Вернуться к списку статей

«Классиктердің» алғашқы жарыс күні. Қазақстан бір күміс, бір қола, қырғыздар екі алтын алды

Азиада-2023
410
©Тұрар ҚАЗАНҒАПОВ

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында бүгін грек-рим күресінен жарыстар басталды. Алғашқы күні төрт салмақ бойынша жүлделер сарапқа салынды.

Қазақстан намысын 60 келіде Айдос Сұлтанғали, 67 келіде Мейіржан Шермаханбет, 77 келіде Азат Садықов, 87 келіде Мақсат Сайлау қорғады.

Осылардың арасында финалға 67 келідегі Мейіржан Шермаханбет ғана жете алды. Бұл спортшы көптен бері жарыстарға шыға алмай жүрген болатын. Оған себеп біреу - былтыр Үндістанның Дели қаласында операция жасатқан еді. Оған командамен баскетбол ойнап жүргенде көзіне байқаусызда басқа ойыншының қолы кіріп кеткен. Осының салдарынан, спортшының көзінің көруі нашарлаған.

Денсаулығы енді дұрыстала келе жатқан спортшы биылғы жылдың ең басты жарысында финалға дейін жетті. Тек шешуші кезеңде жапониялық Кацуаки Эндоға есе жіберді. Негізі чемпион атануға мүмкіндігі болған. Есепті 3:4-ке дейін қысқартқан. Егер соңғы әдісті жасап үлгергенде жеңіске Мейіржанға бұйырар еді. Бірақ амал жоқ күмісті қанағат тұтты.

Отандасымыз Азия ойындарында әсіресе жартылай финалда жанкештілік танытты. Иран балуаны Саед Сохрабимен кездесуде 2:9 есебімен жеңіліп жатып, қарсыласының қос жауырынын жерге тигізді. Оған дейін Таиланд пен Қытай спортшыларынан басым түскен. Жеке бапкері Нұрым Дүйсеновтің айтуынша, қытайлық биыл кубалық әлем чемпионын жеңіп, рейтингтік турнирде топ жарған.

Бүгін ерекше сенім артқан балуандардың бірі 60 келідегі Айдос Сұлтанғали еді. Алайда Қызылорда облысының тумасы бесінші орыннан әрі аса алмады. Бастапқы кездесулерде Қытайлық Тайпэй, Иран балуандарын жеңген. Бірақ жартылай финалда жапон спортшысына, қола жүлде үшін тартыста Солтүстік Корея балуаны Ри Се-унгке есе жіберді.

Осы салмақта қырғыз балуаны Жоламан Шаршенбековке топ жарды. Біздің Сұлтанғалидың жауырынын жер иіскеткен жапонның финалда Жоламанға шамасы жетеді.

Қырғыз жігіті 10 күн бұрын Белградта әлем чемпионы атанған. Жарыстан кейін спортшымен сөйлескенімізде 8 келіге дейін салмақ қуатынын айтып қалды. Соған қарамастан аз уақыттың ішінде екі ірі додада топ жарып отыр.

Келесі жүлдеміз қола болды. Оған 77 келідегі Азат Садықов қол жеткізді. Ресейде дүниеге келген Азат Хуанчжоу боз кілемінде Кодай Сакураба (Жапония) мен Висит Тамвиратты (Таиланд) еш қиындықсыз жеңген. Бірақ жартылай финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2 дүркін әлем чемпионы Ақжол Махмұдовқа шамасы жетпеді. Қарсыласы 9:0 есебімен ұтты.

Ал қола жүлде үшін қарсыласы Софак Ке жарақатына байланысты белдесуден бас тартты. Сөйтіп, қола жүлде Садықовқа бұйырды. Бұл салмақта алтын жүлде Ақжол Махмұдовқа бұйырды.

Соңғы болып үшінші орын Мақсат Сайлау (87 келі) таласқан. Бірақ үшінші орын үшін бәсекеде көңіл күйі болмады ма Мақсат күшін салып, күресе қоймады. Жапон Масато Сумиге жеңісті оңай бере салды.

Сөйтіп, күрестің алғашқы жарыс күнін бір күнін бір күміс, бір қоламен аяқтадық. Көрші қырғыз екі алтын, бір қола жеңгенде қарап тұрып қызығудан басқа амалымыз қалмады...

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика