Вернуться к списку статей

Вальдас Дамбраускас – "Астана" ойыншысы жеңіс голын қолмен соқты

Футбол
2K
Вальдас Дамбраускас –
«Астана» – «Жальгирис» кездесуінен кейін литвалықтардың бас бапкері Вальдас Дамбраускас екінші голдың қолмен соғылғанын айтып, төрешілерді айыптады.

– Cоңғы минутта біздің қақпамыздың алдында «Астана» футболшылары қаптап кетті. Тіпті, қақпашысына дейін шабуылда жүрді. Доп әуелете асырылғанда абдырап қалдық. Бірақ, соңғы сәтте «астаналықтардың» ойыншысы допты қақпаға қолмен ұрып жіберді. Төреші байқаған жоқ. Иә, гол қолмен соғылды. Сенбесеңіздер, бейнеқайталауын қайта қарап шығыңыздар, - деді Дамбраускас.

– Шәкірттеріңіздің көңіл-күйлері қалай?

– Мұндай жеңілістен кейін қандай көңілде екеніміз айтпасам да түсінікті шығар. Ойын «Оскар» сыйлығына лайық деңгейде өтті. «Астананы» жеңісімен құттықтаймын! Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне дейін жетеді деп ойлаймын.

– Алаң иелері сіздің командаңыздан мықты болды деген пікірмен келісесіз бе?

– «Астана» әрдайым өз алаңында тамаша ойнайды. Мұны мен бұған дейін де айтқанмын. Бүгін алаң иелері керемет ойнады, бізден мықты болғаны да рас. Оның үстіне, бұл команда соңғы минуттарда гол соға алатын ұжым. Мәселен, өткен жылы «Астана» соңғы минутта Финляндияның ХИК клубын тізерлеткен. Сондықтан, олар шынымен де бар мақтауға лайық.

– Сөзіңізге қарағанда «Астананың» өткен жылғы финляндиялықтарға қарсы кездесуін көрген сияқтысыз ғой. Соңғы минутта қақпаңызға гол жіберіп аламыз деп қорықпадыңыз ба?

– Керісінше, біз соңғы минутта гол соғамыз деп ойладым. Соған сендім. Өйткені, «Жальгиристе» де гол соғатын тамаша мүмкіндіктер болған. Қақпашымен үшке бір шығып та гол соға алмадық. Әлбетте, соңғы минуттарда «Астана» бізді қысып тастады. Мұндай кезде гол жіберіп алу қаупі күшейе түсетіні рас.

– Енді «Астана» Чемпиондар лигасының келесі іріктеу кезеңінде Гибралтардың «Линкольн» немесе Шотландияның «Селтик» клубымен кездеседі. Қалай ойлайсыз, қазақстандық команда бұларды жеңе ала ма?

– Өзіміздің командамыз келесі кезеңге шыға алмағандықтан, маған енді бәрібір. Ертерек бұл жеңілісті ұмытып, алдағы ойындарға дайындалуымыз қажет. «Астана» – Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне лайық команда. Бұл ұжым өз мықтылығын жыл өткен сайын дәлелдеп келеді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика