Бірден айта кетейік, соңғы сәтте құрама сапында біршама өзгерістер жүзеге асты. Атап айтқанда, «Қайрат» футбол клубы өз ойыншыларын Қытай құрамасымен өтетін жолдастық кездесуге жіберген жоқ. Олар – қақпашы В.Плотников, қорғаушы Е.Қуантаев және жартылай қорғаушылар Б.Исламхан мен И.Қуат.
Сонымен қатар, «Астана» клубының қорғаушысы А.Бейсебеков те жарақатына байланысты Қытайға бара алмады. Бірақ елорда командасының ұлттық құрама сапына шақыртылған қалған бес ойыншысы Т.Байсуфиновтың қол астына жиналған футболшыларға қосылды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, құрама сапына келмей қалған футболшылардың орны резервтегі жігіттермен толықтырылды. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері міндетін атқарушы Талғат Байсуфиновтың айтуынша, соңғы сәтте қосылғандар: қақпашы С.Отарбаев («Ақтөбе»), қорғаушы Б.Айтбаев («Тараз»), жартылай қорғаушылар Т.Досмағамбетов және А.Мухутдинов (екеуі де – «Тобылдан»).
Айтпақшы, бүгін – Нүркен Мазбаевтың туған күні. Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы 44-ке толып отыр. Енді құрама сапындағы футболшыларымызға 7 маусым күні нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп, сыйлық жасауға тырысу керек.
Ал Қытай құрамасы кеше Тринидад және Тобаго футболшыларымен жолдастық кездесу өткізіп, 4:2 есебімен жеңіске жетті. Біздің футболшылар болса, бүгіннен бастап қана сейсенбі күні өтетін кездесуге дайындалады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан және Қытай құрамалары арасындағы жолдастық кездесу 7 маусым күні Далянь қаласында өтеді. Матч жергілікті уақытпен 19:30-да (ал Астана уақытымен 17:30-да) басталады. Бұл ойын «Хабар» телеранасы арқылы көрсетіледі.