Вернуться к списку статей

Премьер-лиганың екінші кезеңінде қызық қалды ма?

Футбол
1K
Екінші кезеңнен не күтеміз?
Дегенмен, басқа командалардың екінші кезеңдегі рөлі қандай? Үздік алтылықтан орын алғанда алдарына нендей мақсат қойды екен? Алтылыққа шыға тұра, алтыннан дәмесі болмаса, арманы не?

Бірі Мәскеуді жағалап, екіншілері Алматыны паналап, үшіншілері өз жерінде жаттығу жасап, әйтеуір командалар демалып болды. Енді екі күннен кейін Премьер-лиганың екінші кезеңіне кіріседі. Бірақ, екінші жартысында чемпионаттың тартысы, мәні мен сәні де болмайтын сияқты. Тарқатып айтар болсақ...

«Астананың» соңғы турда «Шахтерден» ұтылып қалғаны чемпионаттың шиеленістігі тұрғысынан алғанда дұрыс та болған шығар. Әйтпесе, екінші кезеңнің алдында елордалықтар мен «Қайраттың» арасындағы ұпай айырмашылығы 10 ұпайды құрайтын еді. Ал қазір жеті ұпай. Аса көп те емес. Егер алматылықтар «Астананы» өз алаңында бір, сыртта бір жеңетін болса, жетіп те қалады. Сондықтан, чемпиондыққа тартыс осы екі команданың арасында өрбитін шығар.

– Әлбетте, 10 ұпай алшақтыққа қарағанда жеті ұпай алшақтық жақсырақ. Оның алтауын «Астана» мен «Қайраттың» өзара кездесулерінде қайтаруға болады. Міне, чемпионаттағы шешуші матчтар осы екеуі болуы тиіс, - дейді бұл жайлы «Қайраттың» шабуылшысы Леандре Тавамба.

Дегенмен, басқа командалардың екінші кезеңдегі рөлі қандай? Үздік алтылықтан орын алғанда алдарына нендей мақсат қойды екен? Рас, «Ертіс» те, «Оқжетпес» пен «Ордабасы» да, «Ақтөбеде» қола жүлдені көздейтіні жасырын емес. Алайда, алтылыққа шыға тұра, алтыннан дәмесі болмаса, арманы не?

Дәл қазір көш басындағы «Астананың» еншісінде 53 ұпай, ал алтылықты қорытындылап тұрған «Ақтөбенің» қоржынында небәрі 28. Арасын 25 ұпай бөліп тұр. Екінші орындағы «Қайрат» пен «Ақтөбенің» арасы 18 ұпай. Екінші кезеңде командалар он ұпай өткізеді десек, Уткульбаев шәкірттеріне былтырғы көрсеткішке қол жеткізу үшін соның жетеуінде жеңіске жетіп, алматылықтар мен басқа бәсекелестерінің ұтылғанын тілеу қажет. «Ордабасыға» да күміспен күптелуге мүмкіндік аз. Ал үшінші орындағы «Ертіс» пен шымкенттіктердің арасын 8 ұпай бөліп тұр. Бірақ, «Ордабасының» бас бапкері Бақтияр Байсейітов биыл қалайда қолаға қол жеткіземіз деп отыр.

Осындайда былтырғы чемпионатты сағына еске алады екенсің. Екінші кезеңге «Қайрат» та, «Ақтөбе» мен «Астана» да іркес-тіркес жеткен еді. Алғашқы екеуі 44 ұпайдан жинаса, елордалықтар қоржынына 43 ұпай салған болатын. Бірінші орын мен алтыншы орын алған команданың арасындағы ұпай айырмашылығы да қазіргідей соншалықты алшақ болмайтын. Атап айтсақ, алтыншы орындағы «Ертіс» көшбасшыдан 14 ұпайға артта келе жатқан-ды.

2014 жылғы ел чемпионаты да биылғыға қарағанда тартыстырақ өткен секілді. Ол кезде де бірінші орын мен алтыншы орын арасындағы командаларды 10 ұпай бөліп тұрған болса, ал ұпайлары екіге бөлінгеннен кейін алшақтық алты ұпайға дейін қысқарды.

Биыл ше? Бір клубты мұрыннан сүйреп, құлақтан тартып, әйтеуір алтылыққа шығарса, екінші команданы төбеден төпелеп, жүлдеден қағу үшін бар айланы жасауда.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика