Вернуться к списку статей

Азиаданың алғашқы күні. Екі медаль және екі жолдама

Азиада-2023
277
Фото;Sali Sabirov

Қытайдың Ханчжоу қаласында ХІХ жазғы Азия ойындары басталды. Қазақстан спортшылары алғашқы күні екі медаль және Париж Олимпиадасының екі жолдамасын еншіледі.

Дзюдо күресінен әйелдер арасында 48 келіге дейін салмақта күрескен Абиба Әбужақынова күміс, ерлер арасында 60 келіде белдескен МағжанШамшадин қола медальға қол жеткізді.

Әбужақынова алғашқы белдесуінде Филиппин спортшысын вазари әдісімен жеңсе, одан кейін Солтүстік Корея палуанынан басым түсті. Жартылай финалда Оңтүстік Кореядан келген Ли Хек Енгтің осал тұсын тапты. Тек финалда үш дүркін әлем чемпионы, жапон қызы Натцуми Цунодаға есе жіберіп алды. Сөйтіп, күміс медальды қанағат тұтты.

«Мен бұл белдесуге дайын келдім. Себебі менде жеткілікті уақыт болды.Өзіме ренішім бар іштей, себебі алтын медаль бізде ешкім алмаған. Алтын медальді алғым келген», - деді Абиба Әбужақынова.

Ал Мағжан Шамшадин ширек финалда Солтүстік корея спортшысы Кванджин Чаэні вазари әдісімен жеңді. Жартылай финалда Оңтүстік Корея спортшысы Ли Харимге жол берді. Сосын жұбаныш белдесуде және қола жүлде үшін тартыста мерейі үстем болды.

Үшінші орын үшін күресте отандасымыз Тәжікстаннан келген палуан Мерзод Суфиевті үйіне бос қайтарды.

«Мағжан өте мықты қарсыласпен жекпе-жекте нағыз мінез танытты. Мен оны шын жүректен құттықтаймын және боз кілемдегі еңбегі үшін алғыс айтамын. Бұл оның қанжығасындағы соңғы үлкен марапат емес екеніне сенімдімін», - деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Сонымен қатар Ғұсман Қырғызбаев жетінші орын, Ғалия Тыныбаева Азия ойындарын бесінші орынмен аяқтады.

Бірінші күні Париж Олимпиадасының екі жолдамасы бұйырды.

Елена Потапенко әйелдер арасындағы қазіргі бессайыстан жеке жарыста 5-ші орынды иеленді.

Ережеге сәйкес лицензия алғашқы бес спортшыға беріледі.

Қазіргі бессайыс бойынша жеңімпаз бен жүлдегер бес бағдарламаның қорытындысы бойынша анықталады.

«Мен осыған дейін айтқанымдай, Азиадаға қатысудың бір мақсаты-Париж Олимпиадасына лицензия алу. Біздің спортшылар 8 спорт түрінен Олимпиада ойындарына жолдама алу үшін күресіп жатыр. Елена Потапенконы бүгінгі нәтижемен құттықтаймын және оған Парижде сәттілік тілеймін», - деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Екінші жолдама да қазіргі бессайыстан түсті. Георгий Борода-Дудочкин финалда 10-орынға тұрақтады. Ереже бойынша үздік бестікке кірген мемлекет жолдамаға иелік етеді. Георгий 10-шы болғанымен ол Жапония, Оңтүстік Корея мен Қытайдың бірнеше спортшысына есе жіберді. Бұл елден тек бір ғана адам лицензия алды. Тағы Қазақстан мен Таиланд атлетіне бір-бір жолдама берілді.

Қалған қазақстандық спортшылардың нәтижесі: Кирилл Стадник 13-орын, Павел Ляшенко 16-орын, Темірлан Абдраимов 17-орын. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 4-сатыда.

Жалпы алғанда 24 қыркүйекте барлығы 18 елдің спортшылары жүлдеге қол жеткізді.

Көш басында 29 (19 алтын, 7 күміс, 3 қола) медальмен Қытай құрамасы тұр.

Одан кейінгі орындардағы Оңтүстік Кореяның - 14 (5-4-5) және Жапонияның - 13 (2-6-5) медалі бар.

Айта кетсек, Қазақстан Ханчжоу қаласына 30 спорт түрінен 524 атлет (262 ер, 262 әйел) алып барды.

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика