Вернуться к списку статей

"Ордабасы" бас бапкерінің көмекшілерін ауыстырды

Футбол
1K
Бақтияр Байсейітов көмекшісін ауыстырды. Фото: fcordabasy.kz
«Ордабасы» командасының ресми сайты жаттықтырушыларын ауыстырғанын бүгін ғана жариялады.

Осыдан бір апта бұрын отандық баспасөз беттерінде «Ордабасы» командасының жаттықтырушылары қызметтерінен босатылғандығы туралы ақпарат жарық көрген. Бірақ Оңтүстік Қазақстан облысы командасы бұл жөнінде ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ болатын.

Атап айтқанда, «Ордабасы» командасының бас бапкері Бақтияр Байсейітовтің көмекшісі, тәжік Мухсин Мухамадиев, серб Небойша Топалов және қақпашыларды жаттықтыратын латыш маманы Александр Кулаков қызметтерінен босатылған болатын. Әрі ХХІІ-тур қарсаңындағы жаттығу жұмыстарын жергілікті маман Тимур Ихсановтың жүргізгендігі де жазылған-ды.

Бүгін сол үш маманның, яғни Мухамадиев, Небойша және Кулаковтың орындарына басқа жаттықтырушылар келгендігі Оңтүстік Қазақстан облысы командасының ресми сайтында жарияланды. Сергей Попков бас бапкердің көмекшісі болып бекітілсе, Юрий Новиков қақпашыларды жаттықтыратын болыпты.

Естеріңізге сала кетейік, «Ордабасы» жанкүйерлері команданың бас бапкері Бақтияр Байсейітовтен оның отставкаға кетуін талап еткенде, 64 жастағы маман келісім шартының мерзімі үш жылдық екендігін көлденең тартып, қызметінен кетпейтіндігін білдірген.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика