Вернуться к списку статей

Жазғы трансфер: Қай командаға қандай ойыншы керек?

Футбол
2K
Трансферге жеткізбей допты қағып ал... Фото: fckairat.kz
Жазғы трансферлік тіркеу кезеңіне сегіз күн ғана қалса да, премьер-лигадағы кейбір командаларымыз өздеріне қажетті футболшыларды іздеуді әлдеқашан бастап та кетті.

Қайрат (Алматы)

Трансфер "нарығында" Алматының «Қайраты» ауызға жиі ілігеді. Өйткені аталған клубтың орталық қорғаушысының бірі жарақаттанып, қатардан шығып қалды.

Естуімізше, бразилиялық Бруно Соарестің тізесіне Германияда ота жасалып, ол маусым аяғына дейін командасына көмектесе алмайтын сияқты. Оның орнына кім алынады? «Ертістен» Малый ма, әлде басқа ма, алдағы уақытта белгілі болады.

Айтпақшы, тағы бір бойы сырықтай қорғаушысы Жарко Марковичке «Црвена Звезда» клубының шектен тыс қызыққаны да отандық басылымдарда жарияланған. Бірақ «Қайрат» сербиялық орталық қорғаушысын отанына жібермейтін секілді.

Жалпы, алматылықтарға шынымен де, қорғанысын нығайтқан дұрыс сияқты. Әйтсе де, «Қайраттың» ресейлік және грузиялық жартылай қорғаушыларға "құда түсіп" жүргендігі жайлы ақпараттар әр жерде жарық көріп жүр. Бірақ ресми түрде ешқандай нақты мәлімет жоқ.

Астана

«Астана» керісінше, қорғанысына алаңдамайды. Дәл осы шебінде бәсекелестік бар. Бас бапкері тіпті орталық қорғаушыларының бірін қапталға қойып, оларды жиі сапырылыстырып отырады.

Жалпы, «Астана» клубына деңгейі жоғары шабуылшы және жартылай қорғаушылар керек сияқты. Жазға дейін жалға алынған Аруна Лукман мен Бесарт Абдурахими келген жолдарымен кері қайтып жатса, таңқалмаймыз.

Енді бір көңіл аударарлығы, елорда командасының болашақ жұлдызы, серб саңлағы, 21 жастағы Неманья Максимовичке көз салушылар көбеймесе, азаймай отыр.

Ертіс (Павлодар)

Әрине, «Ертіс» те жазғы трансфер кезінде құрамын нығайтқанды теріс көрмейді. Жүлделі орындардың біріне ие болу үшін деңгейі жоғары футболшылар керек-ақ.

Десек те, дәл қазір Павлодар клубына құрамындағы белді ойыншыларын сақтап қалу да өте маңызды сияқты. Себебі Гогуа, Малый секілді үздіктеріне Қазақстан премьер-лигасындағы қайсыбір клубтар қызығып та жүргендей...

Ордабасы (Шымкент)

«Ордабасы» сенімді қақпашы тауып алмаса, болмайтын сияқты. Әрине, Бекбаев та Бойченко да – жақсы жігіттер. Бірақ екеуі де маңызды ойындарда қателесіп, оқтын-оқтын сынға ілігіп келеді.

Бұл командада шабуылшы көп. Содан болар, серб Милош Трифуновичтің Шымкенттен кетуі мүмкін екендігі жайлы ақпарат отандық басылымдарда жарияланып та үлгерді.

Біздің ойымызша, Еуропа лигасында ел намысын қорғайтын клубқа қақпашымен қатар, шабуыл ұйымдстыра білетін жартылай қорғаушы да керек сияқты. Диакате мен Чатто қорғанысқа бейім, Әшірбеков алаңға көп шықпайды, сонда орталық алаңда ойқастайтын – Нұрғалиев қана.

Оқжетпес (Көкшетау)

«Оқжетпеске» орталық қорғаушы мен шабуылшы керек секілді. Жалпы, Көкше клубы маусым басында ойыншыларын ресми түрде тіркегенде де, қорғаушыларының тым аз екендігі байқалған.

Қақпашысы қанша тәжірибелі, жылпың болса да, Алматыда оңбай ұтылды. Қорғанысының бел ортасында Чижов пен Чертовқа бәсекелестер қажет-ақ.

Ал шабуыл өтінде Жасұлан Молдақараевқа серік болар шабуылшы аздық етпейтіндей. Өйткені бапкерлері Бөлешевті әр тур сайын 90 минуттан ойнатпайды, ал Алхазовтың деңгейі Ресейдің төменгі лигаларынан аспайтындай.

Ақтөбе

«Ақтөбе» биыл Еуропа кубогында еліміздің намысын қорғайды. Сондықтан қақпасынан басқа барлық шебін күшетсе де, артық етпейтіндей. Әсіресе, бесаспап шабуышы керек-ақ.

Қазақстан премьер-лигасындағы сұрмергені – Самат Смақов. Команда капитаны әзірше бес гол соқты. Оның төртеуін пенальтиден енгізді. Алайда Еуропа лигасында ел чемпионатындағыдай пенальти соғу мүмкіндігі жиі болмайтын шығар.      

Жетісу (Талдықорған)

«Жетісу» – жетінші орында тұрса да, Қазақстан премьер-лигасында өз қақпасына ең көп гол жіберген команда. 13 ойында 20 рет қақпасының торынан доп қармады. Осының өзі-ақ қай шебін күшейту керек екендігін меңзеп тұрған жоқ па?

Екі қақпашысы жасыл алаңға алма-кезек шығады. Шабанов жеті ойында 13 рет, Пасеченко алты ойында жеті рет қапы қалды. Қайсысы негізгі қақпашы? Бәлкім, бар кінәрат қорғанысында болар? Яғни, тасқамал, жанкешті қорғаушылар да керек-ақ...

Атырау

«Атырау» бас бапкерін отставкаға жіберіп, тізгінді Юрий Коньковқа ұстатқалы нәтижелі ойын өрнегін көрсете бастады. Азуы алты қарыс «Астанаға» алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татқызды. Іле-шала түзде «Тобылды» тізе бүктірді.

Тек ХІІІ-турда өз алаңында «Ертістен» ұтылып қалды. Негізі, ұтылған жоқ еді. Бірақ төрешілер таразы басын теңестірген таза голдарын есепке алмады.

Айтпағымыз, «Атырау» жазғы трансфер басталмай жатып, өзекті өзгеріс жасады. Әйтсе де, шабуылын күшейту керек сияқты. Атыраулықтар – премьер-лигадағы голды тым аз соғатын командалардың бірі.  

Тобыл (Қостанай)

«Тобыл» жақында ғана жаңа бас бапкер бекітті. Негізі, құрамы жаман емес. Әсіресе, қорғанысында тәжірибелі ойыншылары өте көп. Бірақ қақпашыларына ширай түсу керек сияқты. Логиновский мен Петухов 12 ойында 14 гол жіберіп алды. Аз емес, әрине.

Сондай-ақ, голды көп соққан ойыншылары жартылай қорғаушылары болып тұр. Томаш Шимкович пен Нұрбол Жұмасқалиев үш голдан соқты. Ал шабуылшыларының, атап айтқанда, К.Дудченко мен С.Хижниченконың еншісінде – екі голдан ғана.     

Шахтер (Қарағанды)

«Шахтер» де трансфер кезеңі басталмай жатып, белсенділік танытып отыр. Баспасөз беттерінде 32 жастағы босниялық қорғаушы Никола Василевичтің кеншілер клубы сапына қайтып келетіндігі жарияланды.

Негізі, «Шахтердің» қорғанысы онсыз да осал емес сияқты. Бірақ Василевичтей Қарағанды жанкүйеролерінің сүйікті ойыншысы ешқашан артық етпейді. Жалпы, кеншілер командасы үшін негізгі мәселе гол соғу болып тұр.

«Шахтер» 13 ойында бес-ақ  гол соқты. Финонченко екі гол соққанымен, бұрынғыдай емес, жасы болса келіп қалды. Ал жас шабуылшылары сенім үдесінен шыға алмай жүр. Жалпы, бас бапкерін ауыстырып жатса да, таң қалмаймыз.   

Ақжайық (Орал)

«Ақжайық» та құрамын екшеуді әлден бастап кетті. Шабуылшы Сергей Гридинмен екеуара келісімшарттың ұзартылмайтыны қазірден белгілі болып отыр. Негізі, бірінші лигадан келген Орал командасына қай шебін күшейтсе де артық етпейдіндей.

«Ақжайық» та екі қақпашысына алма-кезек мүмкіндік беріп келеді. Қалменов алты ойында сегіз доп, ал Багаутдинов жеті матчта 10 гол жіберіп алды. Қорғаушылары арасында да көпшілікке танымал, тәжірибелі тарланбоздар көп емес.

13 ойында алты-ақ гол соққандарын да айта кеткен жөн болар. Шабуыл өтінде еңбекқорлығымен көзге түсіп жүрген Олег Храмцов пен «Қайратқа» гол соғуға төселіп алған жартылай қорғаушы Руслан Валиуллин екі голдан соқты.    

Тараз

«Тараз» бас бапкерін ауыстырғалы әлі ұтылған жоқ. Түзде «Ақтөбе» және «Оқжетпес» командаларыман тең түсті. Жаңа бас бапкері Юрий Максимов «бұл команда өз әлеуетін толықтай жүзеге асырғанда қол жеткізген – жетістігі» деп отыр.

Яғни құрамын күшейтпесе болмайтындай. Жергілікті ойыншылары жетіле түскенше, сақа футболшылар керек сияқты. Бірінші кезекте қорғанысы мен жартылай қорғанысын (орталық шебін) күшейтуге тырысатын шығар.

Естеріңізге сала кетейік, жазғы трансфер кезеңі келесі аптада, яғни 8 маусым күні ашылып, 5 шілдеде жабылады.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика