Вернуться к списку статей

“Астана” кезегі үшке дейін... “Ертісті” бүгін есеңгіретті

Футбол
2K
Бүгін Қазақстан премьер-лигасында екінші кезеңнің бірінші айналымы басталып, «Астана» «Ертісті» 3:0 есебімен ойсырата жеңді.

ХХІІІ турдың бір ойыны бүгін өтіп, елорда төрінде «Астана» мен «Ертіс» кездесті. Біреуі ел чемпионы болудан, екіншісі жүлдеден үмітті – командалар. Екеуі бірінші кезеңде екі рет кездесіп, бірін-бірі жеңе алмаған. Екі матч та тең аяқталған – 2:2 және 1:1.

«Ер кезегігі үшке дейін» дегендей, үшінші матчта «Астана» аянған жоқ. Себебі, бұл – еліміздің ең үздік алты командасы арасындағы дода. Босаңсуға болмайды. Алғашқы алтылықтағы әрбір ойын – маңызды, әрбір ұпайдың бағасы – қымбат.

Әрі «Астананың» бас бапкері Станимир Стойлов та үздік ойыншыларының бәрін де алаңға шығарды. Қайсыбірін тынықтырап алуды ойлаған жоқ. «Ертіс» те кіл үздіктеріне сенім артты деуге болады. Бірақ жарақаттарынан толық айығып кетпеген Елдос Ахметов пен Дамир Даутов қосалқы құрам орындығында отырды.

«Астана» көсіле шауып, шабуылды үдетіп, «Ертістің» есін жиғызбады. Гол соғатын бірнеше мүмкіндіктері болды. Соның үшеуінде Лория қорғаған қақпа торын тулатты-да.

Біріншісін баспен гол соғудың қас шебері Юрий Логвиненко енгізді. Бұрыштама соққысын орындағын Серікжан Мұжықовтың да допты “керекті” нүктеге әуелетіп асырып бергенін де айтуымыз керек.

Екінші голды Кабананга соқты. Алаң жиегінен Шомко лақтырған допты аяғымен “іліп” алып, ізіне түскен қорғаушыдан бір қимылымен-ақ сытылып кетіп, Лорияның екі аяғының ортасынан зып еткізді...

Үшінші голды негізгі құрамдағы орнынан айырылып қалған Деспотович енгізді. Теңбіл допты алаңның орта тұсында ырқына көндіріп алып, жол-жөнекей екі қорғаушыны алдап өтіп, бірер толғап, алыс бұрышты дәл көздеді. Лория қанша созылса да, қиғаш ұшқан допқа жете алмады.

Ал «Ертіс» тізе қоса отырып, өрнекті ойын үлгісін де көрсете алмады, табан тіресе додаға түсіп, жанкештілік те таныта алмады. Қарсы шабуылдары да пәрменсіз болды. Қарқындары да аса жоғары болмады.

ХХІІІ турдың қалған ойындары ертең және жексенбі күні өтеді. Әзірше «Астана» екінші орындағы «Қайраттан» 10 ұпай озып кетті. Ертең алматылықтар қайтадан үш ұпайға қысқарта ала ма, жоқ па, көреміз.

«Астана» – «Ертіс» – 3:0

Голдар: Логвиненко, 11. Кабананга, 32. Деспотович, 90.

«Астана»: Эрич, Шомко, Аничич, Логвиненко, Шитов, Каньяс, Максимович, Ибраими (Твумаси, 68), Мұжықов, Нұрғалиев (Тағыберген, 75), Кабананга (Деспотович, 82).

«Ертіс»: Лория, Есімов, Фрейдгеймас, Кепла, Сартаков, Гетериев, Йирсак, Фонсека, Григалашвили, Фаль (Ли, 46), Мұртазаев (Фернандес, 71).

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика