Вернуться к списку статей

“Ордабасы” орға, “Жетісуға” жарға “жығылды”

Футбол
1K
Қазақстан премьер-лигасының ХVІІ-турындағы Шымкент пен Талдықорғанда өткен ойындарда қонақтар алаң иелерін сан соқтырып кетті.

«Жетісуды» жарға жыққан – пенальти

Талдықорғандағы «Жетісу» мен «Тобыл» арасындағы ойын екі команда үшін де маңызды еді. Екеуі де – алғашқы алтылықа ілігуден үміттерін үзбей, соңғы турларда жанталасып жүрген командалар. Әрі 6-орынға ие болуға мүмкіндіктері де, қабілеттері де жетеді. Әлбетте, осындай нақты бір орынға таласып жүрген мұндай командалардың арасындағы екеуара кездесу үш емес, “алты” ұпай сарапқа салынатын ойын деп айтылады.

Өкінішке қарай, бүгінгі Талдықорғанда өткен “алты” ұпайлық матч тағдыры пенальтимен шешілді. Әрі ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттардың соңғы секундтарында! Бас төреші Игорь Алёшин алаң иелерінің қақпасына 11-метрлік айып соққысын беріп, қонақтар оны мүлт жібермей, Талдықорғаннан үш ұпай “арқалап” кетті.

Тең түссе, екеуі де бір ұпайдан алатын еді. Алайда пенальтидің кесірінен «Жетісу» аузын құрғақ шөппенсүртуге мәжбүр болды. Әрі өзінен бір саты төмен тұрған «Тобыл» премьер-лига кестесінде алдын орап кетті.

«Жетісу» – «Тобыл» – 0:1

Гол: Шимкович, 90+3-пенальтиден.

«Жетісу»: Пасеченко, Азовский (Сағындықов 81), Джалович, Кадио, Клайн, Симоновски, Касьянов, Әмірсейітов, Шабаев, Калинин (Тұрысбек, 46), Савич.

«Тобыл»: Логиновский, Мирошниченко, Кассай, Яворский, Главина, Деак (Досмағамбетов, 71), Жулпа, Мухутдинов, Шимкович, Жұмасқалиев (Асильдаров, 74), Хижниченко (Джалилов, 84).


«Ордабасы» орға өзі «омақасты»

«Ордабасының» «Оқжетпестің» ізіне түсіп, өкшесін басып келе жатқанына біраз уақыт болды. Бесінші турдан бері жұптары “жазылмай” келе жатыр десек те болар-ау. Көкше клубы үшінші орынға шықанда, Шымкент командасы төртінші болды. «Оқжетпес» төртінші орынға түскенде, «Ордабасы» арақашықтықты бұзбай бесінші сатыға жылыстады. Тек ХІV-турдан кейін оңтүстікқазақстандықтар алтыншы орынға барып келді.

Бүгін «Ордабасының» осы «Оқжетпесті» қуып жететін тамаша мүмкіндігі болған. Өз алаңында жеңсе, екеуінің ұпайлары бірдей болып теңесер еді. Әрі алаң иелері бірінші таймда екі гол соғып алға шықты. Оңтүстікқазақстандық жанкүйерлер бөріктерін аспанға атып, мәре-сіре болды.

Бірақ бәрі де бекер екен. Үзіліс кезінде В.Мухановтың шәкірттеріне не дегені, қалай жігерлендіргені белгісіз, екінші таймда Көкше командасы екі гол соғып, таразы басын теңестірді.  

«Ордабасы» – «Оқжетпес» – 2:2

Голдар: Диакате, 30 (1:0). Сүйімбаев, 36 (2:0). Бөлешев, 54 (2:1). Юрин, 64 (2:2).

«Ордабасы»: Бойченко, Сүйімбаев, Абдулин, Трайкович, Симчевич, Диакате, Чатто, Гогуа, Нұрғалиев, Тұңғышбаев (Төлебек, 46), Касалица.

«Оқжетпес»: Стаменкович, Чичулин, Чертов, Чижов (Кислицын 22), Волков, Мангуткин, Юрин, Ристович (Бөлешев 50), Қожамберді (Жұмаханов, 71), Хайруллин, Молдақараев.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика