Аталған бокс кешінде бірнеше отандасымыз өнер көрсетіп, барлығы да жергілікті жанкүйерлерді жарқын жеңістерімен қуантты. Солардың қатарында биылдан бастап кәсіпқой боксқа ден қоя бастаған Шығыс Қазақстанның тумасы Әділет Құрметов те бар.
Екінші жеңіл салмақ (59 кг) дәрежесінде жұдырықтасатын отандасымыз Алматыдағы бокс кешінде үндістандық Вишал Құмармен (3-1-1, 2 КО) кездесіп, қарсыласын 4-раундта нокаутпен жеңді. Ал жекпе-жек 6 раундқа жоспарланған болатын.
Жекпе-жектен кейін Әділет кездесу туралы ойын ортаға салып, жанкүйерлерге алғысын жеткізді.
«Аллаға шүкір, жекпе-жек өзім ойлағандай жоғары деңгейде өтті. Дегенмен, аздаған қателіктер болды. Оны алдағы айқастарда қайталамауға тырысып, жаттығу барысында жаттықтырушылардың айтқанын 100 пайыз орындау қажет. Әрине, әуесқой бокстан кәсіпқойға ауысқан соң шағын қателіктер болып тұрады деп ойлаймын. Қарсыласымды бұрын-соңды кездестірмегенмін. Бірақ қарсыласым болатыны белгілі болған сәттен бастап, оның бұрынғы жекпе-жектерін «Ютуб» желісінен қарап, бапкерлерімізбен сараптама жүргіздік. Осал қарсылас емес. Бірақ Алла қалап, жеңіске жеттік», - дейді Әділет Құрметов.
Бұған дейін әуесқой бокста өнер көрсетіп, Қазақстан чемпионы, бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегері атанған боксшы әуесқой мен кәсіпқой бокстың айырмашылығы жер мен көктей екенін, әлі де үйренетін нәрселердің өте көп екенін айтады.
«Төрт раунд жұдырықтасу физикалық тұрғыда еш қиындық болған жоқ. Әлі де екі раунд жоғары деңгейде жұдырықтасып шығуға мүмкіндігім жететін еді. Өзімді жеңіл сезіндім. Бірақ екі бокстың айырмашылығы жер мен көктей екен. Бізге әлі үйренетін нәрселер өте көп. Осы ретте спорт кешеніне мені қолдауға келген ағайын-туыстарыма, достарыма, өзге де жанкүйерлерге үлкен алғысымды білдіремін. Олардың қолдауы бізге қосымша күш береді. Бәрінің тілеуін ринг ішінде сезінеміз. Сонымен қатар бапкеріме де ерекше алғысымды білдіргім келеді», - дейді боксшы.