Вернуться к списку статей

Қырғыз жерінде туып, қазақтың екі құрамасында ойнаған футболшы

Футбол
2K
Жағажай футболынан Қазақстан құрамасының ойыншысы  В.Чернышов (сол жақта). Фото: beachsoccerrussia.ru
Жағажай футболынан Қазақстан құрамасының қорғаушысы Владислав Чернышов Мәскеуде өткен Еуролига додасында ерекше көзге түсті.

Владислав Чернышов жағажай футболына ресми түрде биыл қосылды. Былтыр ғана «Ертіс» клубының намысын қорғап, Қазақстан премьер-лигасында 26 ойын өткізіп, бір гол соққан болатын. Биыл жағажай футболынан Павлодардағы «Арман» командасының сапында ойнап жүр.


Жай ғана ойнамай, құрама сапына да алынды. Әрі Мәскеудегі Еуролига додасында Қазақстан құрамасының үздік ойыншыларының бірі болды. Ол үш ойында төрт гол соғып, бір рет нәтижелі пас берді (5 ұпай).

Жалпы, Владислав Чернышовты Қазақстандағы футбол жанкүйерлерінің бәрі білуі тиіс. Ол Қазақстан премьер-лигасындағы «Ертіс» командасының сапында бірнеше жыл ойнаған – қорғаушы.

1981 жылы 16 наурызда Фрунзеде (қазіргі Бішкек) туған. 1998-2001 жылдары «Динамо» (Бішкек), ал 2001-2003 жылдары «Алға» (СКА-ПВО, Бішкек) командасының сапында ойнаған. Содан кейін Қазақстанға келіп, 2003-2015 жылдары «Ертіс» (Палодар) клубы сапында 262 ойын өткізіп, 19 гол соқты.

2002 жылға дейін Қырғызстанның олимпиадалық құрамасы сапында ойнаған. 2011 жылы Қазақстан ұлтық құрамасы сапында екі ойын өткізді. Әуелі 9ақпан күні Түркияда өткен, Қазақстан – Беларусь құрамалары арасындағы жолдастық кездесуде 85 минут ойнады (есеп – 1:1).



Одан кейін 2012 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасы аясындағы ресми матчта, яғни Кайзерслаутернде өткен Германия – Қазақстан кездесуінде бастан-аяқ ойнап шықты (есеп – 4:0).

Енді, міне, жағажай футболынан Қазақстан құрамасының намысын жыртып жүр. Биыл жағажай футболынан ел чемпионы атанатын шығар. Әзірше оның командасы көш бастап келеді.

Осы ретте айта кеткеніміз жөн болар, Чернышов – “үлкен” футболдан екі елдің чемпионы. Атап айтқанда, Қырғызстан чемпионатында төрт мәрте (1998, 1999, 2001, 2002 жылдар) алтынмен апталған. 2002 жылы осы елдің күміс жүлдегері атанып, 2002 жылы кубогын да жеңіп алған.

Ал 2003 жылы Қазақстан чемпионы атанды. 2004 және 2012 жылдары еліміздің күміс жүлдегері, ал 2008 және 2010 жылдары қола жүлдегері атанды.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика