Вернуться к списку статей

Азия үздігі Өзбекстан құрамасын бұйым құрлы көрмедік

Футбол
1K
Қазақстан - Өзбекстан 6:1
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы кеше Алматының «Зенит» спорт кешенінде Өзбекстанмен жолдастық кездесу өткізіп, 6:1 есебімен ойсырата жеңді. Бүгін екі құрама дәл осы алаңда қайта кездеседі.

Қыркүйек айының 10-ы мен 2 қазан аралығында өтетін Колумбиядағы әлем чемпионатына дайындалып жатқан Қазақстан ұлттық құрамасы дайындықтарын жан-жақты пысықтауда. Алғашқы спарринг-серіктес ретінде Өзбекстан құрамасын таңдапты. Әлемдегі мықты құрамалардың бірі. ФИФА рейтингінде 22-орын. Соңғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Сол додада финалға дейін жетіп, тек Иран футзалшыларынан ғана 1:2 есебімен жеңілген. Қазір олар да Колумбиядағы дүниежүзілік доп додасына дайындалуда. Олар «А» тобында Португалия, Панама және дода қожайындары Колумбияға қарсы өнер көрсетсе, біз «Е» тобында Аргентина, Соломон аралдары және Коста-Рика құрамаларына қарсы шығамыз.

Қазақстан – Өзбекстан 6:1 (2:1)

Голдар: Рахматов 3 (0:1), Першин 9 (1:1), Дуглас 20 (2:1), Дуглас 24 (3:1), Пенгрин 29 (4:1), Кнауб 30 (5:1), Таку 40 (4:1).

Қазақстан: Шамро, Игита, Гуров — Кнауб, Гребонос, Жаманқұлов, Лео, Пенгрин, Сүлейменов (к), Довгань, Першин, Мун, Таку, Рындин, Нұрғожин, Дуглас, Эвертон

Өзбекстан: Умаров, Хазратқулов — Аноров, Абдумавлянов, Юнусов (к), Чориев, Свиридов, Рахматов, Шлёма, Фахриддинов, Шәрипов, Ирсалиев, Адилов, Элибоев, Абдуззанов

Төрешілер: Валяев, Бурмистров (екеуі де – Алматы)

9 тамыз. Алматы. «Зенит» СК. 

Сонымен, бұл Қазақстан мен Өзбекстан футзалшыларының биылдыққа үшінші кездесуі болды. Екі ойын қаңтар айында Еуропа чемпионатының қарсаңында өтіп, екеуінде де жерлестеріміз 3:1 есебімен басым түскен. Яғни, екі матчтың қорытындысы бойынша таблода 6:1 нәтижесі тіркелген еді. Ал кеше бір ойында-ақ Какау шәкірттері өзбектер қақпасына алты гол соғып, өздеріне бір доп жіберіп алды.

Есепті алдымен өзбектер ашқан. Үшінші минутта қақпашымыз Игитаның қателігін пайдаланған Дильшод Рахматов қонақтарды алға шығарды. Алайда, араға алты минут салып, алаң иелері таразы басын теңестірген. Голдың авторы Михаил Першин. Келесі голды жерлестеріміз бразилиялық легионер Дугластың арқасында бірінші таймның соңында соқты. Үзілістен кейін Дуглас тағы бір доп соғып, таблодағы көрсеткішті 3:1-ге жеткізді. Ал ойын соңына дейін Николай Пенгрин, Арнольд Кнауб және Павел Таку бір-бір голдан соғып, Өзбекстан қақпасының түгін қоймады.

Жалпы, кешегі ойында Қазақстан құрамасының сапында дәл қазіргі таңдағы мықты ойыншылардың барлығы ойнады. Тіпті, «жаңа қазақ» Эвертон да алаңға шықты. Тек Шыңғыс Есенаманов Еуропа чемпионатында алған жарақатынан әлі жазылмапты. Ұлттық құрамамыздың бас бапкері Какаудың айтуынша, оның әлем чемпионатына дейін жазыла қоюы екіталай. Дегенмен, Колумбияда топтық кезеңнен өтер болсақ, Шыңғыстың көмегіне жүгініп қалуымыз мүмкін.

Бүгін екі құрама дәл осы алаңда қайта кездеседі. Өзбекстаннан кейін жерлестеріміз Тайландта халықаралық турнирге қатысып, Иран, Жапония және Таиланд құрамаларымен кездеседі. Ал одан кейін дайындығымызды Аустралиямен пысықтап, әлем чемпионатына кірісеміз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика