Вернуться к списку статей

"Жетісуды" жетістірмеген Тетрадзе "Тобылдың" көсегесін көгерте ала ма?

Футбол
1K
Бүгін Қостанайдың «Тобыл» футбол клубы ресейлік маман Омари Тетрадземен ресми түрде келісімшартқа отырды. Енді жаңа бапкер команданы «Ордабасымен» болатын ойынға дайындайды.

Қостанайлықтардың бүгінгі құрамы адам қызығарлықтай. Әу бастағы бас бапкері Дмитрий Огай әр қапталға ойыншыларды шертіп тұрып таңдаған. Бірақ ойынды үйлестіре алмады. Маусымды тамаша бастап, қатарынан екі ойында жеңіске жеткенімен әрмен қарай сәтсіздіктен көз ашпай қойды. Алдымен түзде «Ордабасыны» артық құраммен ұтып жатып, тең түсіп қалса, одан кейін өз жерінде «Ақтөбеден» ұтылды. «Астанадан» да жеңілді. «Жетісумен» тең ойнап қалды. Ал кубоктық кездесуде өз алаңында Бірінші лиганың «Қызыл-Жарынан» ұтылғаннан кейін клуб басшылығының шыдамы шегіне жетіп, келісімшартты үзді.

Огайдан кейін тізгінді Олег Лотов ұстады. Әлбетте, жас маман. Бірақ, мүмкіндік берілді ғой. Оның бұл қызметте қанша уақыт отыратыны өзіне ғана байланысты еді. Егер өзін көрсете алғанында қолына толық карт-бланш беруі де ғажап емес болатын. Лотов қостанайлықтарды алты ойынға дайындады. Әжептеуір бастап, бірінші матчында «Таразды» 1:0 есебімен жеңді. Дегенмен, одан әрі ойынынан мән кетті. Сол алты кездесудің біреуінде ғана жеңіске жетсе, біреуінде тең түсіп, қалған төртеуінде ұтылып қалған екен.

Енді «Тобылды» ресейлік маман Омари Тетрадзе жаттықтырады. Бізге жақсы таныс маман. 2013 жылдың ақпан айында Талдықорғанның «Жетісуына» бас бапкер болып тағайындалған. Сол маусымда жетісулықтар турнир кестесінде 9-орыннан көрінді. Ал келесі жылы, яғни 2014 жылдың қыркүйегінде командадан кетті. Клуб сол маусымды 8-орында аяқтаған болатын.

Жалпы, жаман маман емес. Өте интеллигентті бапкер. Артық сөзі жоқ, бірақ сөйлегенде сөздің түбін түсіреді. Өзін қай ортада болмасан лайықты ұстай біледі. Дегенмен амбициясы үздік алтылық, қала берді қола жүлде деп отырған қостанайлықтарды өрге сүйрей ала ма? Рас, Ресей Премьер-лигасында қызмет атқарған. Ол жағынан тәжірибесі бар. Бірақ жетіскен жетістігі жоқ. Тек 2009 жылы «Анжиді», 2010 жылы «Волганы» Ресей чемпионатына шығарған демесеңіз, бас бапкер ретіндегі басқа ешнәрсесін атап өте алмаймыз.

Не болса да әліптің артын бағайық. Бәлкім, Тетрадзенің бағы Қостанайда ашылар.

Омари Тетрадзе Тобол

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика