“Астана” шабуылшы емес, тағы да қорғаушы алды
Беларусь қорғаушысы Игорь Шитов «Астана» клубымен еңбек келісіміне қол қойыпты. Келісімшарт мерзімі – екі жыл. Ол елорда клубына еркін агент ретінде келген.
Игорь Шитов Беларусь елінің «Динамо», «Торпедо» және БАТЭ клубтарында, Ресейдің «Динамо» (Мәскеу) және «Мордовия» (Саранск) командаларында ойнаған. Өз елінің ұлттық құрамасы сапында 50 ойын өткізіп, бір гол соққан.
Ол «Астана» сапында №14 жейдемен ойнайтын болыпты. Әрі Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы тізімінде қарғаушы Евгений Постниковтің орнына тіркелетін көрінеді. Бұл дегеніміз, елорда клубының Постниковті Ресейге сататыны жақын арада жүзеге асатын іс сияқты.
Бүгін «Астана» клубы Евгений Постниковке алғыс жолдап, қош айтысатындықтарын білдірді. Әйтсе де, әліптің артын тосып, ресми мәлімдемені күтейік.
“Оқжетпес” Чили сұрмергенін жалға алды
Көкше командасы маусым соңына дейін құрамын тәжірибелі Чили шабуылшысымен нығайтты. Ол да, яғни Николас Каналес те «Оқжетпеске» еркін агент ретінде келіпті. Қазақ додасында №32 жейдемен ойнайтын көрінеді.
Николас Себастьян Каналес Калас 1985 жылы 27 маусымда туған (Сантьяго, Чили). Бойы – 179 см. Салмағы – 80 келі. «Оқжетпеске» «Нефтчи» (Баку, Әзірбайжан) командасынан келді.
Оған дейін «Универсидад де Чили», «Унион Эспаньола», «Кобресаль», «Палестино», «Коло-Коло», «Сантьяго Уондерерс» (бәрі де – Чили), «Бенфика-Б», «Гондомар» (екеуі де – Португалия), ЧФР (Клуж, Румыния), «Крылья Советов» (Самара, Ресей) клубтарында ойнаған.
Чилидің жастар арасындағы құрамасы сапында 13 ойын өткізіп, 6 гол соққан. Ұлттық құрамасының намысын бір матчта қорғаған. Жалпы, бұған дейін 181 ойын өткізіп, 94 гол соққан екен.