Дмитрий Бяков есімі қазақ футболының тарихында ұзақ сақталары анық. Оны спорттық режимді бұзды деп айыптады. Бірақ Еуро-2008 іріктеу кезеңінде «А» тобында бес доп соғып, Криштиану Роналду сияқты әлем жұлдыздарымен бірге сұрмергендер көшінде болғаны тарих бетінде қатталып тұр. Жүегіне сұғылған пышақтан кейін де футболға қайтып оралды. Бір командада ойнаған әріптесу Павел Леус бір сұхбатында Бяковтың өмірі Гиннестің кітабына кіруге сұранып тұр дегені бар. Сонымен, Дмитрий Бяков кім?
Есіктен ересектер футболына дейін
Ол 1978 жылы 9 сәуірде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Балтабай ауылында дүниеге келген.
– Марқұм әкем Николай Бяков – боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Анам Ирина Анатольевна – орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Әкем менің боксшы болғанымды қалады. Сондықтан күн сайын жүгіртіп, жаттығулар жасататын. Оның кестеге сай жаттығуын орындамасам көшеге шығармайтын. Ал мені футбол алаңы қызықтыратын. Нағыз рахатқа сол жерде бөленетінмін, – дейді Дмитрий Бяков.
Ауылда доп теуіп жүрген Дима футболдан балалар бапкері Рафик Наргиповтың көзіне бірден түседі. Баланың бойындағы талантын байқаған бапкер оның ата-анасына айтып, футболға беруге көндіреді. Сөйтіп, 20 шақырым қашықтықта орналасқан Есік қаласындағы күнделікті жаттығуға әкесі апарып тұрды. Кейде жаттығуға баруға ақшасы болмағанда Наргипов өзі көмектесіп тұрады. Рафик Хамидович Диманың аудандық, облыстық турнирлерге қатысуына мүмкіндік жасайды. Осылайша, баланың тәжірибе жинақтауы үшін қолынан келгенін аямайды. Бірақ кейіннен Бяков өзін үлкен футболға үкілеп қосқан бапкерінен бас тартады. Осыдан соң Алматыдағы Евгений Кузнецов басқаратын мектеп-интернатқа қабылданады. Қаладағы әжесінің үйінде тұрып, осы мектепті бітіріп шығады. Мектептен кейін әскер қатарына шақырылады.
Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін ол қалалық біріншілікте елімізге танымал жаттықтырушылар –Дмитрий Огай мен Вахид Масудовтың көзіне түседі. Алдымен 1997 жылы «Қайраттың» қосалқы құрамына алынса, көп ұзамай негізгі құрамға ілігеді.
– 1998 жылдың көктем айы болатын. «Қайрат» Алматыда Степногорск қаласының «Химик» командасымен кездесті. Ол кезде Әли Әлиев екеуіміз баламыз. Жеңіл атлеттерге арналған төсенішті айналып жүгіріп, өз мүмкіндігімізді күтеміз. Бұл ойында 1:1 есебі ұзақ сақталып тұрды. Матчтың бітуіне аз уақыт қалғанда Әнуар Нысанбаевтың орнына алаңға шығарды. Осы кездесуде Серік Жейлітбаевтың пасын тиімді пайдаланып, жеңіс голын соқтым. Сөйтіп, дебютім сәтті басталды, – дейді футболшы.
Жалпы, Бяков 1998-2000 жылдар аралығында алматылық клуб сапында 46 ойын өткізді.
2000 жылдың 31 тамызында Ресейдің «Зенит» командасынан шақырту түседі. Ол кезде команданы Юрий Морозов жаттықтыратын. Айтпақшы, дәл осы уақытта «Зенит» сапында тағы бір «Қайрат» ойыншысы Евгений Тарасов өнер көрсете бастаған. Бірақ Бяков клубқа қабылдағанымен, келісімшарттың барлық талаптарын түсіндіріп беретін агенті болмаған. Нева өзенінің жағалауында екі апта жаттығып,елге оралады. Ал сол жылдың 5 қарашасында «Қайрат» Азия кубок иегерлерінің турнирінің 1/8 финалында Түркіменстанның «Небитчи» клубымен жолығады. Матчтың 89-минутында Дмитрий Бяковтың қайшылап соққан голы командаға жеңіс әкелді әрі «Қайрат» ширек финалға жолдама алды. Бұл ойыннан кейін Ресейден тағы шақырту түседі. Біреуі Мәскеудің «Торпедо», екіншісі Махачкаланың «Анжи» клубы. Ол екіншін таңдайды.
Негізі Ресейде ойнауға болушы еді. «Анжидің» сол кездегі бапкеріГаджи Гаджиев: «Командада болғанынды қалаймын. Қазақстан құрамасының ойындарына бармай-ақ қой. Ресей құрамасына ауыс» дегені бар. «Анжиде» ойнай алмады деп жүргендер бар екен. Шын мәнінде басқа жағдайлар себеп болды. Өйткені, қайта «Қайратқа» оралсын деген бұйрық келді, – дейді Дмитрий Бяков.
Жүрекке қадалған қанжар
Осылайша, Алматыда екі жылын өткізіп, өзіне тиімді ұсыныс жасаған «Ақтөбе» командасымен келісімшартқа отырады. Өкінішке қарай, Батыс командасына ауысқан жылы сәтсіздікке ұшырайды.
Оқиға былай болған: Бяков 9 сәуірде өзінің 25 жасқа толған туған күнін Алматының бір мейрамханасында достарымен және «Қайраттағы» әріптестерімен бірге атап өтеді. Дәл сол күні «Қайраттың» тағы бір шабуылшысы Әлібек Бөлешовтің де туған күні болатын. Алматының танымал бір мейрамханасында бас қосқан қос туған күн иесі мен олардың достары отырыстан соң үйлеріне тарай бастайды. Достарынан қалыс қалған Дмитрий мейрамхананың көрші бөлмесінде орын алған төбелеске араласып, сол жерде бұзақылардың бірі оның дәл жүрегіне пышақ сұғады. Төбелесті ажыратуға барған тағы бір футболшы Ерлан Жауғашов та сол жерде жарақат алады. Қаладағы ауруханалардың біріне тез арада жеткізіліп, дәрігерлер оның өмірін сақтап қалғанымен, екі айын аурухана палатасында өткізуге мәжбүр болды.
Тағдырдың бұл соққысынан есін әзер жинап, жекеше түрде жаттығуларын жасай бастаған ол бірнеше айдан соң футбол алаңына қайта оралды. Бірақ тек әуесқой деңгейде. Кейіннен үлкен футболға да оралу туралы шешім қабылдайды. Алдымен Қарағандының «Шахтерінде» тәуір өнер көрсетті. Сол кезде кеншілердің бас бапкері Вахид Масудов болатын. Диманың өмірінде елеулі рөл атқаратын бұл бапкердің футболшыға көп көмегі тиеді. Ал келесі жылы ел біріншілігін «Астана» сапында бастайды. Сол тұста команданың бас бапкері Арно Пайперс ұлттық құраманың да тізгінін ұстап жүрген. Клубта табысты өнер көрсетіп жүрген футболшысын Арно ұлттық құрамаға да шақыра бастайды. Осы жылы елордалықтар қарқыны қатты «Ақтөбені» басып озып, ел чемпионы атанды. Бұл Бяковтің Қазақстан чемпионатындағы алғашқы және соңғы «алтыны» болды. Пайперс келесі жылы «Алматы» командасының бас бапкері болып ауысқанда Диманы да өзімен бірге ала кетеді. «Алматыда» бір жылын өткізгеннен кейін 2008 жылдың қаңтар айында ресейлік «Сатурн» командасына шақырылады. Бұл кезде команданың бас бапкері Гаджи Гаджиев Диманы бұрыннан танитын. Бұлай дейтініміз, бір кездері «Анжи» клубына да осы бапкер шақырған болатын. Бірақ « Сатурнмен» келісімшарт сәтсіз аяқталып, «Астанаға» оралады. Кейіннен «Шахтер», «Жетісу» командаларында өнер көрсетті. Ал футболдағы карьерасын Талдықорғанда аяқтады.
Жарқыраған жұлдызды сәті
Ұлттық құрама сапында алғаш 2000 жылы Сауд Арабиясына қарсы жолдастық кездесуде әріптесі Владимир Нидергаустың орнына алаңға шықты. 2006 жылы Еуро-2008 іріктеу раунды аясында Бакуде өткен Әзірбайжан құрамасына қарсы кездесуде бірінші голын соқты. Бұл гол Қазақстанның Еуропа чемпионатының іріктеу раундындағы тұңғыш голы. Сол сында Бяков Португалия, Польша, Финляндия, Бельгия, Әзірбайжан құрамаларына бес доп соқты. Осы соққан голдарының арқасында турнирде Криштиану Роналду, Эузебиуш Смолярек, Никола Жигич сияқты мергендермен бірге турнирдің ең үздік сұрмергендерінің қатарынан көрінді. Жалпы, ұлттық құрамасы сапында 2000-2008 жылдары аралығында 33 ойында 8 гол соққан.
Дмитрий Бяков қазақ футболына өз есімін жазып қалдырды. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Ол алаңда ғана емес, сыртында да талай елдің аузында болған ойыншы. Казиноға ұтылған мерседес көлігі, Дубайдағы түрмеде отыруы сияқты әңгімелері өте көп.