Cәуір – чемпиондар айы. Өйткені осы айда дүниеге келген қазақ спортшыларын санамалап көрсеңіз көзіңіз толық жетеді.
Спорт-шежірені ақтарып отырып, мына бір қызыққа куә болғаным бар. Тәуелсіздік алған 31 жылдың ішінде 16 Олимпиада чемпионы бар екен. Соның ішінде үш чемпион бір күнде дүниеге келген. Мұндай да қызық болады.
Барлығынан басынан тарқатып айтсақ. 1996 жылы Қазақстан ең алғаш рет қатысқан жазғы Олимпиада ойындарында боксшы Василий Жировке 81 килода тең келер ешкім болмады. «Балқаштың жолбарысы» сол жылы үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогын да еншіледі. Жиров 1974 жылы 4 сәуірде дүниеге келген.
Арада 4 жыл өткенде Жировтан кейін бокстан екінші алтынды түркістандық жас қыран Бекзат Саттарханов сыйлады. Марқұм Бекзат та 4 сәуір (1980 жылғы) күні дүние есігін ашқан екен. Ал 2016 жылы Бразилия жерінде ешкім күтпеген жерден суда жүзуден 200 метр қашықтықта чемпион атанған Дмитрий Баландин де Василий мен Бекзат секілді сәуір айының төртінші жұлдызында өмірге келіпті.
Бір күнде үш чемпионның өмірге келуі сирек құбылыс деп бағалауға болады.
Жалпы, сәуір айында мына спортшылар дүниеге келген:
1 сәуір - Жәнібек Әлімханұлы әуесқой және кәсіпқой бокстан әлем чемпионы.
4 сәуір - Василий Жиров, марқұм Бекзат Саттарханов және Дмитрий Баландин.
5 сәуір Наталья Рагозинаның туған күні. Әйелдер арасында кәсіпқой бокстан ешқашан жеңілмеген қайсар қыз.
8 сәуірде сүйікті боксшымыз Геннадий Головкин дүниеге келген.
10 сәуірде грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев өмір есігін ашқан. Ол биыл 40 жасқа толды.
15 сәуірде еркін күрестен КСРО халықтары спартакиадасының және КСРО чемпионы (1963 ж.), КСРО Кубогының иегері (1970 ж.) Әбілсейіт Айханов дүниеге келген.
19 сәуірде қазақ боксының қара нары Әбдісалан Нұрмаханов дүниеге келген.
22 сәуірде Атланта және Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы Болат Жұмаділов дүние есігін ашқан.