Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында сағындыра күткен сары алтын қоржынға түсті. Жарыстың төртінші күнінде стенд атудан скит бағдарламасы бойынша сынға түскен әйелдер құрамасы финалда Азия ойындарының рекордын жаңартып, чемпион атанды.
Команда құрамында Зоя Кравченко, Әсем Орынбай, Ольга Панарина болды. Олар 350 ұпай жинады. Күміс жүлдені қытайлықтар (348), ал Таиланд атқыштары үшінші (342) орын иеленді.
Кейіннен Әсем Орынбай жекелей сында қола жүлде еншіледі.
Отандасымыз финалда 45 мәрте нысананы дәл көздеді. Алтын мен күміс медаль Қытай құрамасы спортшыларының еншісінде кетті. Тағы бір ұлттық құрама мергені Ольга Панарина ақтық сында 4-орын алды (34 ұпай).
Ханчжоу-2022. Стенд ату, скит (жекелей сын, әйелдер):
1.Ютинг Жианг (Қытай) — 57 ұпай
2.Жинмей Гао (Қытай(— 55 ұпай
3.Әсем Орынбай (Қазақстан) — 45 ұпай
4.Ольга Панарина (Қазақстан) — 34 ұпай.
«Өте қуаныштымын. Ең бірінші мақсатымыз финалға шығу және медаль алу болатын. Абырой болғанда, екі жүлдеге ие болдым. Біреуі – алтын, екіншісі – қола. Финал тартысты өтті. Қолдан келгенді жасадық. Күн ыстық. Шөлдете береді. Сосын мына орналасқан жердің табиғаты да ерекше. Оған дейін көзіңді үйрету керек. Елдің намысы сынға түсіп жатқанда барымды салдым. Командалықта алтын алған соң, жеңілдеп қалдым. Финалдың оңай болмайтынын білдім. Бұл Азия ойындары. Қытай құрамасының жанкүйерлері көп. Жергілікті спортшыларын қатты қолдайды», -дейді Әсем Орынбай.
Команда құрамында Ресейден келген 53 жастағы Ольга Панарина да бар. Ол осы жасқа дейін спорттық бабында жүруінің себебін айтты.
«Біріншіден, мен көп жаттығамын. Екіншіден, спортшылар қартаймайды. Мен спортпен өмір бойы айналысып келемін. Нысана көздеумен жас кезімнен бері айналысамын. Сондықтан қандай жарыс болса да оған құлшынып кірісемін. Барлық командаластарыма алғыс айтамын. Менен кеңес сұрағандарға әрқашан көмектесуге тырысамын. Біздің ұжымымыз өте тату. Менің ойымша. бұл жеңіс – осы командалық рухтың нәтижесі. Мен бұл медалімді қарт ата-анама арнағым келеді. Олар әрқашан менімен бірге. Мені әрқашан қолдап келеді», – деді Ольга Панарина.
Қазір Қазақстан құрамында 1 алтын, 2 күміс, 10 қола медаль бар. Жалпы командалық есепте 12-орында келе жатырмыз.