Вернуться к списку статей

Әлемдік аренада кезекті рет екі қазақ боксшысы жұдырықтасады

Бокс
4K

Бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде екі қазақ боксшысы жұдырықтасатын болды.

Нақтырақ айтсақ, 10 наурыз күні Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2021 жылғы әлем чемпионы Сәкен Бибосынов Бахрейн атынан сынға түсіп жатқан қазақ жігіті Азат Махметовпен кездеседі.

Сәкен Италияда екі жекпе-жек өткізіп үлгерді. 51 келіде бақ сынап жатқан отандасымыз гонконгтық Каннет Чун Хим Танның осал тұсын тапты. Бұл жекпе-жек қазақ боксшысының техникалық нокаутымен аяқталды.Төреші кездесу барысында қарсыласына үш рет есеп ашты. Үшіншісінде рефери кездесуді тоқтатты.

Ал екінші жекпе-жегінде кениялық Каранджа Давид Мачарианы жеңді.

Енді үшінші айналымда оны тәжірибелі Азат Махметов күтіп тұр. Ол Бахрейн намысын 2022 жылдан бері қорғап жүр. Сол кезде Азаттың бұл шешімін ағасы, елімізге белгілі спорт менеджері Айдар Махметов былай түсіндірген еді.

«Бауырым Азат Махметов биылдан бастап Бахрейн атынан сынға түседі. Ол бүгінге дейін аталған мемлекет үшін екі алтын алып үлгерді. Жекелеген спорт түрлері кей кезде өте қатал. Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында елдің атынан бір ғана спортшы сынға түсе алады. Мәселен, атағы алысқа кеткен Александр Карелин тұтастай балуандар буынының жолын кесті деп айтады. Өйткені, ол спорттық мансабы аяқталғанша бірде бір ел чемпионатынан сырт қалмай, бәрінде жеңіске жетіп отырған. Бокстан Қазақстан командасында да бәсекелестік өте жоғары. Кейбір салмақтарда бәсекелестіктің мықтылығы сонша, кез келген спортшы Олимпиада немесе әлем чемпионатына бара алмайды. 31 жастағы Азат үшін 51 келіде ел құрамасында сынға түу ауыр, өйткені, бұл салмақта сөзсіз көшбасшы бар. Ал кәсіби боксқа ауысу үшін інімнің жасы келіп қалды. Сондықтан оның әуесқой бокстағы мансабын одан әрі созып, Бахрейннен келген ұсынысты қабылдауда жөн көрдік. Түсіністік танытқан Қазақстан бокс федерациясына рахмет», - деп жазды Айдар Махметов.

Еске сала кетейік, Азат Махметов Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы мүшесі, екі дүркін ел чемпионы. «Астана арландары» сапында өнер көрсеткен.

Жалпы, бокстан әлемдік аренада екі қазақ жігітінің екі елдің атынан қатысып, бір-бірімен кездескендері бірінші рет емес. Бірақ Қазақстанда туған екі қазақ боксшының шаршы алаңда екі елдің атынан сынға түсуі алғаш рет болмақ.

Әйтпесе, Қанат Ислам (Қытай) мен Бақыт Сәрсекбаев, Нұрбек Оралбай Тоқтарбек Таңатқан (Қытай), Айбек Оралбай мен Мадияр Саидрахимов (Өзбекстан) жекпе-жектері көпшілікке жақсы таныс.

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика