Вернуться к списку статей

"Селтик" қақпашысы Крейг Гордон – "Астананың" шабуылшыларынан сақ болу керек

Футбол
1K
Селтик ФК қақпашысы - Крейг Гордон
«Астана» – «Селтик» кездесуінің қарсаңында журналистерге арнап, баспасөз мәслихатын өткізген шотландиялық клубтың қақпашысы Крейг Гордон алдағы ойынның өте қиын болатынын болжады.

– Крейг, алдағы ойыннан не күтесіз?

– Біз «Астананың» көптеген ойындарын қарадық. Өз алаңында олар өте сауатты ойнайды және жанкешті. Соңына дейін айқасуды үйренген. Өткен жылы осы алаңда Чемпиондар лигасының финалисі «Атлетикомен» тең түскен. Сондықтан, ойын оңай болмайды. «Астана» мұның алдында Литва чемпионы «Жальгиристі» жеңген мықты команда. Десек те, бізде жеңіске жету үшін барлық ресурстар бар.

– Бірнеше қорғаушысы жарақат алып қалып, артқы шебі селдіреп қалған «Селтиктің» жағдайы аса мәз емес секілді. Матч кезінде сізге қиындау болатын сияқты...

– Иә, біраз қорғаушымыз алдағы кездесуге қатыса алмайды. Бірақ Қазақстанға келген басқа да мықты ойыншыларымыз бар. Мәселен, жас та болса Оуэн О’Коннеллдің шеберлігі өсіп, тәжірибесі толысқан. Өткен «Лестермен» болған ойында қорғанысты тамаша жұмыстар атқарып, шабуылда әдемі гол соқты. Яғни, бізде қорғаушылар мәселесі аса үлкен проблема емес.

– Клуб жақында әйгілі қорғаушы Коло Туремен келісімшартқа отырды. Ол командаға қаншалықты пайдалы?

– «Ливерпуль», «Арсенал», «Манчестер Сити» сынды алпауыт клубтарда негізгі рөлді ойнаған қорғаушы біздің командамызға да зор пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Өкінішке қарай, осы ойынға қатыса алмайды. Дегенмен, келесі матчта алаңға шығуы мүмкін. Өз басым, Коло сияқты қорғаушымен бір командада ойнағаныма қуаныштымын.

– «Астана» футбол клубы осыған дейінгі «Линкольнмен» салыстыруға келе ме?

– Жоқ, «Астана» мүлдем басқа деңгейдегі команда. Мұнда өте мықты ойыншылар жиналған. Көпшілігі өз елдерінің құрамаларында ойнайды. Шабуылшылары мықты. Маған олардың соққыларын өте сақ болу керек. Ал гибралтарлықтарды біз бірінші ойында-ақ ұтуымыз керек еді. Соққыларымыз қақпаға дарымай қойды. Өзміз де тым еркінсіп кеттік.

– Егер «Астанадан» жеңіліп қалсаңыздар, бұл сіздер үшін трагедия бола ма?

– Жеңіліс туралы мүлдем ойламаймыз. Адам нені қаласа, ниетіне қарай соны алады ғой. Бізге керегі тек қана жеңіс. Жасыл алаңда барымызды саламыз. Оның үстіне, текетірес бір матчтан ғана емес, екі кездесуден тұратынын ұмытпайық.

Естеріңізге сала кетейік, Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінің бірінші ойыны аясындағы «Астана» – «Селтик» кездесуі бүгін кешкісін «Астана-Арена» стадионында сағат 20:00-де басталады. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика