Вернуться к списку статей

Кахабер Цхададзе – "Маккабимен" тең ойынға да келісер едім

Футбол
1K
Кахабер Цхададзе –
Бір клубымыз еурокубоктық доданың үшінші іріктеу кезеңіне өтті. Енді бүгін екінші командамызға жанкүйер боламыз.

Бүгін Израильдің курорттық қаласы Нетанияда Алматының «Қайраты» Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында Тель-Авивтің «Маккаби» футбол клубымен кездеседі. Алатаудың баурайындағы матч 1:1 есебімен тең аяқталған болатын. Жауапты ойынның қарсаңында «Қайраттың» бас бапкері Кахабер Цхададзе журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді.

– «Маккаби» секілді, біз де ойынға ұзақ жеттік. Жолда бір тоқтап алдық. Бірақ тынығып үлгердік. Футболшылар демалып алды, Иерусалимнің киелі жерлерін араладық. Енді жарқын ойын үлгісін көрсетуге тырысамыз. Екі команда да бір-біріне тұрарлық қарсыластар. Бұған дейін де айтқанмын, «Қайрат» та, «Маккаби» де топтық кезеңге лайық.

– Ойынға қандай тактикамен шығасыздар?

– Бізге қалайда гол соғу керек. Біз әрдайым шабуылға иек артумен боламыз. Әлбетте, шабуылда жүріп, өз қақпамызды да ұмытуға болмайды. Әйтпесе, бірінші кездесудің қалай аяқталғаны әлі есімізде.

– Сіздерді тең есеп қанағаттандыра ма?

– Егер кездесу 2:2 немесе 3:3 есебімен аяқталар болса, мен бұған келісер едім.

– Командаңызда жарақат алып қалған немесе ойынға қатыса алмайтын футболшылар бар ма?

– Бізде қазір ел чемпионаты қызып тұр. Әр үш күн сайын алаңға шығуға мәжбүрміз. Жақында Павлодарға барып, «Ертіспен» ойнап қайттық. Сондықтан, аздап шаршаңқылық байқалады. Дегенмен, ойынға қатты әсер ете қоймас. Өкінішке қарай, Стас Покатилов Павлодарда саусағын сындырып алып, Алматыда қалып қойды. Бауыржан Исламхан да қызыл қағазына байланысты келе алмады. Ал қалған жігіттердің барлығы қатарда. «Маккабиге» қарсы шығуға дайын.

– «Қайраттың» жеңілмегеніне көп болды...

– Бүгін де жеңілмеу үшін бар күшімізді саламыз. Әрі қарай да осы қарқынды ұстап тұрғымыз келеді.

– Жалпы, келесі кезеңге шығу мүмкіндіктеріңіз қандай?

– Меніңше, біздің мүмкіндігіміз әу бастан тең болды. Екі команда да бір-бірімен деңгейлес. Ойындарымыз да ұқсас. Бізде де, оларда да тамаша шебер футболшылар жеткілікті. Сондықтан, бәрі де жасыл алаңда шешіледі.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика