Вернуться к списку статей

Тимур Сегізбаев – 75 жаста!

Футбол
2K
Бүгін – қазақ футболының көрнекті тұлғасы Тимур Сегізбаевтың туған күні. Ел футболының атасы атанған ардагер 75-ке толды.

Тимур аға 1941 жылы 12 мамырда туған. КСРО спорт шебері. Қазақ КСР және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. ҚР еңбек сіңірген қайраткері. «Отан» орденімен марапатлаған. Осыған орай, біз сіздердің назарларыңызға Тимур ағамен ертеректе болған сұхбатты ықшамдап ұсынып отырмыз.

– Тимур Санжарұлы, сіз қазақ футболында үш қырыңыздан танылған азаматсыз: футболшы, бапкер және спорт қайраткері. Әңгімемізді осының біріншісінен бастасақ. Себебі, сіз бутсыңызды шегеге тым ерте ілдіңіз ғой?

– 1970 жылы аяғымның жарақатына байланысты, ойыншы ретінде жасыл алаңмен қоштасуға мәжбүр болдым. Бұл жарақат 68 және 69 жылдары да жасыл алаңдағы өз мүмкіндігімді толық көрсетуіме кедергі болды. Сол жылы «Қайратты» жаттықтырған әйгілі бапкер Севидов та «жарақатыңды емдетіп, толық айыққан соң қайта орал» деп үгіттеді. Бірақ мен жарақатымның көсіле шабуыма бәрібір кедергі боларын біліп, осындай шешім қабылдадым.

– Сіз сол кезде нешеде едіңіз?

– 29-да болатынмын. Сол жылы 9-мамыр күні Орталық стадионда менің футболмен қоштасуым салтанатты түрде аталып өтті. Мен өзімнің 10-нөмірлі жейдемді Владимир Чеботаревқа табыс еттім.

– Алаңдағы өзіңіздің артықшылығым деп санайтын қабілеттеріңізді атап өтсеңіз?

– Мен ешқашан зулаған доптың бағытын сәл өзгерткенсіп, гол соққан адам емеспін. Көбінесе алыстан соғатынмын. Анзор Кавазашвилидің өзіне 40 метрдей жерден гол соққанмын. Допты қолмен ауттан алысқа лақтыратынмын. Осылай лақтырған доптарымның да бірталайын командаластарым кәдеге асырып, гол соғып жүретін. «Подкат» әдісін де (қарсыластың аяғындағы допты көгал бетімен ұзыныңнан жантая сырғанап келіп, қақшып алу немесе қағып жіберу) ұтымды қолдана білетінмін. Сонан кейін... ерінбей еңбектене беретіндігім деп ойлаймын. Ол кез голландиялықтар енгізген «тотальды футбол» дәуірі еді ғой.

– 60-жылдардың екінші жартысында «Қайрат» Кеңес Одағында«Тимур және оның командасы» деп те аталып жүрді ғой.

– Команданың капитаны болдым. Ұжымдағы жігіттердің бәрі де сыйлайтын. Сол қанаттағы хавбек (шабуыл өтіндегі жартылай қорғаушы) міндетімді абыроймен атқаруға тырысатынмын.

– Одан кейін бапкерлік өміріңіз басталды...

– Жейдемді шешкеннен кейін көп тостырмай бапкерлік өмірімнің де басталғаны рас. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген соң Х.Бектұрғановтың шақыртуымен Қызылордаға бардым. «Б» санатындағы «Автомобилист» командасын жаттықтырдым. 

– Сіздерден кейінгі буын «Хасан Шаяхметұлы Қызылорда футболына өлшеусіз еңбек сіңірген азамат еді» деп естиміз.

– Қызылордадағы Орталық стадионның өзін Бектұрғанов салып кеткен. Футболдың нағыз жанашыры еді. Бірақ Қызылордада ұзақ болған жоқпын. КСРО чемпионатының І-тобындағы «Шахтер» шақыртып, 2 жыл Қарағандыда жаттықтырушы болдым. Лобановский, Базилевич, Кучеревсий, Соловьев сынды бапкерлермен стратегиялық сайысқа түсіп, ысыла бастадым. 1973 жылдан бастап «Қайратта» көмекші жаттықтырушы болдым. 1976 жылдан бастап «Қайратты» С.Каминский екеуміз жаттықтыра бастадық. Үш жыл (1982-85) Йеменде жаттықтырушы болдым. Ал 1986 жылдан бастап «Қайратты» жеке жаттықтырдым.

– Сіз өзіңіз ойнаған жылдары «Қайратта» бапкерлер жиі ауысты ғой. Тіпті Севидов та Алматыға келді. Солардың қайсысын өзіңізге үлгі тұттыңыз?

– Мен нақты пір тұтқан жаттықтырушым болған жоқ. Біз ол кездері Б.Аркадьевқа, Г.Качалинге, К.Бесковқа қарап бой түзейтінбіз.

– Ал мақтан тұтатын, сүйікті шәкірттеріңіз бар ма?

– Олар көп қой. Ешқайсысын бөле-жара атай алмаймын. Сол үздіктердің қатарында Хапсалис, Волгин, Яровенко, Пехлеваниди, Нейштетер, Масудов, Нидергаус және т.б. қосуға болады.

– Одан кейін Қазақстанның футбол «шаруашылығын» басқаруға араласа бастадыңыз. Бұған да тоқтала кетсеңіз?

– 1989 жылы шілде айында Қазақстан Республикасының футбол қауымдастығы (ФАРК) құрылды. Оның президенті болып сайланған З.Нұрқаділовтің екі орынбасары болды. Мен осы екеуінің бірі болып, ФАРК-тің спорт жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. 1989-1994 жылдар аралығында ФАРК-тің вице-президенті, ал 1994-1998 жылдары президенті болдым. 1998-2002 жылдары ФАРК пен Қазақстан Футбол Одағының (2000 жылы құрылған) бас хатшысы болдым. 2002 жылдан бастап Р.Әлиевтің кеңесшісі де болғанмын. Осы жылдардағы аса бір елеулі оқиға 1994 жылы Халықаралық футбол қауымдастықтары федерациясының (ФИФА) Чикагодағы 59-Конгрессінде болды. Тәуелсіз Қазақстанның қасиетті рәмізі, көк байрағын ФИФА-ның президенті Жоа Авеланжға табыс еттім. Сол кезден бастап Қазақстан ФИФА-ның толыққанды мүшесі болды.

– Осы жылдары алдыңызды шәкірттеріңіз орап кеткен кездер болды ғой. Және қазіргі кездегі қазақ футболының құлағын ұстаған азаматтар да сізді әдеппен зейнетке шығарған сияқты?

– Иә... 1998 жылы да, қазір де сыртымнан «тон пішіліп», қызметімнен ығыстырылдым. Көңіліме кірбің түскені рас. Мысалы, мен жұмыс орныма келсем, орнымда басқа адам отыр. Жасып қалады екенсің. Жүзбе-жүз айтып, алдын-ала ескертуге де болатын еді ғой. Артынан айтқаннан не пайда? Бірақ мен кек сақтамаймын. Ешкімге де сырттай өкпе жиып жүрген жан емеспін. Осының барлығын естіп-көріп отырған халық бәрін де түсінеді. Ең бастысы, мені халық сыйлайды. Мен үшін жекелеген адамдардың көзқарасынан гөрі халықтың ниеті қымбат. Жыл сайын жасөспірімдер арасында менің атымдағы халықаралық турнир өтеді. Бұл үлкен сый-құрмет!

– Қазіргі кезде бір мәселеге келгенде бүкіл елдің пікірі екі айырылады. Ол – ұлттық құрамаға бас бапкер тағайындау. Сіз қайсысын қолдайсыз?

– Мен шет елден бапкер шақыртқанға үзілді-кесілді қарсымын. Өз мамандарымызға сенім артқан дұрыс деп түсінемін.

– Қазақстан футболын өзіңіз басқарған жылдары Қазақстан құрама командасы Әлем чемпионатына бір саты жетпей қалып еді ғой. Сол кезде Әлем чемпионатына жолдама жеңіп алуға болар ма еді?

– Футболда спорттық сәттілік деген болады. Осы тұрғыда айымыз оңынан туды дей алмаймын. Алғашқы ойындардың сырт алаңдарда өтуі және бірінші ойында-ақ ірі есеппен ұтылып қалуымыз (0:3) жігіттердің сағын сындырып кетті. Әйтсе де, сол кездері іріктеу ойындарының бірінші сатысындағы барлық ойындарын жеңіспен аяқтаған футболшыларды сыйақымен жігерлендіре білгенде, жағдай мүлде басқаша болар еді. Жолдамаға да қол жеткізуге болатын еді. Әйтсе де, біз іріктеу ойындарының екінші сатысында да өз алаңымызда бірде-бір ойында ұтылған жоқпыз.

– Шетелдерден ағылып келіп жатқан келімсектерге деген көзқарасыңыз қандай? 

– Мен бұған қарсымын. Себебі, олардың басым көпшілігінің деңгейлері өз футболшыларымыздан асып түсіп жатқан жоқ қой. Одан да өз жастарымызды шыңдай бергеніміз дұрыс болар еді. Мен де 18 жасымнан бастап үнемі алаңға шыға бастағанмын.

– Жыл сайын қоңыр күзде Қазақстанның ең үздік футболшысын анықтау рәсімі жүргізіледі. Ол үшін бапкерлердің, ардагер футболшылардың, мамандардың және журналистердің пікірлері жиналып, қорытынды шығарылады. Менің байқағаным, сіз жылда қазақ балаларын бірінші атайсыз немесе үш адамның орнына бір-ақ қазақты жазасыз. Сырын білуге бола ма?

– Маған жұрттың бәрі «өзіңнен кейін, Байшақов пен Ордабаевтан кейін қазақ жігіттерінің ішінен жарқыраған жаңа есім шықпай қойды» деп айта береді. Мен әдейі қазақ балаларын бірінші атаймын. Ондағы арман-мақсатым, сол жас жігіттер өздері үшін ғана футбол ойнап жүрмей, бүкіл иісі қазақтың намысын қорғап жүргенін жете түсінсе екен деймін. Осыны түсіне отырып, футболға деген жауапкершіліктерін арттыра түссе екен деп тілеймін. Бірақ әзірше олардың бәрі де сенімді ақтамай келеді...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика