Вернуться к списку статей

Қазақстан құрамасы Польша футзалшыларын жүндей түтті

Футбол
2K
Фото kairat-futsal.kz сайтынан
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Алматыда Польшадан келген қонақтарын жүндей түтіп, биыл күзде Колумбияда өтетін әлем чемпионаты жолдамасын жеңіп алды.

Бұл қарымта матч болатын. Бірінші кездесу Польшаның Щецин қаласында өтіп, 1:1 есебімен тең аяқталған болатын. Өз жерінде біздің футзалшыларымызды жеңе алмаған Польша құрамасы «Алматыда Қазақстанды таң қалдырып,тақырға отырғызып кетеміз» деп лепірді.

Бірақ іс жүзінде бәрі де керісінше болды. Қазақстан құрамасы Польша футзалшыларының үйден дайындап әкелген тактикасының да, «тосын сыйының» да күлін көкке ұшырып, үстемдік құрды.

Бірінші голды алаңдағы ойыншылар емес, қақпашымыз Игита соқты. Шірене теуіп, допты шыр айналдырып, Польша қақпасының құлыпын бұзды. Осыдан кейін Серік Жаманқұлов пен Дуглас өзара «жарысып», екеуі екі голдан соқты.

Осылай бірінші тайм аяқталды. Ойынның екінші жартысында Лео да сұрмергендерімізден қалыспай, қонақтардың қақпасына алтыншы голды сүңгітті.

Осыдан кейін Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Какау қосалқы құрам орындығындағы ойыншыларымызды алаңға шығарып, оларға да мүмкіндік берді. Солардың бірі, 21 жастағы Арнольд Кнауб жетінші голды соғып, жас балаша қуанды. Тіпті жейдесін шешіп алып, зыр жүгіріп, ескерту де алды.

Ал «таң қалдырамыз», «жеңеміз», «тосын сыйымыз бар» деп қарымта матч алдында біздің команданы «сескендіріп» алмақшы болған Польша құрамасы ештеңе де істей алмады. Дайындап әкелген «тосын сыйлары» сол, бірінші ойындағыдай қақпашыларының орнына Мацей Мизгайскиді шығарып, бесеулеп шабуылдамақшы болды. Бірақ біздің жігіттер олардың өздерін қателесуге мәжбүрлеп, сеідей соғыстырып, гол да соқты.

Осылай, Польша құрамасынан екі ойынның қорытындысы бойынша 8:1 есебімен басым түскен Қазақстан футзалшылары 4 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Колумбияда өтетін әлем чемпионатына баратын болды.

Қазақстан – Польша – 7:0
Голдар: Игита, 2. Жаманқұлов, 5. Дуглас, 6. Жаманқұлов, 13, Дуглас, 15. Лео, 26. Кнауб, 30.
Қазақстан: Игита, Лео, Довгань, Дуглас, Першин – Шамро, Жаманқұлов, Сүлейменов, Кнауб, Гребонос, Пенгрин, Мун, Таку, Мырзабаев.
Польша: Кжыска, Кубик, Патер, Заставник, Миколаевич – Наврат, Качмар, Войцеховски, Мизгайски, Якубяк, Солецки, Лютецки, Марек, Гладчак
Төрешілер: Богдан Сореску, Габриэль Герман, Овидиу Курта (бәрі де – Румыния).
Бірінші ойын – 1:1 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика