Вернуться к списку статей

Орталық қорғаушыларынан айырылған “Оқжетпес” “Қайратқа” төтеп бере алмады

Футбол
1K
Бүгін Қазақстан премьер-лигасында ХХІІІ турдың екі ойыны өтеді. Соның бірінде «Қайрат» «Оқжетпесті» түзде тізе бүктірді.

Бұл ойынға алаң иелері, яғни Көкшетау командасы бірнеше ойыншысын алаңға шығара алмады. Әлібек Бөлешев, Жасұлан Молдақараев және Антон Чичулин үшеуі бұған дейінгі ескертулеріне байланысты бұл ойында алаңға шығу құқығынана айырылған болатын.

Олександр Чижов пен Александр Кислицын жарақаттанып қалып, қатардан шығып қалған. Мұның бәрі аздай, матч алдындағы бой қыздыру жаттығуы кезінде Даниил Чертов аяқасты жарақат алып қалып, ресейлік қорғаушының орнына шұғыл түрде Мирас Төлеев шықты.

Осылай, «Оқжетпес» негізгі құрамдағы жеті ойыншысынан, әсіресе орталық қорғаушыларынан айырылып, құрамы селдіреп қалды. Мысалы, қосалқы құрам орындығында екі қақпашы мен үш ойыншы ғана отырды. Бірақ ойнау керек. Мұндай жағдайда ойын кейінге шегерілмейді.

Әйтсе де, «Оқжетпес» бұл кездесуді аса жоғары қарқында бастады. Жылдамдықтары да жоғары болды. Бірақ «Қайрат» алаң иелерінің бастапқы қарқындарына төтеп беріп, бірте-бірте ойын тізгінін өз қолдарына алды. Көп ұзамай есеп ашып, алға шықты. «Оқжетпес» қорғаушылары Бауыржан Исламханды шалып жығып, “зәбір” шеккен «Қайраттың» капитаны пенальтидіден мүлт кеткен жоқ.

Алайда бірінші таймның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттарда Каналаес Калас асқан шеберлікпен басымен допты қонақтардың қақпасына дәл түсіріп, Плотнтиковті сан соқтырып кетті. «Оқжетпес» осылай, үзіліске көтеріңкі көңіл-күймен кетті.

Екінші таймның басында да алаң иелері белсенділік танытты. Бірақ «Қайрат» тағы да оларды өз қақпаларына қарай тықсыра бастады. Рас, алаң иелері де қарсы шабуылдар ұйымдастырып отырды. Әйтсе де, «Қайрат» басымдық танытты.

Әуелі Исаэль айып алаңының сыртынан теуіп, теңбіл допты «Оқжетпестің» қақпасына дөп түсірді. Стаменкович серпіле секірсе де, допқа жете алмай, бармағын тістеді.

Ал ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттарда «Оқжетпестің» қорғаушылары жайбасарлық танытып, Тавамба мен Асеведодан көз жазып қалды. Біріншісі көлбеулете пас беріп, екіншісі тағы да қақпашының оң жақ бұрышын дөп көздеді. Саша Стаменкович тағы да қапы қалды. Есеп – 1:3.

«Оқжетпес» – «Қайрат» – 1:3

Голдар: Исламхан, 17-пенальтиден (0:1). Каналес, 45+1 (1:1). Исаэль, 55 (1:2). Асеведо, 90+4 (1:3). 

«Оқжетпес»: Стаменкович, Төлеев, Еоне, Волков, Мангуткин, Куксин, Ристович (Нганбе, 74), Юрин, Хайруллин, Жұмаханов (Қожамберді, 74), Каналес.

«Қайрат»: Плотников, Лунин, Ампоста, Маркович, Сүйімбаев, Тимощук (Бакаев, 68), Қуат, Исламхан (Асеведо, 83), Аршавин, Исаэль, Гоу (Тавамба, 86).

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика