Вернуться к списку статей

Қазақстан құрамасы Сербия футболшыларын тағы да тізе бүктірді...

Футбол
2K
Сербия-U17 – Қазақстан-U17 – 0:2. Фото: kff.kz
Еліміздің 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы құрамасы түзде Сербияның өздерімен құрдас таланттарын 2:0 есебімен тізе бүктірді.

Қазақстан Президенті кубогына дайындықтарын пысықтау мақсатында Сербияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан бозбалаларымыз осы елдің өздерімен құрдас футболшыларымен жолдастық кездесу өткізіп, басым түсті.

Бұл матч сейсенбіден сәрсенбіге ауған түні Сербияның Стара Плаза қаласында өтті. Екі голды да «Астана» клубының жартылай қорғаушысы Мәди Жақыпбаев соқты. Әрі екеуін де бірінші таймда соғып, Сербия бозбалаларын сең соққандай күйге түсірді. Алаң иелері қанша тырысса да, Қазақстан жеткіншектерінің қорғанысын бұза алмады.

Бір қызығы, Сербия-U17 құрамасы ойынның 41-минутында, яғни екінші таймында қақпашысынан басқа 10 ойыншысын ауыстырып, алаңға басқа құрам шығарды. Тіпті бұл ойынға қазылық еткен төрешілер де жергілікті мамандар болды. Сонда да олар Қазақстан жеткіншектерінің қақпасына бір гол да соға алмай, пұшайман болды.

Александр Кузнецов жаттықтыратын Қазақстан жасөспірімдер құрамасы енді 29 шілде күні Сербия-U17 құрамасымен тағы да жолдастық кездесу өткізулері керек. Ал оқу-жаттығу жиыны 3 тамызға дейін созылады.

Сербия-U17 – Қазақстан-U17 – 0:2

Голдар: Жақыпбаев, 10. Жақыпбаев, 23.

Қазақстан-U17: Устименко (Медведев, 80), Әйтім, Қашкен, Ілиясов, Совет (Қолмоңбетов, 73), Махан (Шәмші, 61), Сағынаев, Кеңесов (Қайыркенов, 41), Сейідахмет (Усачев, 41; Ульшин, 61), Жақыпбаев, Красноперов (Сидоров, 61).

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика