Вернуться к списку статей

Қазақтың боксшы қыздары әлем чемпионатынан үш алтын жеңіп алды

Бокс
5K
Сербияның Ниш қаласында өткен әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жанкүйерлердің делебесін қоздыратындай жақсы көрсетті. Жерлестеріміз ел қоржынына үш алтын, екі күміс және бір қола медаль салып, ел мерейін үстем етті.
 
Бұл жетістік – Қазақстан әйелдер құрамасының әлемдік аренадағы орнын нығайта түскенін көрсетеді. Бұған дейін, 2016 жылы елордада өткен әлем біріншілігінде қазақстандық спортшылар 4 алтын және 2 қола медаль жеңіп алған еді.

Үш дүркін чемпион және әлем чемпионатының жүлдегерлері

48 келі салмақта өнер көрсеткен Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай Қазақстан бокс тарихында тұңғыш рет үш дүркін әлем чемпионы атанды. Ол бұған дейін 2014 және 2016 жылдары әлем біріншілігінде топ жарған болатын.
– Олимпиададан кейін президент алдында сөз сөйлегенде айтқан болатынмын, алда үлкен додаларда жақсы өнер көрсетуге бар күшімді саламын деп. Міне, содан бері бұл менің бірінші үлкен жеңісім. Өте қуаныштымын. Бұл тек менің жеңісім емес, бүкіл құрама команданың жеңісі. Осы жолы жақсылап дайындалдық. Тек жаттығу жағынан емес, дәрігерлеріміз, массажистеріміз де жақсы көмектесті. Әр жекпе-жектен кейін тыңғылықты демалуыма көмектесіп отырды. Міне, бұл менің қуанышымның көз жасы», – деді Назым финалдық жекпе-жектен кейін.
 
Назымды тарихи жеңісімен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, оған сәттілік тіледі:
– Назым Қызайбайды отандық бокс тарихында тұңғыш рет үш дүркін әлем чемпионы атануымен құттықтаймын. Бұл – айтулы жетістік! Сербиядағы әлем біріншілігінде үздік нәтиже көрсеткен Ұлттық құрама мүшелеріне алғысымды білдіремін. Спортшы қыздарымыздың алдағы уақытта да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектеспін, – деді президент.
50 келіде сынға түскен Алуа Балқыбекова әлем чемпионатының барлық жүлде жиынтығын иеленген санаулы боксшылар қатарына қосылды. Бұған дейін ол 48 келі салмақта 2022 жылы Түркияда өткен әлем чемпионатында күміс, ал 2023 жылы Үндістандағы жарыста қола медаль жеңіп алған еді. Сондай-ақ Алуа – Азияның екі дүркін чемпионы (2021, 2022).

63 келіде бақ сынаған Аида Әбікеева былтыр Азия біріншілігінде топ жарса, биыл әлемдік деңгейдегі алғашқы алтын медалін иеленді.

Күміс жүлдегерлер:
Виктория Графеева (60 кг)
Қола жүлдегер:
Наталья Богданова (70 кг)
Қазақстан құрамасына қатысты қызықты деректер
 
Қазақстан әйелдер құрамасы араға 9 жыл салып әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтеріліп, Әнұранымыз қайта шырқалды. Соңғы рет бұл жетістік 2016 жылы Астанада тіркелген еді.

Назым Қызайбай – Қазақстан тарихындағы тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы. Бұған дейін ерлер де, әйелдер де мұндай жетістікке жетпеген.
Жарысқа 51 елдің спортшылары қатысты. Қазақстан, Сербия, Ресей және Өзбекстан толық құраммен өнер көрсетті.
Жекпе-жектердің екеуінде қазақстандық боксшылар жеңісті қарсыластардың рингке шықпауынан автоматты түрде иеленді.
Қазақстан құрамасының боксшылары әлем чемпионатында 35 жекпе-жек өткізіп, 26-да жеңіске жетті.
Бұл чемпионат Қазақстан әйелдер құрамасының тарихтағы ең үздік көрсеткіштерінің бірі болды.

Әлем чемпионатының жүлде қоры
Биылғы әлем чемпионатының жүлде қоры қомақты болды. Қаржылай сыйақы тек жүлдегерлерге ғана емес, ширек финалға шыққан боксшыларға да берілді:
1-орын – 100 000 АҚШ доллары
2-орын – 50 000 АҚШ доллары
3-орын – 25 000 АҚШ доллары
Ширек финалистер – 10 000 АҚШ доллары
Жалпыкомандалық есеп
Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады:
1-орын: Ресей – 4 алтын, 1 күміс, 2 қола
2-орын: Қазақстан – 3 алтын, 2 күміс, 1 қола
3-орын: Түркия – 1 алтын, 2 күміс, 2 қола.

Фото: Спортты дамыту дирекциясы
Яндекс.Метрика