Вернуться к списку статей

Огай мен “Тобыл” арасындағы шыдам шегіне жетті

Футбол
2K
Фото fc-tobol.kz сайтынан
“Тобыл” футбол клубы бас бапкерін босатты. Екеуара келісім бойынша Дмитрий Огай қызметінен кетіпті.

Бүгін «Тобыл» футбол клубы өзінің ресми сайты арқылы бас бапкерімен арадағы келісімшартты үзгенін жариялады. Клуб пен бас бапкердің Дмитрий Огайдың өтінішін қарап, еңбек шартын бұзу туралы шешім қабылдапты.

«Тобыл» 1-мамыр күні «Таразбен» болатын ойынға дайындалып жатқан көрінеді. Бас бапкер міндетін кім атқаратындығын жақын арада жариялайтындықтарын да жазыпты.

Естеріңізге сала кетейік, Қостанай клубы кеше Қазақстан кубогының 1/8 финалында бірінші лигадағы «Қызыл-Жар» командасына жол беріп алды. Шыдамның шегін осы жеңіліс үзген тәрізді.

Ал премьер-лига додасында «Тобыл» алты ойыннан сегіз ұпай еншілеп, 5-орында тұр. Жағдайы тым жаман емес.

Биылғы маусымдағы ел біріншілігінде, Огай – қызметінен кетіп отырған екінші бапкер. Бұған дейін «Қайрат» клубының бас бапкері Александр Бородюк өз орнынан кеткен болатын.

Бірақ онда Алматы клубының футболшылары түгелдей дерлік Бородюктің райынан қайтуын өтінген еді. Ал «Тобыл» футболшылары Огайды олай көндіруге тырыспаған секілді...


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика