Вернуться к списку статей

Жаңа жылға 20 минут қалғанда тоқтаған жүрек

Бокс
96

Қазақтың бокс әлемінде құйрықты жұлдыздай жарқылдап, небәрі 20 жасында Олимпиаданың алтынын алған Бекзат Саттарханов 2000 жылы 31 желтоқсанда көлік апатынан қайғылы жағдайда қаза тапқан болатын. Ол жаңа жылға 20 минут қалғанда дүниеден өтті. Биыл өмірден өткенін 23 жыл толды.

Бекзат Сейілханұлы Саттарханов 1980 жылы 4 сәуірде Түркістан қаласында дәрігерлердің отбасында дүниеге келген. Бекзат дүниеге келгенде әкесі Сейілхан теміржол вокзалындағы дәрігерлік пунктте фельдшер, анасы Сырлыкүл теміржолшылар ауруханасында мейірбике болып қызмет істейтін.Бекзат отбасындағы төрт ұлдың кенжесі.

Ол дүниеге келген 1980 жылы әлемнің ең үздік спортшылары Мәскеу Олимпиадасына дайындалып жатқан болатын. Енді бір жиырма жылдан соң сол додаға Бекзаттың да бел шешіп араласатынын ол кезде кім болжапты. Қарт Мәскеу, қызыл Москва сол күндері Олимпиада ойындарына дайындық үстіндегі қызу қарбаласта еді. Жүзден озған жүйріктер сынға түсті Мәскеуда бақ сынасып жатқан сол шақта, енді бір жиырма жылдан соң қазақтың абыройын аспандатар батыр ұл қазақы тал бесікте тербеліп жатқан-ды. Мәскеудегі Серік ағасының күмісін 20 жылдан соң, алтынға айырбастайтын дәл осы Бекзат болатынын ол кезде кім білген?

Алғаш Бекзатты бокс үйірмесіне, 1995 жылы әкесі Сейілхан ертіп барады. Баласының бойындағы ерекше қабілетті байқаған әке Нұрлан Жұмабаев деген бапкердің қолына тапсырады. Міне, бүл күн Бекзаттың үлкен спорттық ғүмырының басталған күні еді.

Бекзат бокс үйірмесіне қатысқаннан соң бірнеше айдан кейін оның жеңістерден жеңістерге жалғасқан спорттық жолы басталды. 1996 жылы Германияда, Финляндияда, Қарағанды қаласында өткен Халықаралық турнирлерден олжалы оралды. Осыдан соң, жас Бекзатты Шымкенттегі жас спортшыларды тәрбиелейтін мектеп-интернатқа шақырды. Талантты жасқа спортпен түбегейлі айналысудың жолы ашылды. Бұл мектепте белгілі бапкер Анотолий Петрович Визирякиннің қол астында жаттықты. Азғантай уақыттың ішінде толағай жеңістерімен қуанта бастайды. Алдымен 1998 жылы жасөпірімдер арасындағы Азия біріншілігінде күміс жүлдемен оралады. Бұл жетістігін сол жылы өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында да қайталайды. Бірте-бірте сол кездегі ұлттық құраманың бас бапкері Тұрсынғали Еділовтің көзіне түскен Саттарханов 1999 жылы Азияны бағындырды.

Тұңғыш рет Аустралияда өткен Олимпиада ойындарында көпшілік жұрт Болат Жұмаділов, Ермахан Ыбырайымов, Мұхтархан Ділдәбеков бастаған тәжірибелі боксшыларға сенім артқан еді. Осылардың арасында жас Бекзатқа көңіл аударып, қатты елей қоймады.

Ол шаршы алаңға Олимпиада жарысының үшінші күні шықты. Оның қарсыласы Бобирнат Овидиу, румын боксшысы. Бекзат Олимпиададағы алғашқы жекпе-жегін батыл, тәжірибелі боксшыдай жігерлі бастады. Бірінші раундта румынның жұдырығы ауаны осқылаумен болды. Бірінші раундта Бекзат 4:0 есебімен алда тұрды. Екінші раундта да Бекзаттың басымдылығы айқын аңғарылып тұрды. Румын жігіті әрең дегенде, екі ұпай жинады. Есеп – 8:2. Қалған екі кезеңде де Бекзат қарқынынан танбады. Сәл шаршап қалды ма, әлде толқыныстың әсері ме, тек жекпе-жек соңында қарқыны бәсеңдеді. Жеңіс талассыз Бекзатқа берілді. Есеп те жас боксшының айқын басымдылығын аңғартқандай – 14:5. Бекзаттың келесі «құрбаны» – оңтүстікафрикалық Д. Матебула болды. Оны да атойлап жүріп, айқын басымдықпен ұтып тастады.

12855

Сол жолы түркістандық жас боксшыға қатты қарсылық көрсеткен түрік боксшысы-Рамазан Палиаги болды. Түрік боксшысы Рамазан Палианиді Олимпиаданың алдында чемпиондық таққа мінгізіп қойғандарда табылған. Соңғы секундтарға дейін есеп 11:11 болып тұрған еді. Бокста жекпе-жекті тең есеппен аяқтау өте қауіпті. Себебі, «техникалық басымдық» деп жеңісті қарсыласыңа бере салуы әбден мүмкін. Жан алысып, жан берісіп жатқан Бекзат ол жағын ойлап та жатпаған болар, иектің астынан сұмдық соққы беріп, есепті 12:11 -ге жеткізіп, алға шықты! Міне, керемет Саттарханов жартылай финалда.

Жартылай финал! Ғаламат әсер. Бекзат сол таудың биігінде тұр. Әрине, Олимп шыңын бағындыру әлі ерте. Ол үшін қалған екі жекпе-жекте жеңіске жету керек. Ондай жетістікке мықтының мықтысы ғана шығады. Жартылай финалдағв марокколық Тахар Тамсамани. Бұлшық еті көрген жұртты сүйсіндіретіндей, нағыз қара маржан. Алғашқы раундта Бекзатымыз ұтылып тұрды. Бірақ, одан соң, есеп теңескен тұста жерлесіміз қара үзіп кетті. Арай есеп Саттархановтың пайдасына шешіле бастады. Қорытынды есеп – 22:10. Осылайша, мароккалықты жер жастандырып тастады. Бекзат финалда!

Ақтық сындағы қарсыласы – Атланта Олимпиадасының чемпионы тайландтық С.Кампсингті жолдан тайдырған, бір жыл бұрын әлем чемпоны атанған америкалық Рикардо Хуарес.

Хуарес финалда қанша кескілескенімен Бекзатқа шамасы жетпеді. Жерлесіміз билеп жүріп бокстасып, Рикардоның зығырданын әбден қайнатты да, жүйкесіне ши жүгіртті. Ақыр соғында Рикардо да қалжырап бітті. Төрт раундқа созылған жекпе-жек 22:14 есебімен Саттархановтың пайдасына шешілді. Бекзат Олимпиада чемпионы! Бұл жүрек жағымды естілетін керемет сөз. Халқының қуаныш, бағына туған дара Бекзат елінің туын аспанға көтеріп, әнұранын орындатып, бүкіл әлемге Қазақстан Республикасын, қазақ ұлты бар екенін паш етті! Абай айтпақшы: «атаңның емес, адамның баласы» бол деген сөзді 20 жасында дәлелдеп берді.

Қазақ жастарының арасынан шыққан бокстан тұңғыш Олимпиада чемпионының оқыс өлімі жол апаты дегенімен сол күйі құпия қалды. Жаңа Жыл түнінде онымен бірге сапарлас, көліктес болған екі жігіттің денесіне бір де бір сызат түспеуі де бір түрлі күдік тудыратындай көрінеді тұрады.

Осы орайда, Несіп Жүнісбаевтың пікіріне құлақ түрсек, «Олимпиададан қайтқан соң Бекзат үш ай аттан түскен жоқ. Аузы астан, құлағы мақтау мен мадақтаудан сарсылды. Ас та төк сый-сияпаттан аяқ қана емес, көз де сүрінді. Ұйқысы қанып жатпады, шөлі қанып ішпеді, ойы қанып ойланбады. Ойландырмады. «Қой, болды, тоқтат!" дейтін жан, «сап-сап батыр, сап батыр" дейтін жанашыр болмады...» Шексіз-шетсіз мадақтау жарға жығатынын, шексіз-шетсіз таңдану, сұқтану өлтіріп жіберетінін қазақтан артық қай халық білуші еді?!»

Бекзатқа дейін бокс бойынша қазақ жігіттерінен Олимпиадада алтын алған ешкім болмады. Күміс, қола иелері баршылық, алайда, өзімізге ыңғайлы, қолбала саналатын осы бір жекпе-жек түрінен алтын жүлде керек-ақ еді. Сиднейден алдындағы Олимпиадаларда Серік Қонақбаев, Болат Жұмаділов, Ермахан Ыбырайымов, Болат Ниязымбетов жеңістің шыңына бір-екі қадам қалғанда ғана есе жіберіп жатты. Біздің қарагөздерге Олимпиада ойындарында бұйыратын алтын жүлде рингке Бекзаттың шығуын күтіп тұрды ма деп ойлайсың кейде. Себебі, Бекзаттан соң біздің қазақ боксшылары Олимпиадалардың ешқайсысынан жүлдесіз қайтпай келеді, Ермахан, Бақтияр, Бақыт, Серіктердің жетістіктері осыған дәлел!



Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика