Вернуться к списку статей

Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы нәпақасын әуесқой футболдан табуға мәжбүр

Футбол
2K
Павел Таку - Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының әлем чемпионатына жолдама алғанына мас болып біткен шығармыз. Енді көзімізді үлкейте ашып, ел футзалындағы орын алып жатқан жайттарға сау көзбен қарап көрейікші. Шымылдықтың арғы жағында біз байқамай жүрген былықтар өте көп. Оған біз ұлттық құрама ойыншысы Павел Такумен болған сұхбатта тағы бір көз жеткіздік.

Такумен біз елордамызда өтіп жатқан YELEU CUP турнирінде кездесіп қалдық. «Тұлпар-Астананы» қойып, Астананың «Аманат» әуесқой командасында ойнап жүр екен. Бастапқыда қолы бос болған соң ермек етіп жүрген шығар дегенбіз. Сөйтсек, «Тұлпар» жабылып қалған соң осында нәпақа табуға мәжбүр болыпты. Әлбетте, мұндай футболшылар кез-келген әуесқой футболдың көркі және сол турнирдің қаншалықты беделді екендігінің көрсеткіші. Сонда да бізге ұлттық құрама ойыншысының өз күнін әуесқой командадан көріп жүргені қызық көрінді.

– Павел, cіз «Астана-Тұлпар» командасының мүшесі едіңіз. Әуесқой командаға қалай тап болдыңыз?

– Білетін шығарсыз, қаржы тапшылығына байланысты «Астана-Тұлпар» командасы наурыз айының ортасында Қазақстан чемпионатынан шығатынын, жалпы ғұмырын тоқтататынын мәлімдеген. Клуб Қарағандыға да, Астанаға да керек болмай қалды. Ойыншылардың барлығын тарқатып жіберді. Қазір Қазақстан чемпионаты бізсіз өтіп жатыр. Иә, ол жақта көшбасшылардың қатарында болдық. «Төрттік финалына» жолдама алғанбыз. Бірақ жағдай осылай болып қалды. Қазір бәріміз боспыз. Алайда, үнемі бабыңда болу үшін жаттығу жасап, паркетке шығып тұру қажет. Оның үстіне, ақшасыз да жүре бермейсің ғой. Отбасыңды асырауың керек. Сөйтіп жүргенде «Аманат» әуесқой командасынан «осы Елеупов турнирінде көмектессеңіз» деген өтініш болды. Ойланбастан келістім. Көбісі достарым мен таныстарым ғой. Көмектескім келді. Рас, мұнда төленетін сыйақы соншалықты көп емес. Дегенмен, әйтеуір жан бағуға болады. Оның үстіне сүйікті жұмысың үшін сыйақы беріп жатса неге қарсы болуым керек? «Аманатта» менен бөлек Қазақстан ұлттық құрамасының тағы екі ойыншысы бар. Олар Александр Довгань мен Александр Гребенос. Сондай-ақ, Николай Пенгрин мен Алекс осы турнирде «Есіл» деген команданың намысын қорғап жүр.

– Қарағанды сияқты алып аймақтан Қазақстан намысын УЕФА кубогында қорғап жүрген футзал командасын қолдайтын бір демеушінің табылмағаны ма?

– Біз білмейтін де жайттар бар шығар. Демеуші тапқан сияқты болған. Бірақ соңғы сәтте бас тартты-ау деймін. Не себептен екенін білмедім. Әлбетте, өкінішті. Өйткені, Қарағандыда футзалды халық жақсы көреді. Тіпті, бізде әуесқой футзалдан да облыс біріншілігі жоғары деңгейде өтіп жатады. Ұлттық құрама сапында да қарағандылық жігіттер өте көп. Егер алдағы уақытта клубты қолға алар адам болмаса, онда бұрынғы еңбектің барлығы далаға кетіп, облыста футзал мүлдем жойылады. Бәлкім әкімдік бір компанияны күштеп болса да клубқа демеуші жасау қажет шығар. 


– Мойындау керек, «Астана-Тұлпар» енді жоқ. Келесі маусымда бола ма, әлде біржола жойыла ма, ол жағы да белгісіз. Сіз қайтесіз? Басқа командалардан ұсыныс түсіп жатыр ма?

– Алдымен «Астана-Тұлпар» жайлы айта кетейін. Алматыда өткен Қазақстан мен Польша кездесуінен кейін Қазақстан футбол федерациясы Атқару комитетінің мәжілісі өтіп, сонда 2017 жылдан бастап Премьер-лиганың әр клубы өз аясында қыздар футболынан және футзалдан бір-бір команда ашу керек деген шешім қабылданды. Сондықтан, «Астана-Тұлпар» ғұмырын ары қарай жалғастырады деп үміттенемін. Оны ел футболының атқамінерлері далада қалдырмайтын шығар. Ал егер «Астана-Тұлпар» шыныменде мүлдем ғұмырын тоқтатса... Білмеймін, айтуға да қорқамын. Өзім командасыз қалмаймын ғой. Басқа командалардан ұсыныстар бар. Шетелдің командалары да шақырып жатыр. Ойлануым керек.

– «Өз қазанымызда қайнай бергенше» Қазақстанның футболшысы шетелде ойнағаны жақсы болар еді...

– Әлбетте, бірақ Қазақстан чемпионатында жүрсем, үнемі ұлттық құрама бас бапкерінің назарында болам ғой. Оның үстіне, басқа чемпионаттарда «Қайрат» сынды әлемнің алдыңғы қатардағы командалары жоқ. Мұнда әрдайым «Қайрат» сапындағы әлем чемпиондарына қарсы ойнап, ысыласың. Өз шеберлігіңді әрі қарай шыңдайсың. Сондықтан, бірінші кезекте Қазақстан клубтарынан түскен ұсыныстарды қарастырамын.

– Енді ұлттық құрама жайлы әңгімелесейікші. Жақында әлем чемпионатының електік ойынында Польша құрамасын өз алаңымызда 7:0 есебімен ойсырата жеңдік. Сол Польшамен бірінші кездесуде сырт алаңда тең ойнап қалғанымыз қалай?

– Әр команданың сәтсіз матчтары болады ғой. Бұл біздің соңғы кездесулердегі ең сәтсіз ойынымыз болды. Польша паркетінде өз-өзімізді танымай жүрдік. Алайда, футзалды қалай ойнау қажеттігін поляктарға Алматы алаңында көрсеттік қой. Ал Польша құрамасының бас бапкері Шецинде өткен ойында өз командасын мықты ойнады деп жүрген сияқты ғой. Жоқ, ол кезде поляктар мықты болған жоқ, өзіміз дұрыс ойнай алмадық. Есесін өз жерімізде қайтардық та, Еуропада бекер 3-ші орын алмағанымызды дәлелдедік.

– Айтпақшы, Алматыға келгенде Польша құрамасының бас бапкері Анджей Бьянганың ойын алдында да, матчтан кейін де баспасөз мәслихатын өткізбей, футболшыларды Қазақстан журналистерінен жабық ұстағанын қалай түсіндіңіз?

– Мұндай нәрсе спортта бар тәжірибе. Мен Бьянганың Польша журналистеріне берген сұхбатын оқыдым. Ол жерде бас бапкер «Қазақстан құрамасына арнаған тосын сыйымыз бар» депті. Кім біледі, бәлкім Бьянга бапкер журналистердің «ол қандай тосын сый?» деген сұрағынан қорыққан шығар. Матчтан кейін көңіл-күйі болмаған болар. Спортта әртүрлі мамандар болады ғой, бірі журналистермен әңгімелескенді жақсы көреді, бірі керісінше көпшіліктің алдына шыққанды ұнатпайды. Мәселен, Польшамен болатын ойынның алдында біз де ешқайда шықпай, өз базамызда қамалып жаттық. Бар ойымыз осы матч болды. Соның нәтижесінде артық ойлардан арылдық та, алаңға тас-түйін дайын шығып, Польшаны 7:0 есебімен тізерлеттік.


– Сөйтіп, әлем чемпионатына берілер жолдаманы қоржынға салдыңыздар. Әлі бұл туралы айту ертерек шығар, сонда да Колумбиядағы дүниежүзілік додада Қазақстан құрамасы қай межеден көріне алады?

– Бұл біздің карьерамыздағы үлкен тәжірибе болмақ. Еуропаның еңселі командаларының бәрімен ойнап болдық қой. Енді басқа құрлықтың құрамаларымен де шеберлік байқасып көрген қызық болып тұр. Мәселен, Бразилияның деңгейін көргім келеді. Сол сияқты, Азияда Иран, Жапония елдерінің құрамалары да қарымды. Осылармен кездесіп, өз әлеуетімізді таразыға салып көрсек деймін. Әлбетте, біздің құрама тас-түйін дайын болмақ. Бәрі де жеребеге байланысты ғой. Не болса да жүлделі орындардың бірін иемденуге шамамыз жетеді деп ойлаймын.

– Қазір көптеген футзал құрамалары, соның ішінде Қазақстан да сырттан легионер тартуды әдетке айналдырған. Қалай ойлайсыз, бұл тәжірибе пайдасын тигізе ме, әлде зияны көп пе?

– Біз ғана емес, әлемде Бразилиядан басқа елдердің барлығы легионерлердің көмегіне сүйенеді. Әр құрамада 2-3, кейбірінде 7-8 легионерге дейін бар. Бұл қалыпты жағдай және ұлттық құрама үшін дұрыс бағыт. Тәжірибелі легионерлерге қарап, жергілікті ойыншылар да шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алады. Дегенмен, асыра сілтемеген жөн. Шектен шығып кетпеуіміз қажет. Қазақстан секілді ұлттық құрамаға 2-3 легионер тартқан дұрысырақ. Оның үстіне, футзалды жаңа деңгейге шығару үшін Қазақстан құрамасына легионерлер тарту қажет болды. Оны да түсіну керек. Нәтижесін өздеріңіз көрдіңіздер ғой. Ойыншы сапалы болса, одан бас тартудың қажеті не?! Бірақ үшеуден көп болса, бұл енді артық. Өйткені, теледидардан футболды тамашалап отырған көрермендерде «Мынау Қазақстан құрамасы болса, өз жігіттері қайда? Қазақтар жоқ па?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Мен өзім ұлттық құрамада қазақстандықтардың, оның ішінде қазақтардың көп болғанын қалаймын.

– Тегіңізге қарап бұрын сізді де Бразилиядан келген легионер деп ойлаушы едік...

– Жоқ мен Қазақстанда туып-өскен азаматпын. Әкем – молдован. Кезінде Қарағандыға қоныс аударған. Осында мен дүниеге келдім. Сондықтан, осы елге қаныммен сіңген адаммын.


– Павел, енді ел чемпионатындағы жағдайға оралсақ. Әлбетте, ұлттық құрамамыздың жеңістеріне, «Қайрат» футбол клубының жетістіктеріне көңіліміз марқаяды. Бірақ, шыны керек, халықаралық аренада атой салып жүргенімізбен ішкі біріншілігіміздің мәні жоқ секілді.

– Келісемін. Біз Қазақстан футзалына «Қайрат» пен ұлттық құраманың ойындарына қарап баға беріп жатамыз. Бір жағынан дұрыс. Бірақ ішкі біріншілігіміздің қалай болып жатқанынан көпшілік хабарсыз. «Астана-Тұлпар» чемпионаттан қаржы тапшылығына байланысты шығып қалды. «Қайратқа» бірден-бір бәсекелес біз болатынбыз. Енді «Аят» пен «Інжу» сынды мықты командалар бар. Дегенмен, шыны керек, Қазақстан чемпионатының ойындары ешкімді қызықтырмайды. Тіпті, «Қайраттың» матчтарына да көрермендер аз барады. Бәлкім бұл – «бір команданың біріншілігі» болып кеткендігінен де шығар. Бәсекелестік жоқ, тартысты ойындар аз, үнемі «Қайрат» қана жеңе береді. Оларға басқа командалар құрамы жағынан да, қаржы жағынан да теңесе алмайды. Бір ойында бір команданың екінші ұжымның қақпасына 10-20 голдан соғып жатқаны кімге қызық дейсіз. Барлық команданың деңгейі бірдей болмай, чемпионаттың дәрежесі көтерілмейді. Басқа командаларға да зер салып, көңіл бөлу керек. Оның үстіне, Қазақстан чемпионатының регламенті бойынша әр клуб алаңға бір мезетте үш-төрт легионерін шығаруға құқылы. Бұл көп. Ол аздай, «Қайрат» кейбір легионерлерін де Қазақстан азаматы етіп жатыр. Яғни, басқа командаларға бәсекелес болу тіптен қиындай түседі. Керісінше талапты күшейту қажет және алаңда әр командадан екі легионер ғана бір мезетте шығатындай ереже бекіту керек.

– Сұхбатымыздың соңында Елеупов мемориалына қайта оралайық. Турнир деңгейі көңіліңізден шығып жатыр ма?

– Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Өзім бірінші рет қатысып отырмын. Бірақ бұрын да естіген едім. Әртүрлі әуесқой турнирлерге қатысып жүрміз ғой. Бұл жағынан Батыс аймағында әуесқой футзал қатты дамыған. Алайда Елеупов турнирінің деңгейі ол жақтағыдан еш кем емес.

– Cұхбатыңызға көп рахмет, Павел! Алдағы уақытта тек сәттілік тілейміз!   

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика