Вернуться к списку статей

ҚФФ мен ТБК – Ақиқат пен аңыз

Футбол
2K
Ерлан Қожағапанов пен ТБК шайқасы басталып кетті
ҚФФ басшылығы тарапынан қысым көрген Тәртіптік-бақылау комитеті мүшелерінің қызметінен кету туралы арыз жазғандары рас.

«Сорокин дауы» ел футболындағы біраз адамдардың бетпердесін толық сыпырып беретін секілді. Қанша жамаса да, арттары ашылып қалып жатыр. Мәселен, кеше ҚФФ басшылығы тарапынан қысым көрген Тәртіптік-бақылау комитеті мүшелері қызметтерінен босату туралы арыз жазған. Оны әлеуметтік желілерде жарыса жазғандар да көп болды. Бірақ, бүгін таңертең Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты ТБК мүшелерінің ешқайда кетпегендігі туралы ақпаратты жариялады. Тіпті, Тәртіптік-бақылау комитеті тәуелсіз орган екендігін де айрықша атап өткен.

– Тәртіптік-бақылау комитеті өз шешімдерін құқық мен әділеттілік қағидаларын негізге ала отырып қабылдайды. ТБК-інің қабылданған шешімдеріне ешкім де қысым жасай алмайды, - деп қадап-қадап жазған.

Иә, сеніп қалдық. Сөйттік те, Тәртіптік-бақылау комитетінің мүшелеріне хабарласа бастадық. Шынын айтайық, бірінің телефондары сөндірулі, екіншілері жауап беруден жалтарып жатты. Дегенмен, ақиқатты жеті қабат жердің астына көміп тастаса да білуге болады ғой. Қазақстан футбол федерациясындағы сенімді адамға хабарласып, мәселенің мән-жайын біліп алдық.

– Тәртіптік-бақылау комитеті «Сорокин дауына» байланысты алғашқы отырыста-ақ «ақтөбелік» ойыншыны бірнеше ойыннан аластату туралы шешім қабылдаған. Араға ҚФФ басшылары мен «Ақтөбе» директоры түсті. Тіпті, Ерлан Қожағапанов қарсы шыққан ТБК мүшелерінің бірін қызметінен босатамын деп те қорқытты. Арты шуға айналып кететін болғандықтан лезде райынан қайтты. Сөйтіп, Федерация сайтында ТБК төрағасының атынан жалған пікір де жазылып, ол жерде Сорокинді толық ақтап алды да, сол арқылы футбол әлемінде Жамантаевтың беделіне нұқсан келтірді. Одан кейін «Сорокин дауына» байланысты тағы бір мәжіліс өтті. Онда да Тәртіптік-бақылау комитетінің барлық мүшесі бірауыздан ойыншыны жазалау қажет деген шешім шығарды. Тағы да араға әлгі адамдар түсті. Мұндай қысымға төзбеген ТБК мүшелерінің дерлігі қызметтерінен кету туралы арыз жазды. Енді арызды Атқару комитеті қарастыру қажет. Өйткені, тағайындаған солар, қызметтен босату туралы шешім қабылдайтын да – Атқару комитеті. ТБК мүшелері Қазақстан футбол федерациясындағы былықтарға төзбейтіндігін, өз орындарынан кететіндіктерін нақты айтты. Олардыкі дұрыс, - деп ашына сөйледі біздің сенімді ақпарат көзіміз.

Ендеше неге Қазақстан футбол федерациясы ТБК мүшелерінің қызметтерінен босағандығын жоққа шығарып отыр. Оларды қинап ұстағаннан не ұтпақ? Әлде әзірше «байлап ұстап», бәрі тынышталған соң ақырын арттарынан «бір теппек» пе? 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика