Вернуться к списку статей

Станимир Стойлов стадион туралы мұңын шақты

Футбол
2K
Станимир Стойлов стадион туралы мұңын шақты
Аптап ыстық Астанаға да келіп жетті. Алайда, «Астана-Арена» стадионының шатыры әлі күнге ашылған жоқ. Осыған байланысты елордалық клубтың бас бапкері Станимир Стойлов бізге мұңын шақты.

Шынында да, стадионның іші қапырық. Футболшыларды айтпағанда ойынды тамашалаған көрермендер де пора-пора терлері ағып, малмандай су болып шығады. Елордаға келген өзге командалардың футболшылары да осы жайын жиі айтып, «Астана-Аренада» футбол ойнау оңай еместігін айтады. Мәселен, бұған дейін «Ертіс» футбол клубының қорғаушысы Елдос Ахметовпен тілдескенімізде, «стадионның шатыры жабық болғандықтан, төменде ауа болмай, денеңді қысып тастағандай болады» - деген болатын. Енді міне, «Астананың» бас бапкері Станимир Стойлов та «Жетісумен» болған ойыннан кейін әбден мұңын шақты.

– «Астана-Аренаның» шатырын неліктен ашпай жүргенін түсінбеймін. Стадионның іші қапырық болды. Мұндай жағдайда доп тебу мүлдем мүмкін емес. Ойыншыларға оңай болған жоқ. Оларды қойшы, алаң жиегінде отырған менің өзім қиналып кеттім. Бұл футболшыларды қорлау ғой. Оларды бұлай мазақ қылғанды қою керек, - деді болгар бапкері.

– «Астана» футбол клубының бас бапкері ретінде, жалпы стадионды жалға алушы ретінде шатырын ашуды сұрап көрмедіңіздер ме?

– Клуб бұл жайлы бір емес, екі рет хат жазды. Күнде сұраймыз, күнде әртүрлі сылтау айтады. Әлбетте, қазір жауаптыны табу қиын. Бірақ, Құдай сақтасын, біреуге бірнәрсе болып қалсыншы немесе команда ұтылып қалсыншы, сонда ғана кінәліні іздеп шыға келеміз. Ал футболда қандай жағдай болмасын, кінәлі – бас бапкер. Шатырын ашқан қиын емес қой. Бір рет бел сыбана кіріссінші, ары қарай бәрі жақсы болар еді.

 Естеріңізге сала кетейік, «Астана-Арена» 2009 жылдың 3 шілдесінде ашылған. «Уикипедиядағы» ақпаратқа сенсек, стадион құрылысы 185 млн. долларды құрапты. Сиымдылығы – 30 000 көрермен. Әлгі «уикипедияда» стадионның шатыры 20 минуттың ішінде ашылып-жабылады деп көрсетілген. Бірақ, бейресми ақпарат көздері шатырдың ашылуына 4 сағаттан астам уақыттың кететінін айтады. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика