Вернуться к списку статей

Ролан Гаррос-2024: Ел үміті тек Еленада ғана

Теннис
7K
Бұл күндері Франция астанасы – Парижде теннистен дәстүрлі «Ролан Гаррос» турнирі өтіп жатқаны белгілі. Бұл – бір жыл бедерінде өтетін төрт «Үлкен дулыға» жарысының екіншісі. Биыл Олимпиада астанасы атанатын Париждегі халықаралық додада төрт отандасымыз өнер көрсеткен болатын. Өкінішке қарай, жарыстың екінші айналымынан кейін үш теннисшіміз жеңіліске ұшырап, турнирден шығып қалды. Тек әйелдер арасындағы еліміздің бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина ғана жеңіске жетіп, жарыстың үшінші кезеңіне жолдама алды.
 
2022 жылғы «Уимблдон» додасының жеңімпазы Елена Рыбакина «Ролан Гаррос» турнирінің алғашқы айналымында дүниежүзілік рейтингіде 85-орында тұрған бельгиялық Гретье Минненмен шеберлік байқасты. Осыған дейін қарсыластар өзара екі рет кездесіп, екеуінде де Рыбакина жеңген еді.

Бұл жолғы бәсекеде де Елена қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Екі сетке жалғасқан матчта отандасымыз 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Бір сағаттан сәл аса уақытқа созылған кездесуде Рыбакина 5 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың алтауын пайдалана алды.

Ал екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 50-орында тұрған Нидерланд өкілі Аранча Руспен кездесті. Екі теннисші бұған дейін кортта екі мәрте кездесіп, қарсыластар бір-бір бәсекеде жеңіске жеткен. Рыбакина мен Рус арасындағы үшінші ойында отандасымыздың мерейі үстем болды. Рыбакина бірінші партияда 6:3 есебімен басым түссе, екінші сетте Рус 4:2 боп алға кеткенімен, Елена камбэк жасап, ойынды 6:4 есебімен аяқтады.

Елена турнирдің төртінші айналымына шығу үшін әлемнің 27-ракеткасы бельгиялық Элизе Мертенспен ойнайды. Бельгиялық теннисші екінші раундта WTA жарыстарының екі дүркін жеңімпазы хорватиялық Петра Мартичпен кездесіп, 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Мертенс пен Мартич кортта 1 сағат 28 минут ойнап, матч барысында бельгиялық теннисші 3 эйс жасап, 5 қос қателік жіберді. Ал хорватиялық екі рет эйс жасап, 4 мәрте қос қателік жасады.

Елена бұған дейін жұптық сындағы «Үлкен дулыға» санатының төрт дүркін жеңімпазы, әлемнің экс-бірінші ракеткасы Элизе Мертенспен бес мәрте кездесіп, соның төртеуінде жеңіске жеткен. Тек 2021 жылы Мадридте өткен жарыста ғана жеңіліп қалған. Екі теннисші соңғы рет жыл басында Аустралиядағы Брисбен турнирінде кездесіп, 6:1, 6:0 есебімен айқын жеңіске жеткен еді.

Ерлер арасындағы Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ші ракеткасы Александр Бублик биыл да «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымынан әрі қарай өте алмады. 1/32 финалда Бублик әлемдік рейтингте 41-орында тұрған германиялық Яну-Леннарду Штрафуға жол берді. 26 жастағы Бублик пен 34 жастағы Штрафу арасындағы матчта екінші теннисші – 2:6, 2:6, 3:6 есебімен жеңіске жетті. Үш сетке жалғасқан матч небәрі 1 сағат 17 минутқа созылды.

Осы уақыт ішінде Александр 11 эйс жасап, жеті рет қос қателік жасады. Екі теннисші осымен бес рет кездесіп, Штрафу 4:1 есебімен алға шықты. Бір айта кетерлігі, Бублик өзінің мансабында бірде-бір рет Париждегі турнирдің екінші айналымынан өте алмаған. Ал Штрафу үшінші айналымда аустралиялық Алекс де Минормен (№11) ойнайды.

Әйелдер арасындағы Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева да Париждегі Франция ашық чемпионатының (Ролан Гаррос) үшінші айналымына шыға алмады. Отандасымыз екінші айналымда әлемнің бұрынғы екінші ракеткасы, қазіргі таңда WTA рейтингінде 139-орында тұрған Испания өкілі Паула Бадосамен кездесіп, рейтингте өзінен 100 орын төмен тұрған теннисшіден ұтылып қалды. Путинцева бірінші сетте 6:4 есебімен алға шықса, кейінгі екі сетте Бадоса 6:1, 7:5 есебімен таразы басын өзіне аударып, жарыстың келесі кезеңіне өтті. Паула Бадоса келесі айналымда әлемнің екінші ракеткасы Арина Соболенкомен (Беларус) ойнайды.

Ал жуырда ғана Қазақстан азаматтығын алып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген Александр Шевченко да «Ролан Гарросты» екінші кезеңнен аяқтауға мәжбүр болды. Екінші кезеңде ол жарыс қожайыны франциялық Корентен Мутеден өте алмады.

Әлемдік рейтингте 59-орынға жайғасқан 23 жастағы қазақстандық теннисші Корентеннен төрт сетте 4:6, 2:6, 6:0, 3:6 есебімен жеңілді. Муте мен Шевченко арасындағы жеке кездесу бойынша франциялық теннисші 2:0 есебімен алға шықты.

Шевченко қатарынан екінші жыл қатарынан Ролан Гарростың екінші раундынан кері қайтса, Муте 2019 жылдан кейін алғаш рет аталған турнирдің үшінші айналымына шығып отыр.
Яндекс.Метрика