтті ғой. Беларусь чемпионатында да одан кейін екі матч өткізіп, екеуінде де жеңіске жеткенбіз. Сондықтан, ирландиялықтардан жеңілгеніміз ертеңгі кездесуге кесірін тигізбеуі тиіс.

– Сіздіңше «Астана» – БАТЭ текетіресінде кім фаворит?

– Біз де, сіздер де еурокубокта бірінші жыл ойнап жатқан жоқпыз. Екі команда да тәжірибелі. Нақты фаворит жоқ. Бәрі ұсақ-түйекке байланысты болмақ. Футболшылардың көңіл-күйі, психологиялық жағдайы, тағы басқа да факторлар қайсымыздың келесі кезеңге шығатынымызды анықтап береді. Көп жағдайда ертеңгі ойын шешуші болмақ.

– «Астананың» ойындарын толық зерттеп үлгерген шығарсыз. Кімдерді атап өтер едіңіз?

– Ешкімді бөле-жарудың қажеті жоқ-ау. «Астана» да біз секілді, ТОП жұлдызы жоқ, бірақ ұжым ретінде мықты команда. Әлсіз тұсын байқамадым. Ешбір ойыншысына қарсы жеке қорғаушы қоймаймыз.

– «Астананың» екі қорғаушысы дисквалификацияларына байланысты ертеңгі матчқа қатыса алмайды. Бұл сіздерге қаншалықты көмек?

– Үлкен көмек. Мәселен, оң қапталдағы қорғаушы Игорь Шитов бұрын біздің командада ойнаған. Оны жанкүйерлер тек жақсы жағынан ғана есіне алады. Әккі ойыншылардың бірі. Соңғы кездері үнемі «Астананың» негізгі құрамынан орын алып жүр. Ал Дмитрий Шомко сол қапталда өте қауіпті. Қазақстан ұлттық құрамасында ойнайды. Меніңше, Шитовтың орнын басатын ойыншы табылар. Дегенмен, Шомко секілдіні «Астана» таба алмас. Қазақстандық команда үшін Шомконың рөлі орасан.

– БАТЭ-нің ең қымбат ойыншысы, Сербия ұлттық құрамасының қорғаушысы Неманья Милунович те жарақатына байланысты ертеңгі кездесуге қатыса алмайды. Оның орнын басатын ойыншы бар ма сіздерде?

– Милунович – біздің қорғанысымыздың негізгі тірегі еді. Оған артылған жүк өте ауыр болатын. Қазір кіммен алмастыратынымды ойлап, басым қатып жүр. Шамасы, ол осы маусымның соңына дейін алаңға шыға алмайтын сияқты.

– Негізгі қақпашыларыңыз Сергей Черник жақында Францияның «Нанси» командасына ауысып кетті. Содан бері алты ойында үш қақпашыны тексеріп көрдіңіздер. Ертең кімге сенім артасыздар?

– Бізде қазір негізгі қақпашы – Сергей Веремко. Соңғы ойындарда қақпамызды қорғаған сол. Ертең де негізгі құрамнан орын алатын болады.

– «Астана-Аренаның» жасанды алаңы жайлы не айтасыз?

– Шынымды айтсам, әлі көрген жоқпын. Бірақ, біз үшін аса проблема болмауы тиіс. Өйткені, Беларусьте де жасанды алаңдар өте көп. Еурокубоктарда да жасанды алаңдарда ойнап жүрдік. Сондықтан, бізді мұндай стадионмен таңғалдыра алмайсыздар.

– Үш жыл бұрын БАТЭ Қазақстанның екінші командасы «Шахтермен» ойнаған. Қалай ойлайсыз, ертеңгі кездесудің сол матчтан қаншалықты айырмашылығы болады?

– Одан бері талай уақыт өтті ғой. Үш жылда футболшылар да ауысты, бапкерлер де өзгерді. Әлбетте, ол кезде сәттілік қарағандылықтар жағында болды. Бірақ, қазір БАТЭ – «Шахтер» текетіресі жай ғана тарих болып қалды. Ертеңгі ойын мүлдем басқаша болады.

– Алайда, сол кездесуге қатысқан тоғыз ойыншы әлі де БАТЭ сапында ойнап жүр. Қарағандылықтармен болған 2013 жылғы текетіресті еске алып тұрасыздар ма?

– Ол текетірес біз үшін катастрофа болған. Футболшылар әлі де еске алып тұрады. Сол кезде «Шахтерден» ұтыламыз деген ой үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеген. Әлі де ұмытқан жоқпыз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика