«Астана» клубының бас бапкері Станимир Стойлов бірінші ертеңгі матч жайлы өз ойын ықшамдап, ортаға салды:
– Ертеңгі ойынның өте жауапты және қиын болатындығын білеміз. Менің командамның жеңіске деген құлшынысы бірінші ойындағыдан әлдеқайда жоғары болады деп үміттенемін. Егер ынта, жігер, қажыр-қайрат Чемпиондар лигасы деңгейінде болса, онда мен ойын нәтижесіне алаңдамайтын боламын.
«Жальгирис» өз алаңында жақсы ойнады, біздің көсіле сілтеуімізге мүмкіндік бермей, басқан ізімізді аңдыды. Әрі қарсы шабуылдар ұйымдастырып, біраз састырды. Енді тек Чемпиондар лигасына сай ойын өрнегін көрсетіп, келесі кезеңге шығуымыз керек.
Футболшылар да, жанкүйерлер де бәрін жете түсінуі керек. «Қайратың» да, біздің де жағдайымыздың күрмеуі – күрделі. Сондықтан ертең жеңіске жетуге міндеттіміз. Оның үстіне екі командамыз Еурододан бірінші кезеңде-ақ тыс қалды. Енді қалған екеуі келесі кезеңге шығады деп үміттенемін.
– Вильнюсте тактикалық қателік жіберген жоқсыз ба? Твумаси сол қанатта, Мұжықов ортада ойнады ғой...
– Команданың ойыны жүрмесе – бәріне бас баппкер кінәлі. Үнемі солай. Әйтсе де, мұны қалай қателік деп қабылдағандарыңызды түсінбеймін. Патрик төрт жыл сол қапталмен шабуылдады. Бірақ Жолшиев кетіп қалған соң ғана біз оны оң қанатқа ауыстырдық. Мұжықов Чемпиондар лигасының былтырғы додасында ортада, шабуылшының ту сыртында ойнады. Бұл – оның өз орны.
– Ертең Азат Нұрғалиев жетіспей тұратын шығар, онсыз қиын бола ма?
– Әрине, орны толмас олқылық. Біз оны өзіміздің ең осал шебімізді нығайту үшін алғанбыз. Азат шабуыл өтіндегі ойыншымыздың ту сыртында тәп-тәуір ойнап, гол соғып жүр. Оны Чемпиондар лигасы додасына дер кезінде тіркеп үлгермегенімізге әлі басыла алар емеспін.
– Міндетті түрде гол соғу керек екендігі ескеріліп, ертең екі шабуылшымен ойнауыңыз мүмкін бе?
– Бәрі де мүмкін. Біз маусым басынан бері әрі түрлі ойын үлгісін жүзеге асырып көрдік. Сонығ қайсысын, қандай тактика қолданамыз, оны ертең ойын алдында шешеміз. Біз үшін ең бастысы – нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп, келесі кезеңге шығу.
– Литва клубынан өтпей жатып, «Селтик» туралы айтып жүргендер көп. Ертеңгі қарсыласыңызды бағаламай, опық жеп қаламыз деп секемденбейсіз бе?
– Өз басым және команда «Селтик» жайлы мүлде ойлап жүрген жоқпыз. Негізгі мақсатымыз – ертеңгі матчта жауапкершілікпен ойнап, келесі кезеңге шығу. Оның үстіне, бәрі де бізден көңілге қонымды ойын өрнегін күтеді. Егер «Жальгиристі» жеңсек, онда ертең түнгі сағат 10-нан бастап, келесі қарсыласымыз туралы ойлауға болады.
– Агим Ибраими спорттық бабына әлі келмеген сияқты. Бұл мәселені қалай шешпексіз?
– Ол бар болғаны екі-үш ойын ғана өткізді. Ол және командамыздағы басқа футболшылар да мінез, қайсарлық көрсетулері керек. Әсіресе ертеңгідей ойындарда бар күш-жігерлерін салулары қажет. Егер әлі толық дайын болмаса, біз ондай ойыншыны алмастырамыз, бірақ алаңда өткізген уақыттарын бәрі де мейілінше сапалы, командаға пайдалы дәрежеде өткізуге міндетті.
– Қонақтардың бас бапкері ойынның негізгі уақыты тең аяқталса, қосымша уақыт пен пенальти ұруға дайындалып келгендерін тілге тиек етіпті. Ал сіз мұндай жағдайға дайынсыз ба?
– Мен бұл жайлы ойлаған да емеспін. Бізге істі насырға шапқызбай, ойынның негізгі уақытында жеңіске жетуіміз керек. Егер пенальтиге жүгінуге тура келсе, онда амал бар ма? Соңына дейін шайқасамыз, қалай болса да, лотереяға сенім артып отырмаймыз.