Вернуться к списку статей

Мұрат Сүймағамбетов – Ұлттық құрамамыздың Қытайды жеңуге шамасы жетеді

Футбол
2K
Мұрат Сүймағамбетов - Қытай қақпасына гол соққан Қазақстан құрамасының әзірге жалғыз ойыншысы
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы өз тарихында Қытаймен екі рет кездескен. 1997 жылы 0:3 есебімен ойсырай ұтылса, арада 10 жыл өткенде 1:2 есебімен жеңіліп қалған. Жалғыз голдың авторы – Мұрат Сүймағамбетов. Бүгінде өзінің жеке кәсібімен айналысатын «СУ-27» 2007 жылғы кездесудің әлі күнге ұмыта қоймапты.

– Маусымның әлі бастала қоймаған кезі болатын. Ақпан айының басы болса керек. Біздің ойын Қытайдың шығыс бөлігінде орналасқан Сучжоу қаласында өтті. Шыны керек, бабымызда болмадық. Матчты тамаша бастап, бірінші болып гол соғып алғанымызбен физикалық дайындығымыз әлсіздеу болды. Ойын соңында шаршап қалғанымызды сездік. Қақпамызға екі гол жіберіп алдық. Бірақ біз олардан кем түспеген едік. Тіпті, матч тізгіні біздің қолымызда болған еді. Жеңіске лайық болғанбыз.

– Голды әдеттегідей стандартты жағдайдан кейін соқтық. Жаттығулар барысында әбден дайындалған едік. Руслан Балтиев допты бұрыштамадан көтерді. Нұрбол Жұмасқалиев оны баспен түртіп жіберді. Ал мен аяғымды қоя салдым.

– Содан бері көзді-ашып жұмғанша тоғыз жылдан астам уақыт өтіп кетті ғой. Қазір екі елдің құрамдары да толығымен өзгерген. Қытай құрамасында сол кездегіден бірді-екілі ойыншы қалған шығар. Бізден тек Сэм Смақов пен Датошка Лория ғана қалды.

– Әлбетте, футбол бір орында тұрмайды. Үнемі өзгеріс үстінде. Дегенмен, әр құраманың өзіне тән менталитеті сақталады ғой. Қытайлықтардың физикалық тұрғыдағы дайындықтары жақсы. Тәртіпке қатаң. Кішкене шапшаңдау. Бойлары бізбен шамалас. Жалпы, бүгінде Қытай тек футболда емес, спорттың кез-келген түрінде дамып келеді.    

– Бізде қытайлықтардың бойлары аласа болады деген стереотип қалыптасқан ғой. Дегенмен, қорғаушылары өте бойшаң. 190 сантиметрлік бойлары бар. Әуедегі доптарға талас кезінде өте қиын.

– 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу додасындағы қарсыластарымыздың ішінде Қытай құрамасы Румынияға қатты ұқсайды. Ойын мәнерлері бір-бірінікіне ұқсас. Жабысқақ. Қасыңнан қалмайды. Сондай-ақ, табанды және шапшаң команда.


Қазақстан ұлттық құрамасының 2007 жылғы сапы

– Ертеңгі ойыннан жігіттерден тек жеңіс күтемін. Қазақстан құрамасында қазір жақсы ойыншылар өте көп. Команда жас. Көздерінен от жанып тұр. Құрамаға бірінші рет шақыртылып жатқан жігіттер де бар. Олар өздерінің ұлттық құрамаға лайықты екендіктерін дәлелдеулері тиіс. Жалпы, бірінші болып гол соғып алу керек те, қорғанысқа көңіл бөлген жөн.

– Меніңше ертең бір гол айырмашылығымен Қазақстан құрамасы жеңіске жететін секілді. Жанкүйер ретінде емес, ұлттық құраманың бұрынғы ойыншысы ретінде айтып отырмын. Өйткені, өзіңіз ойлаңыз, Талғат Байфуфинов шәкірттері негізінен қорғанысқа көңіл бөліп, қарымта шабуылдарға иек артатын болады. Ал Қытай керісінше үнемі қысым жасап отырады. Егер бірінші болып гол соғып алсақ, ары қарай оңайырақ болады. Дегенмен, тең есептің тіркелуі де мүмкін.

– Қазақстан құрамасының қзіргі минустарынан тек дайындықтың аздау болғанын айтар едім. Сондай-ақ, ойын кезінде енді ғана ұлттық құрамаға шақыртылған кейбір ойыншылардың әріптестермен түсініспеушіліктері болуы мүмкін. Басқа кемшілік көріп тұрған жоқпын. Бізде ең бастысы жігер бар.

– «Қайраттың» жібермей қойған ойыншыларын қоспағанда дәл қазір Қазақстан ұлттық құрамасында еліміздің кіл мықты футболшылары жиналған. Әлбетте, бас командаға ілікпей қалған бірді-екілі жігіттер болуы мүмкін. Дегенмен, жаттықтырушылар алқасын да түсінуіміз қажет. Олар елу ойыншы болса, соның барлығын бірден өздерімен бірге бір жолдастық кездесуге алып кете алмайды ғой. Әр нәрсе өз уақытымен. Егер шын мықты болса, бәріне де мүмкіндік беріледі. Тек сол мүмкіндікті тиімді пайдалана білуің қажет.

– Ұлттық құрамаға шақыртылған қазіргі шабуылшылардың әлеуеттері өте жоғары. Роман Муртазаев болсын, Сергей Хижниченко мен Таңат Нөсербаев болсын, кез-келген жағдайдан гол соға алатын сұрмергендер. Оларға тек шабуылды бастап беру қажет, ары қарай өздері түйіндеп береді.

– Соңғы кездері ұлттық құрамаға сырттан шабуылшы шақырту қажет деген пікірлерді естіп қалып жүрмін. Мен мұндай нәрсеге қарсымын. Өзімізде де жақсы шабуылшылар жетерлік. Жастардың арасында жанып тұрғандар көп. Мәселен, ел чемпионатының сұрмергендер тізімінде өзіміздің Роман Муртазаев көш бастап тұр. Өте жақсы шабуылшы. Тек сену оларға сеніп, қолдай білу керек. Әйтпесе, бір-екі матч гол соқпаса, жазғыра жөнелетіндер өте көп. Осылайша олардың құлшынысын қашырып, еңселерін түсіріп тастаймыз. Гол соқпай-ақ, командаға орасан пайдасын тигізетін шабуылшылар болады. Оны да ұмытпайық. Ал шетелдік ойыншыларға Қазақстанның төлқұжатын беріп, ұлттық құрамаға тарттық. Одан не пайда? Ендеше 11 ойыншының барлығын сырттан шақырып, өзіміз алаң жиегінде тамашалап отырайық. Бұдан кімге пайда? Бүгін бар, ертең жоқ ойыншылар ешқашан ел футболының көсегесін көгертпейді.

– Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтыруды Талғат Байсуфинов пен Нүркен Мазбаев тандемі жалғастыра берсе екен деймін. Олар өте білікті мамандар. Сенімді ақтаулары тиіс. Ал шетелдік мамандар Қазақстан футболының жағдайы жақсы білмейді. Үйреніскенше біраз уақыт қажет болады. Оның үстіне, оларды шақырғаннан осы уақытқа дейін мықты болып кеткен еш жеріміз жоқ.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика