Вернуться к списку статей

“Астана” құрамын күшейтуге енді кірісті

Футбол
1K
«Астананың» жазғы маусымдағы алғашқы жаңа ойыншысы – Агим Ибраими. Фото: fca.kz
«Астана» футбол клубы құрамын күшейтуге енді кірісіп, Македония құрамасының жартылай қорғаушысымен келісімшартқа отырды.

Футболдан ел чемпионатындағы жазғы трансфер кезеңінің басталғанына бір апта өтсе де, тым-тырыс жүрген «Астана» бүгін ғана құрамына жаңа ойыншы тартқандығын ресми түрде мәлімдеді. Әрі елордалықтар мұнымен ғана шектеліп қалмас деп ойлаймыз.

Сонымен, биыл да Чемпиондар лигасында ел намысын қорғайтын «Астананың» жазғы маусымдағы алғашқы жаңа ойыншысы – Агим Ибраими. Ол – Македония құрамасының жартылай қорғаушысы. Еңбек келісімі мерзімі – 2,5 жыл.

Ерекше көңіл аударарлығы, Ибраими «Астанаға» еркін агент ретінде ауысқан. Яғни бұл ойыншы үшін ел чемпионы ешбір клубқа қыруар ақша төлемеуі керек. Өйткені, Словенияның «Мориборы» мен Македония ойыншысы бұған дейін екеуара келісімшартты өзара келісе отырып бұзған.  

Жалпы, 27 жастағы футболшы бұған дейін «Шкендия» (Македония), «Ред Булл» (Австрия), «Олимпия» (Словения), «Эскишехирспор» (Түркия), «Нафта» (Словения), «Марибор» (Словения) және «Кальяри» (Италья) клубтарының сапында өнер көрсеткен.

«Марибор» сапында Словенияның үш дүркін чемпионы болған. Әрі осы елдің кубогы мен суперкубогын қос-қостан иеленген. Ал Македония құрамасы сапында 36 ойын өткізіп, жеті гол соққан.

Агим Ибраими «Астана» сапында №9 жейдемен ойнайтын болыпты. Келісімшартқа қол қойысымен елорда клубының баспасөз қызметіне қысқаша сұхбат беріп, «мен чемпион болу үшін туғанмын, астаналықтармен Чемпиондар лигасында ойнағым келеді» депті. Яғни үш мәрте Словения чемпионы болған Македония футболшысы Қазақстанның саф алтынын да өңірінде жарқыратқысы келеді екен. 

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика