Вернуться к списку статей

Қазақстан U-16 құрамасы “Крузейродағы” таланттарымызды тас-талқан қылды

Футбол
1K
Қазақстан –
Шымкентте өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы «Қазақстан Президенті кубогы» халықаралық турнирінің екінші турындағы төрт ойында 19 гол соғылды.

Түске дейін екі ойын өтіп, «А» тобында Албания бозбалалары Қырғызстан қырандарын бір доп айырмасымен ұтты. Айыр қалпақты көршілеріміздің футболшылары осымен екінші рет ұтылса, еуропалықтар Шымкент көгалында алғашқы жеңістеріне қол жеткізді.

Ал «В» тобындағы Тәжікстан және Әзірбайжан жеткіншектері арасындағы матч тең аяқталды. Екі команда да бір голдарын пенальтиден соқты. Негізі, төреші үш пенальти берген. Бірақ тәжік таланттары өздеріне берілген екі мүмкіндіктің, яғни 11-метрлік айып соққысының алғашқысында мүлт кетті.

Кешке қарай тағы екі ойын өтті. Оның бірінде Иранның аяқдоп өнеріне икемді жеткіншектері Ресей өрендерін 10:0 есебімен жүндей түтті. Сөйтіп «В» тобында көш бастады. Ал ресейліктер екінші рет оңбай ұтылды. Әрі әлі гол соға алар емес.

Отандық жанкүйерлер асыға күткен Қазақстан U-16 құрамасы мен «Крузейро-Қазақстан» командасы арасындағы матч соншалықты тартысты болды деп айта алмаймыз. Бразилиядағы «Крузейро» футбол мектебінен дәріс алып жүрген, кезінде еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелініп алынған талантты жеткіншектеріміз ойсырай ұтылды.

«Крузейро-Қазақстан» командасының ойыншылары ұжымдық ойын үлгісін көрсете алмады. Негізінен Қазақстан U-16 құрамасының қорғанысын жеке-дара бұзып өтуге тырысып бақты. Алғы шептегі ойыншылары бірнеше футболшыны алдап өтуге талпынумен болды.

Баз-базында Равиль Ибрагимов секілді жас футболшылары бірнеше қорғаушыны алдап өтті де. Бірақ бәрібір гол соға алмай, пұшайман болды. Дмитрий Бачек та, Абзал Оразбаев та теңбіл допты қақпаға енгізе алмады...

Қазақстан U-16 құрамасы төрт гол соғып, басым түсті. Бразилияда дәріс алып жүрген түлектерімізге қарағанда допты бір-біріне қақпақылдап, ұжымдық ойын үлгісінің нышанын таныта білді.         

«В» тобы:

Тәжікстан – Әзірбайжан – 2:2 

Иран– Ресей-Краснодар – 10:0

«А» тобы:

Албания – Қырғызстан – 1:0

Қазақстан – Крузейро-Қазақстан – 4:0

Голдар: Красноперов 6, Сейдахмет 14, Махан 28, Красноперов 45.

Қазақстан : Устименко, Қашкен, Әйтім, Ілиясов, Совет, Сағынаев, Ульшин, Сейдахмет, Махан, Жақыпбаев, Красноперов,

«Крузейро» (Қазақстан): Сайлауов, Эмиров, Руссков, Бектай, Жұпқазиев, Нұрбол, Жанбаев, Қараман, Ибрагимов, Оразбаев, Бачек.

Екі турдан кейінгі турнир кестесі:

 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика