Вернуться к списку статей

Васильев кеткен соң "Ақтөбені" не күтеді

Футбол
1K
Дмитрий Васильев -
«Венгрлерден өте алмасақ, өтініш жазамын», - деп мәлімдеген болатын әлеуметтік желідегі өзінің ресми парақшасында «Ақтөбе» футбол клубының директоры Дмитрий Васильев. Егер еркек болса, Будапешттегі сәтсіздіктен кейін қызметінен кетуі тиіс. Ал ол кетсе артында не қалады? «Ақтөбені» не күтіп тұр?

Әлбетте, үш клубымыздың да келесі кезеңге өткенін қаладық, тіледік, үміттендік, сендік. Дегенмен, «Қайраттан» басқалары бірінші іріктеу кезеңінде-ақ омақасты. Ендеше еркек екенін дәлелдеп, сөзінде тұрар болса, Васильев клубтан кетуі тиіс. Ал Дмитрий Пантелеевич кеткен соң артында не қалады және «Ақтөбеге» қандай жұмыстарды қайта қалпына келтіру керек болады? Осы сұраққа жауап іздеп көрелікші.

  1. Жаңа бапкер

Васильев и Уткульбаев

Дмитрий Васильевті қайдам, бас бапкері Юрий Уткульбаев бірден кетеді. Солай болуы тиіс. Өйткені, команданың көрсеткіштері үшін бірінші кезекте бас бапкер жауап береді. Былтыр да солай болған. Чемпионатта бірінші орында келе жатқандарына қарамастан Еуропа лигасындағы сәтсіздікті Владимир Газзаев өз мойнымен көтерген. Бұл жолы да солай болуы тиіс. Бірінші іріктеу кезеңінде-ақ ұшып кеткеннен кейін дәл қазір «ақтөбелік» жанкүйерлер Васильевпен қоса Уткульбаевты да «талап жеуге» дайын. Ал маусым ортасында, оның үстіне трансферлік кезең жабылып қойғаннан кейін жақсы бапкер табу оңай болмайды.

  1. Ойыншылары да бытырайды

 

Жаңа бапкер өзінің командасымен келгенді қалайды. Тым болмаса, өзімен бірге екі-үш футболшы ерте келгенді жөн санайды. Бірақ трансферлік маусым жабылып қойған соң жаңа футболшы ала алмасы белгілі. Мұндай жағдайда жаттықтырушы өз мойнына жауапкершілікті алмайды. Маусымды сәтсіз аяқтаған жағдайда бар кінәні бұған дейінгі бапкерге арта салады. Былтыр «Қайсар» футбол клубы да осы мәселемен бетпе-бет келіп, ақыры опық жеген. Дмитрий Огайдың орнына трансферлік кезең аяқталып қойған соң келген Федор Щербаченко маусым соңында «менің кінәм жоқ» деп шыққан. Ал футболшылары чемпионат аяқталмай жатып-ақ бірі келісімшарттарды өз еріктерімен үзсе, екіншілері жарақаттарын сылтау қылып, Қызылордадан кетіп қалған. «Ақтөбеде» де сол жағдай қайталануы мүмкін.

  1. Жанкүйерлерімен ара-қатынасты қайта қалпына келтіру


(Сурет авторы: Елисеева Елена)

Қазақстандағы ең беделді де, шулы, адал да, айқайлы жанкүйерлер Ақтөбеде шығар. Бірақ биыл «ақтөбелік» жанкүйерлер бұрынғыға қарағанда футболға деген қызығушылығын аздап жоғалтып алғандай. Мәселен, былтыр осы уақытқа дейін ойындардың барлығы спорт мектебінің алаңында өткеніне қарамастан трибунада көрермен толып отыратын. Қобыланды стадионына жиналатындардың саны 10 мыңнан кем болмайтын. Қазір ше? Өз алаңындағы бірінші ойында 9 000 көрермен жиналды. Одан кейін ақырындап азая берді. Қазір «Ақтөбенің» өз алаңындағы ойындарында Қобыланды стадионынан 4 мың адам көрсең, қуанасың. Әлбетте, мұның барлығы көп жағдайда команданың ойынына байланысты екені жасырын емес. «Ақтөбеліктер» қазір жанкүйерлерін жарқын ойындарымен қуанта алмай жүр. Дегенмен, клуб басшылығының да жанкүйерлерді жағымды және жағымсыз деп екі әскерге бөліп тастағанын ұмытпаған жөн. Енді Васильев кеткен соң сол жанкүйерлерді бұрынғыдай қайта бір арнаға қосу бір күннің жұмысы болмасы анық.

  1. Журналистермен жұмыс


Сурет "Ақтөбе" ФК ВК желісіндегі парақшасынан алынды

«Ақтөбеге» жанкүйерлер ғана емес, журналистер де қатты ренжулі. Енді ше, матчтан кейінгі әр баспасөз мәслихатына тек «таңдаулылар» ғана қатыса алатын болып кеткен. Ыңғайсыз журналистерге есік жауып, мүлдем ысырып тастаған. Баспасөз мәслихаттарында бас бапкерге артық сұрақ қоюға болмайды. Әйтпесе, құйыршықтай еріп жүретін клуб директоры ортаға түсуі әбден мүмкін. Ұнамаса, орындарын тұрады да, журналистердің көздерін бақырайтып қойып шығып кете береді. Бір сөзбен айтқанда, цирк. Әлбетте, өкпелері қанша жерден қара қазандай болғанымен журналистер қауымы кешірімді келеді. Дегенмен, оңайлықпен де ұмыта қоймастары анық.

  1. Бұрынғы атақтар


Сурет fcaktobe-fans.kz сайтынан алынды 

Қазір «Ақтөбенің» бұрынғы мықтылығынан титімдей де жұрнақ қалмаған. Премьер-лигадағы клубтардың қай-қайсысы болса да, тісін батыра алатындай халге түскен. Бұрынғы қаһарлы «Ақтөбе» жоқ. Ешкімді де айбатымен сескендіре алмайды. Рас, бұрынғы жүлделері бар. Бес дүркін ел чемпионы деген атақты ешкім тартып алмайды. Дегенмен, бұрынғы кубоктарымен кімді қорқыта қойсын? Шыны керек, жасыл алаңдағы беделі қалмай бара жатыр.

Енді жаңа басшылықтың алдында ауыр міндет тұр. Бұрынғы тірнектеп жинаған абыройдың барлығын қайтару қажет. «Ақтөбе» деген айбарлы команданы сағындық.

Әлбетте, қалай болған күнде де дәл қазір «Ақтөбе» Дмитрий Васильев кеткеннен еш ұтылмайды. Қайта ерте күнді кеш қылмай, облыс басшылығы дер кезінде шешім қабылдағаны абзал болар еді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика