Вернуться к списку статей

ҚФФ – "Алтай" дауында Самат Смақов жерлестерін жақтады

Футбол
2K
Самат Смақов
Қазақстан футбол федерациясында күнде дау. Ушықтырып жатқан да өздері. Мәселен, биыл ғана құрылған «Алтай» футбол клубының 9 ұпайын тартып алып, бастары тағы да бәлеге қалып отыр. Тіпті, қазақ футболының жасыл алаңдағы аңызы Самат Смақовтың өзі де бұл мәселеге бей-жай қарамайтындығын білдірді.

Көпшіліктің алдына көп шыға бермейтін Самат Смақов «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы кеше осы жайлы толғанып, талай жанкүйердің қолдауына ие болған мынадай пікір жазды. Тура мағынасындағы толық аудармасын назарларыңызға ұсынайық.

– Менің туған өңірім Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғайтын «Алтай» футбол клубының төңірегіндегі әңгіме өршіп тұр. Бұл команданың капитаны – менің жерлесім, әрі жақын досым Андрей Карпович. Одан бөлек, Семейдің де, Өскеменнің де түлектері бар. Бір сөзбен айтқанда, бұл клуб мен үшін бөтен емес. Сондықтан, қазіргі жағдайында «Алтайға» қолдау көрсеткім келіп отыр. Меніңше, «Алтайдың» тоғыз ұпайын шегерген Қазақстан футбол федерациясы әділ шешім қабылдаған жоқ. Тым қатал шешім. Менің ашуымды келтіретінін неліктен «Алтайды» жазалауда, ал футболшылары мен қызметкерлерінің алдында қарыздары бар басқа командалар жазасыз қалып жатыр? «Ертістің» де, тіпті мен ойнайтын «Ақтөбенің» де қарыздары бар екенін бәрі біледі. Премьер-лиганың өткен маусымдарындағы басқа командалардың да қарыздарын еске түсіруге болады. Мен әрдайым әділдік жағындамын. Қазір бір клубтың артына түсіп алғанын көріп тұрмын. Неге біреулер құтылып, екіншілері тұтылып жатыр? Әділеттік орнап, «Алтайға» тоғыз ұпайын қайтарып береді деп үміттенемін, - деді Самат Смақов.

Расымен де, «Алтайдың» не себептен тоғыз ұпайын шегергенін жанкүйерлер де, мамандар да түсінбей дал. Қазақстан футбол федерациясының өз желеуі бар. «Алтай» Өскеменнің «Востогының» ізбасары. Ал «Востоктың» өткен маусымнан бергі қарызы бар», - дег аргументті келтіруде. Бірақ «Восток» жойылған жоқ қой. Өз алдына бөлек клуб ретінде әлі де жұмысын жалғастыруда. Өз сайты бар, директоры Бауыржан Самарханов та өз орнында. Ал «Алтай» өз алдына дербес клуб және Қазақстан Премьер-лигасында Атқару комитетінің шешімінен кейін қатысуда. Сондықтан, Қазақстан футбол федерациясы әлі де өз райынан қайтып, шығыс қазақстандық клубтың өздеріне тиесілі ұпайларын қайтарып береді деп сенеміз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика