Вернуться к списку статей

Қазақстан ұлттық құрамасы Қытайды тізе бүктірді

Футбол
1K
Бірінші рет Қазақстан футболшылары Қытайды тізе бүктірді
Далянда Қытаймен жолдастық кездесу өткізген Қазақстан ұлттық құрамасы 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Бірінші таймда ойын тізгіні Талғат Байсуфинов шәкірттерінің қолында болғанымен алаң иелерінің қорғаушылары сауатты ойнап, шабуылшыларымызға гол соғатын мүмкіндік берген жоқ. Әйтпесе, Сергей Хижниченкода есеп ашатын тамаша шанс болған еді.

Үзіліске санаулы уақыт қалғанда Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Ұлан Қонысбаев өте ауыр жарақат алды. Допты қабылдап, қашып бара жатқан жерінен Қытайдың 10-нөмірлі ойыншысы Жэнь Хан арттан оңдырмай теуіп, Ұланның құлауына себепкер болды. Жерлесіміз де допты жерге сәтсіз қонып, оң аяғын морт сындырды. Енді оның жасыл алаңға қашан оралатыны белгісіз.

Екінші таймды жерлестеріміз өте қарқынды бастады. 60-минутта алаңға Азат Нұрғалиев шыққан. Шабуыл шебіндегі әріптесі Сергей Хижниченконы алмастырған «ордабасылық» ойыншы арада 9 минут өткенде осы кездесудегі жалғыз голды соқты. Әріптесінің әуелете асырған пасын баспен қақпаға бағыттаған Азат бапкерленің сенімін ақтады.

83-минутта қорғаушымыз Елдос Ахметов алаңнан қуылғанымен жерлестеріміз жеңісті есепті ұстап қалды. Осылайша тізгінді Талғат Байсуфинов ұстағалы бері Қазақстан ұлттық құрамасы үш кездесу өткізіп, екеуінде жеңіске жетсе, біреуінде тең түсті. Бәлкім, көп ойланбай, қызметті толығымен ұсыну керек шығар?! Айтпақшы, ұлттық құрамадағы жаңа рекордсменді де айта кеткен жөн шығар. Бас командамыздың жейдесін 74-ші рет киген капитанымыз Самат Смақов Руслан Балтиевтен бір ойынға озып кетті.

Қытай – Қазақстан 0:1

Гол: Нұрғалиев, 69 (0:1).
Ескерту: Жэнь Хан 44, Рон Хао 70 — Байжанов 53, Логвиненко 61, Ахметов 74, Сүйімбаев 90
Қызыл қағаз: Ахметов 83
Қытай: Ван Далэй, Жэнь Хан, Фэн Сяотин, Чжан Линьпэн, Чжао Цзянь, У Си, Хао Цзюньминь, Рон Хао, У Лэй, Ли Сюпен, Ян Сюй
Қазақстан: Лория, Шомко, Логвиненко, Малый, Ахметов, Смақов (Тағыберген 89), Байжанов (Мухудинов 67), Қонысбаев (Сүйімбаев,46), Нөсербаев (Муртазаев 76), Мужиков (Досмағамбетов 90), Хижниченко (Нұрғалиев 60)
Далянь. «Далянь» СО стадионы. 


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика