Вернуться к списку статей

Гридин мен Хромцов бірінші лигада гол соғып жүр

Футбол
1K
Бірінші лига додасы, Шымкент. Фото
Футболдан Қазақстан чемпионатының бірінші лигасында ХІ-турдың ойындары кеше басталып, бүгін аяқталды.

Кеше «Қыран» Шымкентте «Байқоңырды» қабылдап, 7:1 есебімен үстемдік танытқан болатын. Қалған төрт ойын бүгін өтті. Кешегі матчта теңбіл доп қақпа торында сегіз рет туласа, бүгінгі төрт ойында 13 гол соғылды. Сонда бес ойында – 21 гол! Еуропа чемпионатынан біздің бірінші лигадағы доданың өзі қызықтырақ болып тұр...

«Мақтаарал» биылғы маусымда алғаш рет ұтылды. Петропавлда жеңіп тұрып, есе жіберіп алды. «Қызылжар» футболшылары ойын аяғында үш гол соғып, оңтүстікқазақстандықтарды сеңдей соғыстырды.

Осы ойында екі голды «Қызылжардың» сапына жақында қосылған Сергей Гридин соқты. Кезінде Қазақстан құрамасының сапында ойқастаған шабуылшы бүгінде бірінші лигада доп теуіп, гол соғып жүр.

Негізі, Гридин биылғы маусымда премьер-лигадағы «Ақжайық» сапында бастаған. Бірақ Орал командасы сапында бес-ақ ойын өткізіп, көбінесе қосалқы құрам орындығында отырды. Содан басқа команда іздеп, ақыры «Қызылжардан» бір-ақ шықты.  

Гридинмен бірге «Ақжайық» сапында ойнап, премьер-лигада 15 ойын өткізіп, екі гол соққан О.Хромцов та Орал командасы сапында көп тұрақтай алмады. Өйткені оралдықтар құрамдарына басқа шабуылшы алып, Олег бұрын (яғни 2009, 2012 және 2013 жылдары) өзі ойнаған «Қайсар» клубына қайтып барды.

Хромцов бүгін «Бәйтеректің» қақпасына екі гол соғып, қызылордалықтарды риза қылды. Ендігі мақсаты – «Қайсармен» премьер-лига жолдамасын жеңіп алу. «Қайсар» болса, бүгін «Бәйтеректің» қақпасына жауапсыз алты гол соғып, көш басында басты бәсекелестерінен ұзай түсті.

«Алтай» теміртаулықтарды 2:1 есебімен ғана ұтты. Бірақ жеңістің аты – жеңіс. Шығысқазақстандықтар да қоржындарына үш ұпай салып, алғашқы алтылыққа “тұмсық” тықты. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан футбол федерациясы «Алтайдың» алты ұпайын шегеріп тастаған...

«Екібастұз» бен «Каспий» бір-бірінің қақпасна гол соға алмай, ұпай бөлісті. Ақтау командасы дәл қазіргі қарқынымен алғашқы алтылыққа іліге алмайтын секілді. Мамыр айының басында бас бапкерін алмастырған. Бірақ бұдан да нәтиже шықпай отырған сияқты...

«Қыран» (Шымкент) – «Байқоңыр» (Қызылорда) – 7:1 (4:0)

Голдар: Задорожный, 18 (1:0). Бөрібай, 23 (2:0). Задорожный, 35 (3:0). Сүлейменов, 43 (4:0). Бөрібай, 48 (5:0). Бөрібай, 51 (6:0). Жақсыбайұлы, 64 (7:0). Қарабек, 81 (7:1).


«Қызыл-Жар СК» (Петропавл) – «Мақтаарал» (Атакент, ОҚО) – 3:1

Голдар: Ыбыраев, 33 (0:1). Гридин, 76 (1:1). Соколенко, 80 (2:1). Гридин, 87  (3:1).


«Алтай» (ШҚО) – «Шахтер-Болат» (Теміртау) – 2:1

Голдар: Тәңірбергенов, 4 (1:0). Заречный, 48 (2:0). Бернацкий, 88 (2:1).


«Қайсар» (Қызылорда) – «Бәйтерек» (Астана) – 6:0

 Голдар: Нарзілдаев, 5. Павинич, 7. Хромцов, 15-пенальтиден. Марушко, 31. Павинич, 39. Хромцов, 77.


«Екібастұз» (Екібастұз) – «Каспий» (Ақтау) – 0:0



Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика