Вернуться к списку статей

"Астана" клубына италияндық Марко Абай Трабукки басшы болды

Футбол
2K
Марко Абай Трабукки. Фото: fca.kz
Бүгін елордада «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының баспасөз жиыны өтіп, онда футбол клубының басшылары ауысқандығы мәлім болды.

«Астана» президенттік кәсіби спорт клубының Атқарушы директоры Аманбек Күлшіков мультиклуб құрамының басқару жүйесінде біраз өзгерістердің жүзеге асырылғанын мәлімдеді.

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры басынан кешіп отырған трансформацияға байланысты, «Астана» ПКСК-ның бюджеттік құрылымын қайта қарау мен оңтайландыру оның құрамындағы спорттық клубтарды да айналып өтпеген.

Мәселен, «Астана» ПКСК құрамына кіретін спорттық клубтарда «Президент» деген лауазым жойылған. Енді аталған мультиклуб құрамындағы ұжымдардың (спорттық клубтардың) басшылары Бас менеджерлер болады. Бұл тұрғыда «Astana Pro Team» велоклубының басқару жүйесі негізге алынған.

Бұл өзгерістер Президенттік кәсіби спорт клубының құрамына кіретін «Астана» футбол клубында да іске асырылған. Енді елорда клубының Бас менеджері қызметін Марко Абай Трабукки басқаратындығы ресми түрде жарияланып, көпшілікпен таныстырылды.

Ал «Астана» футбол клубының бұрынғы президенті Саян Хамитжанов енді осы клубтың Байқаушы кеңесін басқаратын болады. Бұрынғы Бас менеджері Қайсар Бекенов болса, енді Атқарушы директор қызметін атқарады екен.    

«Астана» президенттік кәсіби спорт клубының Атқарушы директоры Аманбек Күлшіков баспасөз жиынын келгендерді Марко Абай Трабуккимен кеңінен таныстырды. Ол – Италия азаматы. Бірақ қазаққа жат емес. Шешесі – қазақ қызы. Венецияда туған. Экономика, бизнес және спорт саласында білім алған. Алты тілде сөйлейді, орысша да біледі екен.  

Жалпы, 43 жастағы Марко Абай Трабукки Футбол әлеміне мейілінше танымал адам. Ол ұзақ уақыт Италияда жұмыс жасаған. Ең бастысы, футбол саласы бойыншы арнаулы білім алған. «ФИФА агенті» деген мәртебелі лицензиясы бар. Италия футбол федерациясынан да «Спорттық директор» лицензиясын алған. Ең бастысы УЕФА және ФИФА топ-менеджменттерімен жақсы таныс. Білікті маман.

Ұзақ уақыт бойы Андрей Шевченкомен («Милан», Украина) бірге ынтымақтастық қатынаста жұмыс жасап, Ресей мен Еуропа арасында үйлестіруші бола білген. Мысалы, Еременко (ЦСКА), Думбия (ЦСКА), Буссуф («Анжи»), Йеранек («Спартак»), Макси Лопес, Дюрица («Сатурн), Видич (МЮ), Кутузов («Милан»), Пасторе («Палермо) сынды ойыншылардың трансферлеріне қатысты болған.

Тіпті Дженнаро Гаттузо, Лучано Спаллетти, Фернандо Кавенаги, Веллитон, Мубарак Буссуфа, Сейду Думбия және Неманья Видич сынды әйгілі мамандармен және футболшылармен серіктестік тұрғыда бірлесе жұмыс жасаған.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика