Әлем футболының жарық жұлдыздарын “жарнамалауды” суқанымыз сүймеуші еді. Олардың атын пайдаланып, оқырман жинауға да қызықпаушы едік. Бірақ осы бір жігіттің мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсету мақсатында жүзеге асырып жүрген істері тәнті қылды.
Бәлкім, бізің елде ойнайтын, көк қағазбен айына мың-мыңдап, жылына миллиондап ақша табатын футболшыларды да ойлантар деп, біз де осы бір мейірімді жанның ізгілікті істерінің бірі жайлы қалам тартуды жөн көрдік.
Ол – Криштиану Роналду. Жақында ғана Португалия құрамасының сапында ойнап, Еуропа чемпионы болды. Ал жеңімпаз командаға қомақты көлемде сыйақы беріледі.
Криштиану Роналду өзіне тиеслі осы сыйақыны, атап айтқанда, 275 мың еуроны толығымен ракпен ауыратын балалар қорына аударыпты! Мұны соңғы күндері алыс-жақын шетелдік және отандық басылымдар жарыса жазып жатыр. Өте дұрыс! Жазуға тұрарлықтай, сауабы мен шапағаты – мол іс.
Криштиану Роналду мамыр айының соңында ғана Испанияның «Реал» клубымен Чемпиондар лигасының 2015/2016 жылдар масымында жеңімпаз атанған болатын. Сонда да өзіне тиеслі қомақты сыйақысын қазақ атын атамайтын аурумен ауыратын балалар қорына аударып жіберген болатын.
Жалпы, ол қайырымдылық көрсету жағынан спортшылар арасында бірінші орында тұр. Осы уақытқа дейін 10 миллион еуродан астам қаржыны әр түрлі қайырымдылық қорларына аударған.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақ, аударар сыйақыларың көбейе берсін, мейірімді теңбіл доп жұлдызы! Ең бастысы, сеннен қазақ додасындағы танымал футболшылар да үлгі алсын.