«Атырау» - «Шахтер» - 1:0
Гол: Николай Сигневич, 27 (1:0),,
Алаңнан қуылған: Лионель Адамс, 85 минут («Шахтер»)
Жергілікті «Атырау» клубы 2 айдан бері қарсыластарын жеңе алмай, турнир кестесінің ортасына түсіп кеткен еді. Оның үстіне арттағы қарсыластар да өкшелеп қуып келеді. Сондықтан алаң иелері 3 ұпай алу үшін жанын салатындығы түсінікті еді. Қонақтар аутсайдер болғанымен, трансфер кезеңінде біршама құрамын жаңартып, жоғарғы лигада қалуға тырмысуда. Алайда әзірше барлық амалдары сәтсіз. Қос командаға да 3 ұпай қажет болса да, алғашқы соққыны тек 20-шы минутта ғана көре алдық. Ал 27-ші минутта ұйымдастырылған сирек шабуылдардың бірін Николай Сигневич голға айналдырып кетті. Екінші таймда қарағандылықтар қосалқы құрамнан ойыншыларды шығарып, есепті теңестіруге барын салды. Әсіресе Айбар Абдулла алаңға шыға салып, қауіпті соққы жасай білді. Қалған уақытта гол соғатындай мүмкіндіктер туындамағанымен, «кеншілер» жеңілістен құтылу үшін қолдан келгенше барын салды. Тіпті 85-ші минутта дебютті ойынын өткізген Лионель Адамс алаңнан қуылып кетсе де, қонақтар үміттерін үзбеді. Бірақ табло өзгеріссіз қалды.
«Елімай» - «Қызылжар» - 2:1
Голдар: Лука Имнадзе, 44 (0:1). Иван Свиридов, 52 (1:1). Роман Мұртазаев, 76 (2:1).
Өз жанкүйерлерінің алдында барынша алдыңғы шепте ойнауға тырысатын «Елімай» бірінші таймда 10 бірдей соққы жасады. Алайда «Қызылжар» футболшылары алғашқы 45 минутта жасаған 1 ғана дәл соққысы үзіліске есеп басымдығымен кетуге жеткілікті болды. Үзілістен кейін Андрей Карпович бірден өзгеріс енгізіп, жасыл алаңға жергілікті жанкүйерлердің сүйікті футболшысына айналған Жан Али Пайруз бен Иван Свиридовты шығарды. Өзгеріс ұзақ күттірмеді. 52-ші минутта-ақ Жан Али Пайруз оң қапталдан суырылып шығып, Иван Свиридовқа нәтижелі пас шығарды. Шабуылшының тепкен добы «Қызылжар» футболшысының аяғына тиіп, рикошетпен голға айналды. Одан кейін де қос команда жеңіс үшін аянып қалмады. Бірінші таймда көзге түскен Лука Имнадзе тағы да алыстан қауіпті соққы жасаса, Иван Березкин айып алаңының ішінде дәлдік жетіспеді. Ал алаң иелері сапынан Жан Али Пайрузды ешкім тұсап ұстай алмады. Дриблингімен көзге түскен ойыншы өзі де гол соғатын мүмкіндікке ие болды. Ал 76-шы минутта ол тағы да оң қапталдан нәтижелі пас асырып берді. Есеп: 2:1. Соңғы минутта «Қызылжар» қорғаушысы Артём Литвяков өз клубын жеңілістен құтқарып қала жаздады. Тек оның бағыттаған добы қақпа бағанынан қайтты.
«Қайсар» - «Жетісу» - 0:0
Қызылордадағы матчта «Қайсар» фаворит болғанымен, екінші нөмірлі командалармен ойнау қиынға соғады. Оған осы маусымда «Тұран», «Жеңіс» клубтарына қарсы матчтар дәлел. Сонымен қатар «Жетісу» ұжымы да құрамы нашарлап қалғандықтан, шабуылға шығу өте қиын болатын. Салдарынан бірінші тайм оқиғаларға өте аз болды. Тек 40 минуттан кейін ғана қос тарап қауіпті 1 соққымен алмасты. Екінші таймда «Қайсар» айтарлықтай басымдыққа ие болмаса да, бірнеше мәрте өткір шабуылдар ұйымдастыра білді. Әсіресе 64-ші минутта Қуаныш Қалмұратовтың соққысы голға айналып кете жаздады. Тек соңғы сәтте ғана Дінмұхамед Қараман допты қақпа сызығынан алып шықты. Қызылордалықтар жалпы 90 минутта 13 соққы жасағанымен, дәл соққылар өте аз болды. Есеп: 0:0.
«Қайрат» - «Тобыл» - 2:2
Голдар: Жоао Пауло, 20 (1:0). Ахмед Эль-Мессауди, 54 (1:1). Давид Энен, 73 (1:2). Андрей Ульшин, 90+7 (2:2).
Алматыдағы матчтың құны қос ұжым үшін де жоғары болды. «Қайрат» жеңіске жеткен жағдайда турнир кестесіндегі көшбасшы орынын сақтап қалса, «Тобылдың» жағдайы мүлдем мүшкіл болатын. Себебі, қостанайлықтар жыл сайын дәстүрлі түрде еурокубокта өнер көрсетіп жүрген еді. Биыл кубоктағы сәтсіздік оларды чемпионатта жоғары ұмтылуға мәжбүрлейді. Сонымен қатар трансферлік кезеңде құрамдарын күшейткен «Тобыл» клубы жүлделі орындарға таласуға күштері де жетеді. Алғашқы минутта қонақтар басымдыққа ие болғанымен, есепті алаң иелері ашып кетті. Георги Зарияның алаң ортасынан керемет асырылған пасын Жоао Пауло сәтті пайдаланды. Екінші таймда «Тобыл» клубының керемет комбинациялары айтарлық қауіп төндірді. Өкшемен берілген күтпеген пастарға «Қайрат» футболшылары мен қақпашысы дайын болмады. Нәтижесінде Ахмед Эль-Мессауди мен қосалқы құрамнан шыққан Давид Энен есепті теңестіріп қана қоймай, есепте алға шықты. Ол тек гол соғып қана қоймай, прессингте де «Қайрат» ойыншыларының мазасын алды. Тіпті «Тобылдың» есепті арттыратын мүмкіндігі де болған еді. Алайда алаң иелерінің қақпашысы командасын үшінші голдан сақтап қалды. Осылайша, қонақтар екінші мәрте қонақта 3 ұпай алуға өте жақын болып еді. Тек «Қайраттың» соңғы секундтағы айып добын Андрей Ульшин асқан шеберлікпен орындап, жеңілістен құтқарып қалды.
«Ордабасы» - «Ақтөбе» - 1:1
Голдар: Хосе Севальос, 13 (0:1). Шахбоз Умаров, 72 (1:1)
Алматыдағы кездесу тең есеппен аяқталған соң, «Ордабасы» мен «Ақтөбенің» көш басына шығатын керемет мүмкіндіктері болды. Алайда ол үшін қос командаға да 3 ұпай қажет еді. Одан бөлек, кездесудің нәтижесі чемпиондыққа да тікелей