Вернуться к списку статей

“Астана” мен “Ертіс” биылғы маусымда алғаш рет ұтылды

Футбол
1K
Фото fckairat.kz сайтынан
Бүгін Қазақстан премьер-лигасының бірінші айналымы аяқталды. Он бірінші турда көшбасшылардың екеуі де ұтылды.

Оқжетпес Тобылментең түсті

Бүгін көш басындағы үш команда да ұпай жоғалтты. Бірінші айналымның аяғына қарай кейбір командалар шаршаңқырап қалған ба, әйтеуір көшбасшылар сүрінді.

Әуелі «Оқжетпес» өз алаңындағы ойында «Тобылда» айласын асыра алмады. Бірінші таймның басында гол соғып алып, алға шыққандарымен, ойын аяғында қонақтардың таразы басын теңестірулеріне мүмкіндік беріп қойды.

Әйтсе де, Көкше клубы үшінші орынға шықты. Кеше алдын орап кеткен «Ордабасыны» қуып жетті. Ал «Тобылдың» алғашқы алтылыққа жақындай түсті, енді екінші айналымда үздіктер қатарына ілігу үшін қамшыны басуы керек. Мүмкіндік әлі бар.

«Оқжетпес» – «Тобыл» – 1:1

Голдар: Нганбе, 16 (1:0). Хижниченко, 88 (1:1).

«Оқжетпес»: Стаменкович, Куксин, Чертов, Чижов, Волков, Богданов, Еоне, Нганбе (Ристович, 78), Хайруллин (Юрин, 90+3), Молдақараев, Бөлешев (Қожамберді, 67).

«Тобыл»: Петухов, Мирошниченко, Яворский, Кассай, Главина, Жулпа, Шимкович, Деак (Розыбакиев, 88), Мухутдинов (Досмағамбетов, 78), Жұмасқалиев, Хижниченко (Н’Диайе, 90+1).

Оралда ойын тағдырын пенальти шешті

Оралда да тартысты ойын өтті. Қонақтар ойын басталған бетте гол соғып алып, алаң иелері есепті теңестіруге тырысып, бар күш-жігерін салды. Содан 77 минут бойы тер төгіп жүріп, әзер дегенде таразы басын теңестірген. Алайда оралдықтарға бұл ойыннан бір ұпай олжалау да бұйырмай тұр екен. 

Ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттарда «Жетісу» 11-метрлік айып соққысын орындау мүмкіндігіне ие болды. «Ақжайықтың» белді ойыншыларының бірі Предраг Говедарица бас төрешінің дәл алдына тізерлеп отыра кетіп, «жалбарынса» да болмады.

Ысқырық шалған Абданбаев басын шайқады. Өйткені серб футболшысы қонақтардың шабуылшысын шалғымен орып түсіргендей, ту сыртынан келіп, шалып жыққан болатын.

«Ақжайық» – «Жетісу» – 1:2

Голдар: Симоновски, 3 (0:1). Хромцов, 80 (1:1). Савич, 90+1-пенальтиден (1:2).

«Ақжайық»: Багаутдинов, Омаров (Хайыров, 79), Сапанов, Колуния, Тапалов, Говедарица, Сергиенко, Мальцев (Валиуллин 57), Ортиз, Хромцов, Бегалин (Гридин, 84).

«Жетісу»: Пасеченко, Әмірсейітов, Кадио, Клайн, Моисов (Калинин, 62), Тұрысбек (Әділханов, 90+4), Шабаев, Симоновски, Сағындыков, Джалович, Савич.

Астана Атырауда сүрінді

«Астана» бірінші айналымның соңы турында сүрінді. Биылғы маусымда алғаш рет жеңіліске ұшырады. Басты бәсекелестерінің бірінен емес, көш соңында көсіле алмай жүрген «Атыраудан» ұтылды.

Бірінші таймның ортасына таман алаң иелерінің жас футболшысы Алтынбек Сапаров шірене тепкен допқа ел чемпионының қорғаушылары да, қақпашысы да үлгере алмай, қапы қалды.

Ал оған қолмен қойғандай етіп, тамаша пас шығарып берген, «Астананың» бұрынғы ойыншыларының бірі – Қонысбаев. Ұлан бұл ойында жанкештілік танытты.

Жаңбыр толассыз жауып, «Мұнайшы» стадионының жасыл алаңы да өрнекті ойын үлгісін көрсетуге мүмкіндәік бермеді. Сондықтан астаналықтар «Атыраудың» қақпасын алыстан нысанаға алуға көшті. Бірақ бұдан ешқандай нәтиже болмады.

Толарсақтан су кешіп жүріп, қонақтар алға ентеледі, ал алаң иелері олардың шабуылдарын тойтарумен болды. «Астана» футболшылары бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп алып, гол соға алмай пұшайман болды...

«Атырау» – «Астана» – 1:0

Гол: Сапаров, 22.

«Атырау»: Нарзикулов, Балтаев, Ламанж, Эссаме, Дамчевски, Куртеян, Трытко, Эсатов, Конысбаев (Чуреев 65, Кузьмин 73), Сапаров, Аржанов (Коробкин 54).

«Астана»: Эрич, Постников, Логвиненко, Аничич (Шомко, 65), Гурман (Щеткин, 83), Каньяс, Твумаси, Максимович, Мұжықов (Аруна, 72), Нөсербаев, Деспотович.

Ертіс Алматыда ұтылды

«Қайрат» өз алаңында «Ертісті» ұтып, көшбасшыларға бір табан болсын жақындай түсті. «Ертіс» алаңға негізгі құрамдағы кейбір ойыншыларын шығара алмады. Әйтсе де, «Қайраттың» дүлей шабуылына төтеп беру үшін бес қорғаушымен ойнады.

Бірақ «Қайрат» футболшылары енді арқаны кеңге салып, емін-еркін ойнауға болмайтынын біледі. Сондықтан аянбай тер төгіп, толассыз шабуылдаумен болды. Сондай шабуылдарының бірі нәтижелі аяқталды. Ал бірнеше қауіпті шабуылдарын қонақтардың қақпашысы Д.Лория тойтарды.

Жалпы, бұл ойында Исаэль мен Исламхан ерекше көзге түсті. Ал Аршавин ойынның аяғында ғана алаңға шықты. Сондай-ақ қонақтардың үздік ойыншыларының бірі Гогуа да екінші таймда ойынға қосылды.

«Қайрат» – «Ертіс» – 1:0

Гол: Исаэль, 22.

85-минутта Малый («Е») екінші рет ескерту алып, алаңнан қуылды.

«Қайрат»: Плотников, Қуантаев, Маркович, Рудосельский, Тесак, Тимощук (Лунин 87), Бакаев, Қуат, Исламхан (Аршавин, 79), Исаэль, Гоу (Тавамба, 73).

«Ертіс»: Лория, Ахметов, Малый, Фрейдгеймас (Фаль 83), Есімов, Йирсак, Алиев (Гетериев, 80), Фонсека, Керла, Джаллоу, Мұртазаев (Гогуа 62).


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика