Вернуться к списку статей

Дмитрий Васильевті "Ақтөбеде" ұстап тұрған қай "тылсым күш"

Футбол
1K
Дмитрий Васильев -
«Ақтөбе» венгрлерден өте алмаса, қызметімнен кету жайлы арыз жазамын», - деп ешкімнің сұрауынсыз-ақ өзі айтқаннан кейін қашан арызын алып әкімнің алдына кірер екен деп жүргенбіз. Бірақ «отырған жеріне» кенедей жабысып қалған Дмитрий Васильев ешқайда кетпейтінін мәлімдеп, әлеуметтік желідегі жеке парақшасында «туиттеді».

Қазақстан футболының «The Special one» маманы Будапештегі жеңілістен кейін бес күн үнсіз жүрді. Ақыры «Туиттердегі» парақшасына қызметінен кетпейтіндігі туралы жазыпты. Бар күшті алдағы «Шахтер» мен «Ордабасыға» салатындықтарын да жазған. Бірақ, қандай күштерді іске қосатындығын көрсетпепті.

Иә, сіз қазір оны қалай айыптасаңыз да, кімге теңесеңіз де пысқырайын деп тұрған ол жоқ. «Сөзінде тұрмады» дейсіз бе, «еркек емессің» деп ренжисіз бе, өтірікші, екі жүзді тіпті, «шалбарыңды шеш, юбка киіп ал» десеңіз де оған бәрібір. Жасырып қайтеміз, осы материалдың өзі оған шыбын шаққан құрлы әсер етпейді. Өзі сұхбат беретін, одан сұхбат алатын елімізде бірді-екілі баспасөз ғана бар. Солардың біріне, «бұл менің – мамандығым. Өзім дұрыс деп есептеген нәрселерді жасаймын. Қолымнан келген дүниелерді пайдаланамын», - деп түсіндіріпті өзінің «венгрлерді өте алмасақ, «Ақтөбеден» кету туралы арыз жазамын» деген мәлімдемесін. Бұдан бөлек, «Менің жалғыз жұмыс берушім – Бердібек Машбекұлы Сапарбаев. Басқалардың пікірі, олар клубтың дамуына үлес қоспайынша және қаржы құймайынша мені қызықтырмайды» қосыпты.


Дәл қазір «Ақтөбе» аяқталуына екі тур қалған Қазақстан Премьер-лигасының бірінші кезеңінде 8-орында келеді. Басты бәсекелестері «Тобыл» мен «Атыраудан» бір ұпай артта. Соңғы екі турды өз алаңында өткізеді. Алдымен «Шахтерді» қабылдаса, одан кейін «Ордабасыға» қарсы алаңға шығады. Біріншісі үздіктер қатарынан орын алудан үмітін үзген, екіншісін енді ешкім «алтылықтан» шығарып тастай алмайды. Оның үстіне, бұл үш клубты қазір бір «тылсым күштің» өзара байланыстырып тұрғанын да көзі қарақтылар жақсы біледі. Ал басты бәсекелестері «Атырау» мен «Тобылдың» қарсыластары қиындау. «Мұнайшыларды» алдымен елордада «Астана» күтіп тұрса, артынша «Жетісумен» «жекпе-жекке» шығады. «Тобыл» болса, бірінші «Оқжетпесті» қабылдап, 22-турда Оралға қонаққа барады.

Осы орайда айта кетейік, Дмитрий Васильевтің қоқан-лоққы көрсетуі әлі басылар емес. «Атырау» футбол клубын «Колхоз» деп салса, сол қалада өткен ойыннан кейін жанкүйерлермен де, журналистермен де, «атыраулық» қызметкерлермен де сөзге келіп үлгерген. Жүрген жерінде «із» қалдыратын оның әлі қашанға дейін тайраңдайтынын нақты айту мүмкін болмай тұр.

Айтпақшы, мұның алдында ол «Ақтөбе» үздік алтылыққа ене алмаса, қызметімнен кетемін деген болатын. Әйтеуір, «тылсым күштің» арқасында «Ақтөбе» биыл үздіктердің алтыншысы болайын деп тұрған секілді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика