Вернуться к списку статей

Жалған жарнама жарға жығады

Футбол
2K
Жалған жарнама жарға жығады
Шымкентте өтіп жатқан Президент кубогында Қазақстан футбол федерациясының «қылмыстары» әшкере бола бастады. Ресей-2 деген атпен турнирге қатысып жатқан футболшылар Ресей жасөспірімдер құрамасының емес, жай ғана бір аймақтың командасы екен.

Кіріспемді әріптес ағамыз айтып берген мына әңгімеден бастағым келіп тұр.

«2000 жылдардың басы болатын. Олимпиадалық емес спорт түрлерінің бірінен халықаралық турнир өтетін болып, оған 25 ел қатысады деп жарияланды. Қалам мен қойын дәптерімізді көтеріп біз де бардық. Әр елдің туларын іліп тастаған. Спортшылардың барлығы сақадай-сай. Алғашқы жекпе-жекке анонсер ортаға Қазақстан мен Тәжікстан жігіттерін шақырды. Кенет, тәжіктердің атынан өзіміздің қазақ жігіті шығып келе жатыр. Кәдімгі жаттығулардан күнде көріп жүрген Қанат. Қапелімде не дерімді білмей, тілім байланып, «әәә, анау қазақ қой, не істеп жүр?» дей беріппін. Сол арада Федерация басшыларының бірі «тссс» деп жетіп келді. Сөйтсем, басқа елдердің қызығушылығы аса болмағандықтан турнирге қатысушы мемлекеттердің санын көбейту үшін өзіміздің спортшыларды Моңғолия, Ресей, Түркия, Украина... деп шығара береді екен. Бұл да сол сияқты болып тұр ғой».

Иә, расымен де соған ұқсас жағдай. Бірақ ол олимпиадалық емес спорт түрі болатын. Оның үстіне, 2000 жылдардың басы. «Ұрлықтың» әшкере бола бермейтін кезі. Ал ақпарат пен техниканың дамыған заманында Қазақстан футбол федерациясының бұл әрекеті еш қисынға келмейді ғой.

Тырнақшаның ішіндегі Ресей жасөспірімдер құрамасын Қазақстанға Давид Хмелидзе бастап келіпті. Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтына сұхбат берген ол ұйымдастырушылар тарапына алғысын да жаудырған. ҚФФ сайты да оны Ресей жасөспірімдер құрамасының аға бапкері деп көрсеткен. Тәжікстаннан 0:6 есебімен ойсырай ұтылғанда жай ғана сәйкестік шығар деп ойлағанбыз. Екінші кездесуінде Иран құрамасынан 0:10 есебімен оңбай жеңілгенде солтүстік көршілеріміз Шымкентте қандай шәкірттерін жіберген деп таңдай қақтық. Әзірбайжаннан 1:12 нәтижесімен масқара болып ұтылғанда «Спорт Экспресс» газеті шыдай алмапты. Ресей футбол одағының спорт директоры Николай Писаревке хабарласыпты.

– Біз бұл турнирге ешкімді жіберген жоқпыз. Тіпті, Ресейдің атынан кімдердің кеткенінен де хабарсызбыз. Қазақстан футбол федерациясымен байланысқа шығып, мән-жайды анықтаймыз, - деп таңғала жауап берген Писаревтің өзі.

Бейресми ақпарат көздеріне сенсек, Шымкентке Ресей жасөспірімдер құрамасының атынан Сочи қаласының командаларының бірі немесе Краснодар аймағының құрамасы келген болуы мүмкін. Ал, әйтпесе...

Сонда дейміз-ау, солтүстік көршілеріміздің командасын Ресей жасөспірімдер құрамасы немесе Ресей-2 демей-ақ, Краснодар аймағының командасы деп көрсетсе, ұйымдастырушылардың бір жері қисайып қала ма?! Әлде жалған абырой ма? Осыдан кейін Қазақстан футбол федерациясына қалай сенесің? Бәлкім, дәл осы уақытта қазақстандық футболшылар Албания жасөспірімдер құрамасымен емес, Шкодер шаһарының шәкірттерімен ойнап жатқан шығар?... Шымкентке Иран жасөспірімдер құрамасы емес, Тегеран аула командасы келген болар. Бұдан кейін Әзірбайжан футбол федерациясы да «біздің атымыздан кімдердің кеткенін білмейміз. Бакудегі футбол үйірмелерінің бірі болар» деп отырса таңғалмаймыз.

Иә, «өтіріктің арты бір-ақ тұтам». Өкініштісі, Президент кубогы деген дардай атаққа нұқсан келді. Қазақстан футбол федерациясы президентінің кубогы болса бір сәрі, Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы ғой.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика