Вернуться к списку статей

Жағажай футболы: Еуролига додасында көш соңында қалдық

Футбол
2K
Қазақстан – Сербия. Фото: beachsoccerrussia.ru
Жағажай футболынан Мәскеуде өтіп жатқан Еуролига додасы Қазақстан құрамасы үшін аса сәтті болмады. Олар үш кездесуде де жеңілістің кермек дәмін татты.

Мәскеу қиыршық құмында өтіп жатқан Еуролига додасында Қазақстан құрамасы «В» дивизионында бақ сынаған болатын. Өкінішке қарай, Ерлан Жамантаев жаттықтыратын ұлттық құрамамыз қарсыластарының бәрінен ұтылып қалды.

Қазақстан – Молдова – 3:4

Әуелі біздің жігіттер Молдова құрамасымен кездесіп, шектен тыс тартысты өткен матчта 3:4 есебімен ұтылып қалды. Бірінші таймда 2:1, ал екінші таймда 3:2 есебімен ұтып жатқан. Бірақ соңғы он екі минуттықта жеңісті уыстарынан шығарып алды.

Бұған 34-минутта қақпашымыз Виктор Чёрныйдың алаңнан қуылуы да әсер етті. Молдовандар жеңіс голын небәрі тоғыз секундтан кейін соғып кетті.

Осы ретте айта кетуге тиіспіз, молдовандар екі голды пенальтиден соқты. Рас, біріншісінде Чёрный нүктеден тепкен Николайчичтің соққысын қайтарған. Бірақ Молдова шабуылшысы кері қайтқан допта қайталап теуіп, қақпаға дөп түсірді.

Ал біздің құрама сапынан голдарды Владислав Чернышов (екеу) және Виталий Тюлпа соқты.

Дәл осы күні «В» дивизионындағы екінші матчта Эстония құрамасы Сербия футболшыларын 6:1 есебімен ойсырата жеңді.

Қазақстан – Эстония – 2:7

Бұдан кейін жағажайда доп қуған біздің футболшылар Эстония құрамасымен кездесті. Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Есесіне, екінші таймда эстондар төрт гол соқты. Үшіншісінде тағы үш рет қуанышқа бөленді.

Қазақстан құрамасы тек соңғы минуттарда, нақтырақ айтқанда 32-минутта іркес-тіркес екі гол соғып, есепті сәл де болса қысқартқан болды. Голдарды Владислав Чернышов пен Станислав Макагон соқты.

Осы дивизиондағы екінші кездесуде Молдова құрамасы Сербия жігіттерін 6:5 есебімен әсер ұтты. Сөйтіп, кешегі күнгі ойындардан соң «В» дивизионында екі көшбасшы мен қос аутсайдер пайда болды.


Қазақстан – Молдова

Қазақстан – Сербия – 5:6

Осыдан бірер минут бұрын «В» дивизионының аутсайдерлері Қазақстан – Сербия арасындағы матч аяқталды. Өте тартысты өткен ойында сербтердің бағы жанып, Еуролига тарихында алғаш рет жеңіске жетті.

Бұл ойын біздің құрама үшін тым күрделі басталды. Сербия құрамасы бірінші таймда екі гол соғып, алға шықты. Екінші таймда сербтер тағы екі гол соқты. Біздің жігіттер бір голмен ғана “жауап” берді.

Үшінші тайм шектен тыс шиеленісті өтті. Қазақстан құрамасының жігіттері қамшыны басты. Ойынның соңғы бөлігі басталған бетте екі гол соғып, есепті мейілінше қысқартты. Сербтер де айылдарын жимай, доп айырмасын екі голға жеткізді. Ойын аяғына дейін таблодағы есеп, бір қысқарып, қайта еселеніп, үш мәрте өзгерді. Қорытынды есеп – 5:6.

Қазақстан құрамасы сапынан голдарды Станислав Васильев, Дмитрий Перевёртов (екеу), Сергей Квятковский және Владислав Чернышов соқты. Оларға қақпашы Рауан Атантаев екі рет нәтижелі пас берді.

Соңғы орын...

Сонымен Қазақстан құрамасы Еуролига додасының «В» дивизионында үш ойын өткізіп, үшеуінде де ұтылып қалды. Доп айырмасы – 10-17.

Ал Эстония және Молдова құрамалары арасындағы ойынның негізгі уақытында жеңімпаз анықталмай, 3:3 есебімен аяқталды. Қоымша уақытта молдовандар гол соғып, эстондарда тақырға отырғызып кетті.

  1. Молдова – 8 ұпай
  2. Эстония – 6
  3. Сербия – 3
  4. Қазақстан – 0
Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика