Вернуться к списку статей

Пенальтиді неге ағаңа бермедің, Жасұлан?..

Футбол
1K
Жасұлан Молдақараев гол соқты. Фото: okzhetpes.kz
Бүгін Қазақстан премьер-лигасындағы ХХ-турдың төрт ойыны бүгін өтіп, алғашқы алтылықта додаға түсетін бес команда белгілі болды. Көш басындағы үшеуіне «Оқжетпес» пен «Ордабасы» қосылды.

Шахтер мен Ордабасы ұпай бөлісті

Қарағандыда «Шахтер» мен «Ордабасы» кездесіп, ұпай бөлісті. Бірінші таймда қонақтар басымдық танытса, ойынның екінші жартысында алаң иелері үстемдік құрды. Үш рет «Шахтердің» ойыншыларының соққылары қақпа бағанасынан кері қайтты.

Кеншілер клубы соңғы екі турдағы ойындарын өз алаңында өткізіп, бір-ақ ұпай еншіледі. Өткен турда «Таразға» есе жіберіп алған болатын. Ал тараздықтар болса, «Шахтерді» қуып жетуге айналды.

«Шахтер» – «Ордабасы» – 0:0

«Шахтер»: Шацкий, Скорых, Садовничий, Василевич, Дубков (Тарасов 89), Сзоке, Зошак, Нұрыбеков (Пикалкин, 83), Байжанов, Уббинк (Симоновски, 46), Серечин.

«Ордабасы»: Бекбаев, Қожабаев, Абдулин, Мұхтаров, Төлебек, Диакате, Чатто, Симчевич (Әшірбеков, 74), Гогуа, Тұңғышбаев (Бейсенов, 87), Марцхваладзе (Касалица, 60).


“Оқжетпес” алғашқы алтылыққа енді

«Оқжетпес» өз алаңында «Жетісуды» ұтып, қоржынына үш ұпай салды. Әрі Көкше клубы осы жеңісінен кейін алғашқы алтылықтан ойып тұрып орын алып, төртінші орынға жайғасты. орналасты. Енді ел чемпионатының келесі кезеңінде үздіктер арасында бақ сынайды.

Бұл ойынның бірінші жартысында есеп ашылған жоқ. Екінші таймда алаңға Бөлешев шығып, бес минуттан кейін гол соғып, командалас серіктерін жігерлендіре түсті. Ол қақпашымен бетпе-бет шығып, теңбіл допты өте жіті қимылдап, бойынан асыра салды.

Көп ұзамай, қонақтардың қорғаушысы Жасұлан Молдақараевты шалып жығып, төреші пенальти берді. Әлбетте, алаңда жүрсе, 11-метрлік айып соққыларын Әлібек орындайтын.

Өйткені Бөлешевтің жасыл алаңдағы карьерасында соққан голдары 100-ге тақап қалған. «Оқжетпес» – өзінің әрбір ойыншысын бағалайтын команда. Мұны бас бапкері Владимир Мухановтың өзі айтқан. Әрі «Әлібектің соққан голдары 100-ге жетуі үшін қолымыздан келгенінше көмектесеміз» деген-ді.

Алайда, Жасұлан бүгін допқа өзі ұмтылды. «Мені шалып жықты, өзім ұрамын» деді ме, жанына барған Әлібекке пенальти ұру “құқығын” бере қоймады. Бірақ өзі гол соға алмай, мүлт кетті. Ағасына беруі керек еді...

Мұны Жасұланның өзі де түсінген болар. Бұдан кейін жанын сала ойнады. Бағы жанып, ойынның негізгі уақытына қосылған соңғы минутта тамаша гол соғып, “кінәсін” жуып-шайғандай болды.    

«Оқжетпес» – «Жетісу» – 2:0

Голдар: Бөлешев, 63. Молдақараев, 90+1.

Молдақараев 71-минутта пенальти соға алмады.

«Оқжетпес»: Стаменкович, Чичулин, Чижов, Кислицын, Еоне, Волков, Нганбе (Қожамберді, 31; Чертов, 87), Ристович (Бөлешев, 58), Юрин, Хайруллин, Молдақараев.

«Жетісу»: Шабанов, Әмірсейітов, Клайн, Вага, Сағындықов, Шайыхов, Касьянов, Джалович, Шабаев, Калинин (Боровский, 75), Джерманович (Жаңғылышбай, 68).


Грузин бапкерлері дербиінде Цхададзе басым түсті

«Қайрат» пен «Тобыл» кездесуін грузин бапкерлерінің дербиі деушілер аз болған жоқ. Бірақ Тетрадзенің тамырында грек қаны да бар, сонымен қатар ол – Ресей азаматы. Әйтсе де, қазақстандықтар осындай айдар таққан матч қызықты өтті.

Бірінші таймда есеп ашылмағанымен, матчтың екінші жартысында бақандай бес гол соғылды. Әсіресе, Исламхан мен Қуаттың голдары керемет болды. Рас, екеуінде де «Тобыл» қақпашысы абдырап қалып, қателесті.

Алайда, одан «Қайраттың» қақпашысы да қалыспады. Екі мәрте жаза басып, қонақтардың есепті қысқартуларына мүмкіндік беріп қойды. Алдағы уақытта Плотниковті Покатилов негізгі құрамнан ығыстырып шығарса да таң қалмаймыз...

Жалпы, Бауыржан Исламхан алаңға шыққаннан кейін «Қайраттың» ойыны жанданып, шабуылы әр қилы бола бастады. Бәлкім, Асеведоны шығару үшін Исламханды емес, Аршавинді отырғыза тұру керек шығар...

Ал Нұрбол Жұмасқалиевті алаңға шығармай жүрген Тетрадзе соңғы үш ойында бір-ақ ұпай еншіледі. Үздік алтылыққа ілігу үшін енді ұтылмауы керек.

«Қайрат» – «Тобыл» – 3:2

Голдар: Исламхан, 49 (1:0). Қуат, 60 (2:0). Жулпа, 68 (2:1). Исаэль, 72 (3:1). Хижниченко, 76 (3:2).

«Қайрат»: Плотников, Сүйімбаев, Маркович, Лунин, Тимощук, Бакаев, Қуат, Асеведо (Исламхан, 46), Аршавин (Дарабаев, 75), Исаэль, Гоу (Тавамба, 85).

«Тобыл»: Логиновский, Мирошниченко, Кассай, Дмитренко (Яворский, 87), Гурман, Главина, Жулпа, Шимкович, Деак (Асильдаров, 58), Савич (Досмағамбетов, 81), Хижниченко.


“Атырау” Васильевті “отставкаға” жібере алмады

Қазақстандық басылымдардың бірінде «Атыраудағы ойында «Ақтөбе» ұтылып қалатын болса, директорын отсавкаға жібереді екен» деген сөз тараған болатын.

Бірақ «Ақтөбе» ұтылмады. Ал «Атырау» жеңісті уысынан шығарып алды. Енді алғашқы алтылыққа ілігу қиын болады. Бүгін жеңіске жеткенінде «Тобылдың» алдын орап, «Ақтөбенің» үмітін көмескі тартқызып кетер еді.

Алайда атыраулықтар бүгінгі маңызды ойында екі ұпай жоғалтып, бәсекелестерінен ұзап кете алмады. Бір гол соққаннан кейін есепті ұлғайтуды емес, осы нәтижені сақтап қалуды көбірек ойлап, жаза басқандай...

«Атырау» – «Ақтөбе» – 1:1

Голдар: Аржанов, 53 (1:0). Бочаров, 86 (1:1).

«Атырау»: Нарзикулов, Чуреев, Дамчевски, Мулдаров, Ламанж, Коробкин, Эссаме, Куртеян (Маров 89), Сапаров (Федин 80), Аржанов, Макась (Трытко 85).

«Ақтөбе»: Отарбаев, Қайыров, Куаджа, Сорокин, Цвейба, Ситдиков, Митошевич (Дао, 76), Жалмұқан, Шестаков, Бочаров (Азовский 89), Щеткин.



Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика