Вернуться к списку статей

"Рузаевка" командасының жетекшісі Игорь Романенко – Екінші лигаға қатысу үшін 20 миллион теңге жеткілікті

Футбол
2K
Игорь Романенко
Бұған дейін әуесқойлар деңгейінде өтіп жүрген Екінші лиганың биылдан бастап кәсіпқой мәртебесін алғанын талай жаздық. Соған сәйкес, турнир жүйесі өзгергенін де атап өткенбіз. Көбісі бұған сын көзбен қарап, әуесқой футболдың тамырына балта шапқан біріншілік болғанын да жиі айтуда. Дегенмен, «Рузаевка» футбол клубының жетекшісі, әрі бас бапкері Игорь Романенко Кәсіпқой футбол лигасының бұл бастамасын қолдап, болашағы зор турнир екенін айтып сендірді.

– Игорь Алексеевич, Екінші лиганың биылғы жүйесін сынға алып жатқандар көп. Сіздің көзқарасыңыз қалай?

– Меніңше, жақсы бастама. Өйткені, бұған дейін Екінші лиганың тек аты ғана бар болатын. Бірақ ешкімді де қызықтырмайтын. Командалар жылына бір рет бір жерде жиналатын да, өзара мықтыны анықтай салатын. Қазір турнир толыққанды біріншілікке айналды және оған деген қызығушылық та артты.

– Дегенмен, көбі Екінші лигаға тек «Рузаевка» мен шымкенттік №7 МБЖСМОР командалары ғана қосылғанын, былтырғы дублерлар біріншілігінен еш айырмашылығы жоқ екенін айтады. Мен де осындай пікірдемін.

– Сіз дұрыс түсініңіз. Бәрі де осылай басталады ғой. Ешнәрсе бірден керемет болып кетпейді ғой. Футболды кәсіпқой деңгейге көтеру керек. Сонда нәтиже болады, сол кезде халықтың қызығушылығы артады. Біздің Екінші лигаға шығуымызға байланысты қазір біздің ауданда үлкен серпіліс пайда болды. Кішкентай ғана стадионымыз бар. Өз алаңымызда өткен сол кездесуде көрермен лық толып отырды. Меніңше, әр ауданның өзінің осындай футбол командасы болуы тиіс. Оған көп қаржы да қажет емес. Ал дублерлар біріншілігінен айырмашылығы жоқ дейсіз. Былтыр дубльдік командалар арасындағы біріншілік кімге қызық болды? Бұқаралық ақпарат құралдары бүгінгіндей құлшына жазбайтын. Футболсүйер қауым ол туралы көп біле де бермейтін. Қазір спорттық сайттардың бәрінде Екінші лига туралы толық ақпарат табуға болады.

– Алайда, өзіңіз ойлап қараңызшы, спорттық принціп бойынша жеңімпаз атанған команда жоғарғы топқа өтуі тиіс. Бірақ Екінші лигада «Қайрат» пен «Рузаевкадан» басқаларына Бірінші лига қажет емес. Егер басқа команда жеңімпаз атанса, олар жоғарғы топқа шығудан бас тартады деген де қауіп бар ғой.

– Мұндай қауіп қашаннан болған, әрдайым бола береді де. Еурокубок жолдамасын жеңіп, алып бас тартқандар да жеткілікті. Мәселен, қалай ойлайсыз, Бірінші лигадан Премьер-лигаға шығуды мақсат етіп отырған қанша команда бар?

– Үшеу ғана.

– Көрдіңіз бе?! Мен де «Қайсар», «Алтай», «Қызыл-Жар» үшеуінен басқа үміткер көріп тұрған жоқпын. Сондықтан, мұндай нәрселерден қорықпау керек.

– Екінші лига үшін көп қаржы қажет емес деп қалдыңыз. Сонда сіздің командаңыздың бюджеті қанша?

– Өзіміздің бюджетіміз жайлы айтпай-ақ қояйын. Дегенмен, егер қысып, үнемдеп ұстайтын болса, онда Екінші лигаға қатысу үшін 20 миллион теңге де жеткілікті.

– Бірақ, сол 20 миллионды таба алмай, Екінші лигадан бас тартқан командалар да көп қой.

– Мен соларды түсінбеймін. Нақтырақ айтқанда, жергілікті спорт басқармаларының тірліктеріне қарным ашады. 20 миллион дегеніміз көп те ақша емес қой. Долларға шаққанда 60 мыңға да жетпейді. Тауып беруге болады ғой. Есесіне, осы арқылы облыста, ауданда талай жасты салауатты өмір салтына шақырады. Мәселен, біздің командада өзіміздің ауылдың екі баласы бар. Ақырындап тәрбиелеп жүрміз. Болашақта бізден де әлеуетті командаға ауысуына мүмкіндік бар. Біз секілді команданың ойыншыларына айлық мәселесі маңызды емес. Ең бастысы, осылайша үлкен футболға қадам бастау. Еліміздің облыс орталықтарын айтпай-ақ қояйын, әр ауданымыздың Екінші лигаға бір-бір клубтан қосуға шамалары жетеді деп ойлаймын.

– Сонда да Екінші лигадан бөлек, Қазақстан футболына тағы бір біріншілік керек дегенмен келісесіз бе?

– Иә, Лигалардың неғұрлым көп болғаны отандық футбол үшін пайдалы ғой. Мәселен, Англия, Франция, Испания сынды елдерде неше біріншілік бар екендігіне сан жетпейді. Әлбетте, әуесқой командалар үшін бұрынғыдай бір турнирдің болғаны артық етпес еді.

– Сұхбатыңызға көп рахмет!

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика